Жол-көлік апаты қазіргі адам баласының өміріне әбден еніп кеткен күнделікті көрініске айналды. Бірақ бұған төзуге болмайды. Әсіресе адамдардың жауапсыздығынан, тәртіп бұзуынан кәмелетке толмағандар зардап шекпеуі тиіс.
Статистикалық мәліметтерге қарасақ, әлемде әрбір 24 секунд сайын бір адам жол апатынан қаза табады екен. Осылайша күніне үш мыңнан астам адам, жыл сайын 1,35 миллион адам жол-көлік оқиғасынан көз жұматын көрінеді. Бұдан бөлек 10 миллиондай адам жарақат алып, мүгедек арбасына таңылады.
– Біздің Батыс Қазақстан облысында 2020 жылдың 10 айында 247 жол-көлік оқиғасы орын алды. Осы апаттардың салдарынан 57 адам қаза тауып, 298 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Балалардың қатысуымен 31 оқиға болып, оның салдарынан 1 сәби қайтыс болып, 34 адам жарақат алды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қараша айының үшінші жексенбісін Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасының құрбандарын еске алу күні деп белгілеген болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне қарағанда, жол-көлік апатында қаза тапқандардың жартысынан астамы – жаяу жүргіншілер, мотоцикл және велосипед жүргізушілері екен. Мұндай оқиға біздің елімізде де аз емес. Сондықтан билік орындары, құқық қорғау органдары жолдарды жоспарлап салудан бастап, жылдамдықты арттырмау, көлік құралын мас күйде жүргізуге жол бермеу, қауіпсіздік белдігін тағу, мотоцикл жүргізушілеріне дулыға кию, балаларға арналған орындық қою бойынша бірқатар шара қабылдап, тұрғындар арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
2019 жылы 20 желтоқсанда балалар мен жасөспірімдер зардап шегетін жол-көлік оқиғаларының алдын алу, осы игі іске жұртшылықтың назарын аударту мақсатында Эни, Шелл және EASST компанияларының өкілі «Гауһар жолы» қозғалысы Полиция департаментіне жолда жүру ережесін, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шеберлік сағатын өткізуге арналған мобильді алаң мен бұрыш жасақтап берген. Бұл алаңда жолда жүру ережесін қалай сақтау керек екенін көрсететін ойын түрінде кеңістік бар. Онда көлік құралына қойылатын нақты талаптар көрініп тұр. Осы мобильді алаңда балаларға бағдаршамның қай түсі жанғанда жаяу жүргіншілер өткелінен өту, жол белгілерін білу дағдыларын үйретеді және балаларды көшеде, жолда қауіпсіздік ережелерін сақтауға дағдыландырады. Бұл мектеп оқушыларын жол ережелеріне баулуға өте пайдалы құралдар.
Биыл да қараша айында «Гауһар жолы» қоғамдық бірлестігі Орал қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, Орал қаласындағы «Атриум» сауда үйінің бірінші қабатында акция өткізді.
Болатбек Белгібековтің айтуынша, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы мектептерде де оқушыларға жолда жүру ережесін түсіндіретін тақырыптық кештер ұйымдастырылған. Полиция департаментінің қызметкерлері мектептерге арнайы барып, оқушыларға жоғарыда айтылған мобильдік алаңда практикалық сабақтар өткізген.
Көрнекі құралдарды пайдаланып, полиция қызметкерлерін қатыстырып өткізген мұндай шаралардың маңызы үлкен. Оқушыларға ерекше әсер етеді.
«Мұндай сабақтарды барлық аудандарда өткізу жоспарланған еді, алайда қазіргі карантин жағдайында оқушылардың онлайн форматында оқытуға көшуіне орай әзірге тоқтатылып тұр», дейді Б.Белгібеков.
Батыс Қазақстан облысы