• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Желтоқсан, 2020

Алексей Цой волонтерлерді марапаттады

261 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы күреске үлес қосқан волонтерлерге алғыс хат табыстады. Волонтерлер жылының жабылуына арналған онлайн марапаттау рәсіміне COVID-19 пандемиясы кезінде дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге көмектескен еріктілер қозғалысының өкілдері, кәсіпкерлер мен медициналық студенттер қатысты.

«Сіздер өте қиын кезде жа­на­шырлық пен қамқорлық таны­тып, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын создыңыздар. Әрбі­ріңіз­ді мақтан тұтамын, игі іс атқарып, жақсы бастама көтер­ген әр қазақстандықпен мақта­на­мыз. Сіздер арнайы уақыт бөліп, дәрі-дәрмек пен тамақ тарат­тыңыздар, ауруханаға көмек­те­сіп, науқастарға үміт сыйла­ды­ңыз­дар», деді министр.

Денсаулық сақтау министрі COVID-19-ға қарсы күреске қа­ты­­сып, дәрігерлерге көмек­те­сіп, түскі ас ұйымдастырған, мұқ­таж адамдарды азық-түлік­пен қам­тамасыз еткендердің бар­лы­ғы­на алғысын білдірді. Минис­тр­дің пікірінше, бұл – шына­йы патриотизмнің үлгісі.

«Бүгін Қазақстандағы волонтерлер қозғалысының аз ғана бөлігіне алғыс хат табыс­­таймыз. Егер мүмкіндік болса, мен әр еріктінің қолын алып, алғыс айтар едім. Әрқайсыңызға рақмет», деді ведомство басшысы.

Қоғам қайраткері, «DA-VIN­CI» түзету орталығының же­текшісі және волонтер Меруерт Байзирова министрге қол­­да­уы үшін алғысын білдірді. Каран­тин кезінде ол жетекшілік еткен еріктілер тобы елордалық инфекциялық аурухананың меди­ци­налық қызметкерлеріне тегін тамақ ұйымдастырды, қымбат дәрі-дәрмек сатып алды, дәрі-дәрмек пен ЖҚҚ тасымалдауды ұйымдастырды, медицина қызметкерлерін көлік тасымалымен қамтамасыз етті.

«250 адам бірігіп, отбасыларға көмектесу үшін қаражат жинай бастады. Біздің топ ай сайын 300 мың теңгеден жинап, айына бір науқас балаға көмектесті. Сондай-ақ коронавирустан зардап шеккен дәрігерлерді назардан тыс қалдырмадық», деді Меруерт Байзирова.

Волонтерлер жылына орай және пандемияға қарсы күреске қосқан үлесі үшін 100-ден астам ерік­тіге Денсаулық сақтау минис­трі­нің алғыс хаты табыс­талды.

Олардың ішінде Medsupportkz негізін қалаушы Ақмарал Тұр­сы­нова ақпараттық қолдау ұйым­дастырды, Қазақстан, Еуро­па елдері, АҚШ және Жапо­ниядан келген 100 ғалым мен дәрігердің басын қосты. Medsupportkz порталы COVID-19 бойынша ғылыми жұмыстарды орыс және қазақ тілдеріне аударды, халықтың COVID-19-ға қатысты түрлі сұрақтарына жауап берді.

«Медицина қызметкерлеріне түскі ас» жобасының негізін қалаушы Айсұлу Тұстықбаеваның командасы қайырымдылық концерттер арқылы қаражат жинады, ал жиналған ақшаға кафе мен мейрамханалардан түскі асқа тапсырыс беріп, COVID-19-ға қарсы күреске тікелей тартылған ауруханаларға тамақ жеткізді. «Teaching For Heroes» негізін қалаушы Илья Кан онлайн платформада дәрігерлердің балаларын оқытуға арналған ағылшын тілі сабақтарын ұйымдастырды. «Түскі астың» негізін қалаушы Расима Темірбаеваның командасы қаражат жинап, зейнет­кер­лер­­ді түскі аспен қамтамасыз етті, мұқтаж адамдарға азық-тү­лік сатып алды. «Шұ­ғы­ла» қо­­ғамдық қорының негі­зін қа­лау­шы Мейірхан Әбді­рах­манов еріктілердің 4 мың оттегі концентраторын сатып алу үшін қаражат жинады. Кәсіп­керлер, жанашыр азаматтар мем­лекеттік орган­дар­дың қолда­уымен 450 мил­лион теңге жинады. «Aqjurek-2020» жобасының негізін қа­лаушы Ажар Жандосованың ко­мандасы Covid-19-ға қарсы кү­реске тар­­­­­­­тыл­­ған дәрігерлерге ЖҚҚ, мас­­­ка мен қолғап сатып алу­ға және жеткізуге қаражат жинады. «GREEN AUTOSERVICE» бас директоры Ерлан Нұр­пе­йі­­сов пандемия кезінде екі жеке кли­никаның жұмысын ұйым­дастырды, еріктілердің қыз­метін үйлестірді, жүктерді шо­ғыр­ландырып, дәрілік заттар мен препараттарды таратты, тасымалдады. «ОАД-27» ЖШС директоры Елена Кузнецова екі клиникаға 20 млн теңгеден астам қаржыға жедел дәрі-дәрмек жі­бер­­ді. Қарағанды медициналық жоғары оқу орнының бе­­­сін­ші курс студенті Дарын Әбілжанов КВИ-ге шалдыққан нау­қас­тар­дың үйін аралап, инъек­ция жасады, емдеді және жағ­дайын бақылады. Алматы қо­­­ғамдық бақылау то­бы­ның үй­лестірушісі Саида Тау­ке­лева гу­манитарлық көмек бөліп, дә­­­рі­­­­­хана, медициналық меке­ме­­­лерге мониторинг жүр­гіз­ді және халық арасындағы каран­тин­­­дік шаралардың сақталуын қадағалады.