• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Желтоқсан, 2020

Жағдай жасалса, дәрігер жұмысы жақсарады

329 рет
көрсетілді

Биыл Алматы облысында құрылысы аяқталып, жаңадан іске қосылатын медицина мекемесі ғимарттарының саны он сегізге жетпекші. Ал тағы екі нысанның 2 нысанның құрылысы жаңа жылда аяқталмақ, деп хабарлайды Egemen.kz

Жалпы, өңірдегі денсаулық сақтау қызметінің сапасын артыру мақсатында қолға алынған іске «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде  3,4 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға облыстың 10 ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Ал шалғай ауылдардағы медицина мекемелерінің ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, жаңадан салынуы басы ауырып, балтыры сыздаған жұрттың сапалы ем алуына себепші болатыны анық. Ал аудан орталығындағы ауруханалар мен перзентханалардың заман талабына сай жабдықталып, қолданысқа берілуі тұрғындардың шынайы алғысына лайық іс болып тұр. Мәселен, жақында Жамбыл ауданында 100 орындық жаңа перзентхана ашылды. Ғимаратың құрылысына бюджеттен 4,9 млрд теңге жұмсалған. Жалпы аудан орталығы Ұзынағаш ауылында жылына 5 мыңға жуық нәресте дүние есігін ашады екен. Бұған дейін 50 орындық ескі ғимаратта жұмыс істеген дәрігерлер дән риза. Өйткені, жаңа перзентханда ана мен балаға қажетті нәрсенің бәрі бар. Енді бұл нысанда жүкті жəне босанған əйелдерге, жаңа туған сəбилерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетіліп, патологиялық жағдайларды диагностикалау, акушерлік-гинекологиялық кеңестер беру қызметтері көрсетіледі. Ғимараттың іші жұқпалы індет кезінде өзекті саналатын антибактериалды фильтрлермен де жабдықталған, қажетті климаттық бақылау және желдеткіш құралдарға қосылған.

- Былтыр біздің ауданда 4600 бала өмірге келді. Биыл сәбилер саны 5 мыңға жетеді деген болжам бар. Жаңа перзентхананың ашылуы дәрігерлердің жұмысын жақсартып, ана мен бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді деген ойдамын. Себебі, қазір перзентханада 12 кувез аппараты, 24 фототерапия аппараты, 8 өкпені жасанды желдету аппараты бар, басқа да барлық қажетті құрал-жабдықтар түгелденді.  Бұрын мұнда 48 қызметкер болса, қазір мамандар саны 119 қызметкерге жетті, дейді Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Дамир Сұраужанов.

Сондай-ақ, денсаулық күзетіндегі сапалы жұмысқа қол жеткізу құрметіне Еңбекшіқазақ ауданының екі бірдей ауылының тұрғындары да ие болды. Осы аудандағы Көктөбе ауылы мен Қорам ауылында дәрігерлік амбултория ғимараты ашылды.

- Көктөбе ауылдық округінде есігін ашқан дәрігерлік амбулатория 50 орынға арналған. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде салынды. Оның құрылысына 279 млн. теңге бөлінген. Бір қабатты ғимаратта қажетті бөлмелердің бәрі бар: тіркеу орны, процедуралық кабинет, екпе бөлмесі, дәрігерлердің кабинеттері, клиникалық және биохимиялық зертханалар және тиісті нормаға сәйкес қарастырылған. Дәрігерлердің жұмыс істеуіне де, қаралушыларға да қолайлы жағдай жасалған. Заманауи медициналық мекеме Көктөбе ауылының 5 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін болады, дейді Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев.

Айтпақшы, 2 млн адамға жуық тұрғыны бар өңірде алғашқы медицина көмегін көрсететін шағын емхана мен амбулаторияларға деген сұраныс өте жоғары күйінде қалып отыр. Қазір Алматы облысында 235 дәрігерлік амбулатория, 104 фельдшерлік-акушерлік пункті және 220 медицина бекеті бар екен. Яғни, тұрғындардың 80 пайызға жуығы ауылды мекендейтін аймақ үшін бұл көрсеткіш әлі аз болып тұр.