Өзіміз өндірген өнімді өңдеудің маңызы зор. Негізінен ауыл шаруашылығына иек сүйеген өңір өнім өңдеудің ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл қарымды қуат жаман тұмаумен жағаласқан елдің дастарқанының берекесін келтіруге септігін тигізуде.
Биыл облыс диқандары күзгі жиын-терінді ұйымшылдықпен өткізіп, құт қамбаға мол өнім құйып алды. Берекенің үйірілуіне ауыл шаруашылығы техникаларының біршама жақсаруы себеп болып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрі бойынша 5,2 миллион тонна өнім жиналды. Орташа гектар берекесі 11,8 центнерден айналды. Жиналған астық көлемі ішкі қажеттілікті толық көлемде, сондай-ақ, экспорт әлеуетін 2-2,5 миллион тонна деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Астықты өңір үшін ең керегі астық комбайндары. Қоңыр күздегі қарбаласта техника түгел болған жағдайда ғана күзгі жауын-шашынға ұрынбай, орақ науқанын ойдағыдай аяқтай аласың. Қазір Көкшетауда «Kazrost Engineering» компаниясы қарқынды жұмыс істеуде. Өндіріс көлемін арттырып, жылына 800 комбайн құрастырмақ. Жобаға 7,5 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Кәсіпорын «Вектор» және «Acros» тәрізді алымдылығы жоғары астық комбайндарын шығаруда. Бұл комбайндар алқаптарда сындарлы сынақтан өткен техникалар.
– Зауыт жаңа екінші цехтың құрылысы мен өндірісті жаңғырту есебінен көлемді ұлғайтпақ. Бір айта кетерлігі, комбайн құрастыратын қосымша тағы 7 бірдей бекет ұйымдастырылып отыр, – дейді кәсіпорынның бас директоры Дарын Иманмұсаев, – кәсіпорынды жаңғырту уақыттан ұтып, құрастыру жұмыстарын жеңілдетеді.
Жыл басынан бері зауытта 480 астық комбайны құрастырылған. Оның 400-ден астамы диқандардың қолына тиіп, күзгі орақ жұмыстарына қатысты. Қазір бұл техникаларға еліміздің астықты өңірлерінен сұраныс үздіксіз түсіп жатыр. Сөз арасында бір комбайнның құны 50 млн теңгенің шамасында екенін айта кетелік. Шетелдік техникалардан әлдеқайда арзан әрі жөндеуге де ыңғайлы.
– Шетелден алынатын ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы қымбат, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, – отандық өндірісті дамытып, ауыл шаруашылығы техникаларын өзіміздің шығарғанымыз әлдеқайда жақсы ғой.
Зауытта жалғыз комбайн ғана емес, өзге де астық тиегіш, шалғы тәрізді ауыл шаруашылығы техникалары шығарылып, диқандардың қажетіне әбден-ақ жарап тұр. Өз техникамыз өзіміздің кәдемізге жараған соң ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіруге септігін тигізуде. Ендігі мәселе, сол өнімді ұқсату жайы. Бұл тарапта да алға ұмтылған талпыныс бар. Мәселен, астық және майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдеумен айналысатын «Sinegor-Grain» серіктестігі Ресей мен Түркияның қазіргі заманғы қондырғыларымен жабдықталған. Бұл жерде бір мезетте бидай мен майлы дақылдарды қабылдап, өңдейтін екі желі бар. Элеватордың тәуліктік қуаты 30 мың тонна болса, диірменнің мүмкіндігі одан да жоғары. Кәсіпорын басшысы Жасұлан Мәдимұхаметовтің айтуына қарағанда, биылғы шілде айында астық кептіру және диірмен кешендері іске қосылған. Жобаның құны 1 млрд теңге көлемінде. Келер жылы май өндіру желісін, құрама жем өндірісін қолға алмақ.
Өңірдің өнім өңдеуден өңі жақсы. Мәселен, «Көкшетау сүт зауыты» серіктестігі сүт өнімдерін шығаратын жаңа желіні іске қосып отыр. Сол арқылы тәулігіне 50 тонна сүт, айран, қатық, қаймақ, ірімшік, қоспа, құрт, сары май тәрізді сүт өнімдерінің бірнеше түрі шығады. Кәсіпорынға 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, италиялық «СleverMahines» жабдығы орнатылған.
Осылайша, Көкше өңірінде өнім өндіру мен өңдеудің жаңа белесі бағындырылуда.
Ақмола облысы