Қорғаныс министрлігінің әскери-әуе күштері қолбасшысының бұрынғы орынбасары, генерал-майор Асқар Бөлдешов Ақмола гарнизоны әскери сотының үкімімен 8 жыл 6 айға сотталды. Ал оның сыбайласы ретінде айыпталған "RG Trade" компаниясының басшысы Талғат Жұмаханов 6 жылға темір торға қамалды. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
А.Бөлдешов сәуір айында ұсталған болатын. Құзырлы орган авиация генерал-майорына "әскери техникалардың жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны жымқырды және қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айып таққан еді. 8 айға созылған сот процесіне Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы нүкте қойды. Қылмыстық кодекстің 380-бабы 2-бөлімінің «в» тармағы бойынша әскери сот Асқар Бөлдешовті 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы түзеу мекемесінде өтеуге және Қылмыстық кодекстің 50 бабы 2 бөлімі бойынша Асқар Бөлдешовті "авиация генерал-майоры" әскери шенінен және барлық мемлекеттік наградаларынан айыру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс әзірленсін»-деді Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасы Дәулет Молдабаев.
Айыпталушылар Асқар Бөлдешов пен Талғат Жұмаханов сот үкімімен келіспейді. А.Бөлдешовтің айтуынша, бұл шытырман оқиғаның артында тұрған тұлғалар бар. Яғни әлдекімдердің мүдделік танытуымен жүзеге асып отыр. Тіпті ол "лауазымыма көз тіккендер бар" деген болжамын да жасырмады.
Сонымен, әуе әскери генералы "әскери техниканы жөндеу төңірегіндегі алаяқтықтарға қатысы бар" деген айыпты толығымен жоққа шығарып отыр. Айта кетейік, қамауға алынған тұста А.Бөлдешов Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының бас инспекторы қызметіне тағайындалған еді. Ендігі жерде үкіммен келіспеген айыпталушы тарап сотқа қайта шағым түсіруге бекініп отыр.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы