Елімізде марал шаруашылығының іргесі кеңейіп келеді. Ал бұғы баққан шаруалардың дені Шығыс Қазақстан облысында тұрса, енді бұл тізімге Жетісу да қосылды. Жақында Ақсу ауданының Суықсай ауылында марал фермасы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Марал өсіру медициналық туризмді дамытуға жол ашады екен. Қазір бұл кәсіпті тұрақты табыс көзіне айналдырған шығыстық марал өсірушілердің ауылына шетелден арнайы келетін адамдар қатары көбейіпті.
Әсіресе, марал мүйізін кесетін маусымда дертіне дауа іздеген турист легі үзілмейді. Өйткені, марал мүйізінен аққан қанның құрамында 25 түрлі микроэлемент бар көрінеді, оның адам ағзасына тигізетін оң әсері өте жоғары екені де медицинада дәлелденген. Мүйізді буына түсіп, сорпалану кісі бойындағы сүйек, буын ауруларының мыңда бір шипасы екен. Демек, марал шаруашылығын дамытуға деген сұраныстың артатын жөні бар.
Осы мақсат ақсулық кәсіпкерді марал шаруашылығын ашуға итермелепті. Енді «Аршалы тур» серіктестігінің аумағында марал табыны өріп жүретін болады. Суықсай ауылына Шығыс Қазақстан облысынан 23 бас марал жеткізілді. Бұрын-соңды Жетісу топырағына аяқ баспаған жануарлар қазір бейімделуден өтіп, жайылымға шығарылған.
«Бұғы бағу қазаққа таңсық кәсіп болмаса да, бұрын істеп көрмеген адамға қиын тиері анық. Осы кәсіппен айналысуға бел буған соң биыл жазда Катонқарағайға арнайы барып, марал шаруашылығының қыр-сырына қанықтық. Ол жақтағы жігіттерден 10 күн бойы сабақ алып, тәжірибе жинап қайттық. Панта әзірлеуді де үйрендік. Енді Жетісуда да марал санын көбейтіп, панмен емдейтін орталық ашуға ниеттіміз», дейді «Аршалы тур» серіктестігінң басшысы Берік Алдабергенов.