Осы жылы Ақтөбе облысында 700-ден астам өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 5 адам қайтыс болып, 15 адам түрлі жарақат алған деп хабарлайды Egemen.kz
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көбейген өрттердің салдарынан келтірілген материалдық шығын көлемі де 123 миллион теңгеге артқан. Соның ішінде жеке тұрғын үй секторының жалынға орануы жиілеп барады. Оған негізінен тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, екінші жағынан жылыту қондырғылары мен ақауы бар пештер де себепші болған. Ал жылыту маусымы басталғалы газ баллондарының жарылуы оқиғалары жиілеп кетті. Сондықтан да ТЖД мамандары газ құю бекеттерінде толтырылған газ баллондарының тұрғын үй жағдайында сақталуына ерекше абай болу қажеттігін ескертеді. 15 қараша күні таңертеңгілік уақытта Хромтау қаласында үй ішінде газ баллоны жарылып, одан тұтанған өрттен бір отбасының төрт адамы зардап шеккен. Өкінішке қарай сол үйдің отағасы ауруханаға жеткізілген бойы қайтыс болды. Оқиғаға сыртта салқында тұрған газ баллонының үйге кіргізіліп, жылудың әсерінен ыдыстағы газ конденсатының көтерілуі жарылысқа әкелген.
Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма басшысы Евгений Овчарский тұрғындарға қатты аязда қатып тұрған газ баллонын үйге кіргізуден сақ болу қажеттігін ескертеді. Өйткені баллон ішінде жиналған газ конденсатынан қысым көбейіп, жарылысқа әкелуі мүмкін. Бұл жерде газ құю бекеттерінің де кінәсі көп. Бекет қызметкерлері газ баллондарын 85 пайыздан артық толтырмауы тиіс болса да, олар қарапайым техникалық ережені сақтай бермейді. Бірер күн Мәртөк ауданында да осыған ұқсас оқиға қайталанып, аязда тұрған баллонды үйге кіргізгенде, жылудың салдарынан газ толтырылған ыдыс жарылған. Бақытына орай зардап шеккен адам жоқ.
Көп қабатты үйлерде темекі тұқылынан тұтанған өрт оқиғалары да жиілеп кеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жас балаларды үйде ересектердің бақылауынсыз жалғыз қалдыруға болмайтындығын қатаң ескертеді. 19 желтоқсан күні күндізгі уақытта Ақтөбе қаласындағы "Батыс-2" ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің бір пәтерін тұтас шарпыған өртке жас балалар себепші болған. Шақырту түскен бойы қаладағы өрт қызметінің бүкіл құрамы тегіс жұмылдырылып, 70 тұрғын сыртқа шығарылып, жалын тез сөндірілді.
Жаңа Жыл мерекесінде де өрт жиілейтіні жыл сайын қайталанатын жағдай. Былтыр Жаңа Жыл мерекесінде облыста 15 өрт оқиғасы тіркелген. Мереке күндері пиротехникалық заттардың салдарынан өрттің тұтану қаупі жоғарылайды. Қазіргі кезде ТЖД мамандары мен полицейлер қаладағы пиротехникалық заттар сататын дүкендер мен базарларға лицензияларын тексеру мақсатында рейд жүргізуді бастады.