Қазіргі кезде мемлекет қазынасынан өңірлерге тиісті қаражат бөлінуде. Алайда атқарылған жұмыс бөлінген ақшаның көлеміне сай болуы керек. Ал бұл көрсеткіш Жамбыл облысында қай деңгейде? Жуырда Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы бірқатар басшылардың идеологиялық салада атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мақпал Досымбекова Мемлекет басшысының қолдауымен өңірде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жүзеге асырылуда екенін, тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін өзекті мәселелерді ескере отырып, қауіп-қатерлер картасы әзірленгенін, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 123 үйдің құрылысы басталып, бүгінгі таңда 60 үйдің кілті табысталғанын, ал «Үлгілі ауыл» байқауына 13 ауыл қатысқанын баяндады. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, биыл аталған саланы дамытуға 5,8 миллиард теңге бөлінген. Спортпен жүйелі шұғылданатын жамбылдықтардың саны 359,3 мың адамды құрайды. Бұл орайда, облыс тұрғындары үшін қолжетімді 2 590 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Спорттың әр түрі бойынша еліміздің ұлттық құрамасына 1 121 жамбылдық спортшы енген. Басқарма басшысы бір жаттықтырушыға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 42 спортшыға еліміздің спорт шебері, екі спортшыға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бір маманға ұлттық спорт түрлері бойынша спорт шебері атағы берілгенін жеткізді. Ал 23 маман жоғары санаттағы жаттықтырушы атанған. Сондай-ақ Токио Олимпиадасына жолдама алған дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрес шебері Әлішер Ерғали, боксшы Әбілхан Аманқұл өңір мақтанышы екенін де атап өтті.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сара Мәдиева биыл облыстың мәдениет саласына 7,1 миллиард теңге, ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 499,4 миллион теңге игерілуде екенін айтты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 660 миллион теңгеге үш мәдени нысанның құрылысы жүзеге асырылуда. Ал «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы шеңберінде 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 202 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылған. Карантин талаптарының енгізілуіне байланысты биылғы наурыз айынан бастап онлайн режімде 10 444 іс-шара ұйымдастырылған. Өз сөзінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров өңірде 358 діни бірлестік пен филиал, 312 мешіт және 46 шіркеу жұмыс істейтінін хабарлады. Қазір көптеген адамдар өз пікірлерін әлеуметтік желі арқылы білдіруде. Көптеген сындар айтылуда. Олардікі орынды. Алайда тұрғындар көбіне аймақта жүзеге асып жатқан ауқымды шаралар туралы біле бермейді. Сондықтан ішкі саясат басқармасы әлеуметтік желілермен жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бақылауға алу қажет. Оларға жеткілікті деңгейде қаражат бөлінуде. Жұмыс та соған сай болуы керек. Неге облыстық филармония ауылдарға барып, ауыл тұрғындарына өнер көрсетпейді? Осыған назар аударуыңызды сұраймын», деді Б.Сапарбаев.
Жалпы, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Өңірдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс секілді алты негізгі саланың даму динамикасы айрықша маңызды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, оның қысқамерзімді экономикалық индикаторы 102,5 пайызды құраған. Сондай-ақ ол ел Үкіметі мен облыс әкімі арасындағы меморандумда белгіленген индикаторлардың орындалуы туралы баяндап, бүгінгі таңда 22 индикатордың 18-іне қол жеткізілсе, біреуінің асыра орындалғанын айтты. Ал 3 индикаторға қол жеткізілмеген. Өнеркәсіп өнімдерінің экспорты мен негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу көрсеткіштері төмен. Ал үшінші индикатордың орындалмауына ана өлімі әсер еткен. Өткен кезеңде облыстық бюджеттің атқарылуы кірістер бойынша 102 пайызды құрап, салықтық түсімдер 110,3 пайызға қамтамасыз етілді. Бұл ретте облыс бойынша бюджет қаражатын игеру 99,4 пайызды құраған. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева бүгінгі таңда игерілмеген 2 миллиард 493 миллион теңге қалып отырғанын, осы орайда Шу ауданының жұмысы баяу екенін, онда игерілмеген бюджет қаражатының көлемі 329,7 миллион теңгені құрап отырғанын жеткізді. Ал алдын ала есептеулер бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасында 364 миллион теңгеден астам қаражат игерілмей қалу ықтималдылығы да айтылды. Бұл тізімге Тараз қаласы, Байзақ ауданы мен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы да енеді. Бұл орайда, Б.Сапарбаев Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне бөлінген бюджет қаражатын игеруге және 2020 жылға белгіленген міндеттемелерді орындауға бар күш-жігерін салуды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі коронавирус бойынша жағдай әлі де алаңдатарлық күйде екенін атап өтті. Өңірдегі бас дәрігерлерге тұрғындар сапалы медициналық қызмет алуы үшін басқа елге сабылмауы керектігін ескертті.
Б.Сапарбаев облыстық перинаталдық орталықта өткен кездесуге де қатысып, денсаулық сақтау саласындағы жағдаймен танысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, аталған саланы дамытуға 90 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Облыстық көпбейінді аурухананың базасында дұрыс тамақтану орталығы, көпбейінді балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған. Жедел жәрдем машиналары GPS навигациясымен жабдықталған. Сондай-ақ 18 реанимобиль, 8 жылжымалы медициналық кешен және 70 санитарлық автомобиль сатып алынып, 1 069 079 тұрғынның электронды денсаулық паспорты рәсімделген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 10 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден, 4 нысан ағымдағы жөндеуден өткен. Алайда өкінішке қарай, ана өлімі, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші артқан. Бұл ретте әкім дәрігерлер жүкті әйелдердің есебін жүргізіп, олардың уақтылы тексеруден өтуін қадағалау керегін тапсырды. Сонымен қатар бүгінде жалпы 4 мыңнан астам төсектік орын әзірленіп, дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған. Жаз айымен салыстырғанда қазір медициналық жабдықтардың саны артты. Алайда медицина мамандардың жетіспеушілігі сөз болды. Облысқа 194 жас маман келсе, оның 76-сы Тараз қаласында, 118-і аудандарда жұмысқа орналасқан. 98 маманға әлеуметтік көмек көрсетіліп, олардың 15-і тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Мамандар мәселесін шешу үшін Тараз қалалық көпсалалы аурухана базасында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылатын болды. Ал келер жылы онкологиялық орталық ашылады. Оның жанынан мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында көпсалалы аурухана салынады. Б.Сапарбаев басқа өңірлердің тәжірибесін негізге алып, мұғалімдер мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүзеге асырылатынын, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда екенін атап өтті. Сондай-ақ барлық қабылданып жатқан қолдау шараларына қарамастан, денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейтінін баса айтты.
Жамбыл облысы