Тәуелсіздік күні «Астана Опера» театрында елордалық көрермен назарына ұсынылған «Дала үні» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы талғампаз өнерсүйер қауым үшін тамаша тарту болғаны сөзсіз. Өйткені өнердің бұл айтулы оқиғасын көпшілік ерекше толқыныспен асыға күтті. Би тілінде бейнелі бедерленген балет шын мәнінде ұлттық өнер қоржынына қосылған қомақты олжа десек, титтей де артық айтқандығымыз емес.
Олай дейтініміз, премьера қарсаңында театр ұжымы «Дала үні» балеті – «Астана Операның» бетке ұстар туындысына айналады» деп батыл мәлімдеген еді. Әлбетте, бұл бос сөз емес. Өткен жұмада «Астана Опера» сахнасында өткен әлемдік премьера қазақстандық балет дамуының жаңа асулы кезеңіне айналып, айтулы мәдени оқиғаның бастауы болды. «Дала үні» қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлерін ғана баяндап қоймай, жалпы адами құндылықтар туралы да сыр шертеді. Өмірдің мәнін түсінуге мүмкіндік беріп, арманның жүзеге асуына ынталандырады. Осылайша ол мазмұнды музыкасы мен ұлттық нақышының арқасында айрықша әрі әлемнің кез келген жерінде әбден түсінікті бірегей туындыға айналды.
– «Дала үні» ұлттық балеті – қазақстандық және шетелдік қойылым командасының тың ойларының тандемі. Әдетте, пікірлестер жиналған жерде шығармашылық туындайды. Ал біз орасан зор ойларды өмірге әкеліп жүрген жоғары деңгейлі кәсіби мамандарды таңдап алдық деген ойдамын. Бұл қойылым ұлттық балет өнеріндегі айтулы оқиға болады деп сеніммен айта аламын, – деп атап өтті премьера алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Ержүрек сәулетшіге қанат бітірген арман туралы өсиет әңгіме заманауи хореография тілімен жеткізілетін бірегей балетке өнердің кіл жүйріктері атсалысты. Атап айтсақ, қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель, қоюшы балетмейстер – Патрик де Бана. Ал қойылымда басты рөлдерді театр примасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева, Ғалымжан Нұрмұхамет, Далер Запаров, Аделина Төлепова, Әсел Кенжебекова, Жәнібек Ахмедиев, Олжас Тарланов бастаған таланттар шоғыры кемеліне келтіре кейіптеді.
Либретто авторы Бақыт Қайырбеков спектакльдегі іс-қимылдарды тарихи оқиғалардан заманауи оқиғаларға үйлесімді әрі шебер ауыстырған. Кейіпкерлердің тағдырын бақылап отырған көрермен қауым Қазақстанның өткенін, бүгіні мен болашағын көре алады. Ұлы дала өзінің дәстүрімен тыныс алуда – мұнда ата-бабаны құрметтейді, қастерлейді. Ал олар, өз кезегінде, өскелең ұрпақтың алға қадам басуына күш-қуат береді. Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында балеттің сюжеті, әсіресе екінші бөлімі айрықша отансүйгіштік сезіммен қабылданды. Көрерменнің көз алдында бой көтерген Ұлы дала шаһары өзінің әсем сәулетімен, ішкі дүниесімен залдағы отырған әрбір жанға айрықша әсер етті.
Қойылымды тамашалап отырып байқаған һәм бізді ерекше сүйсінткен жайт – айтулы балеттегі хореографияның тамаша тартымдылығы. Қоюшы балетмейстер Патрик де Бананың дәстүрлі ұлттық қимыл-қозғалыстарды пайдалана отырып, заманауи би тілі арқылы қазақ халқының жан-дүниесін аша алғаны таңғалдырды. Соның арқасында спектакль өзекті әрі бір мезетте көркем болып көрінді. Би композицияларына бас кейіпкерлер – Ұл мен Музаның, Әкесі мен Анасының дуэт эпизодтары, сонымен қатар кейіпкер әйелдердің жеке вариациялары мен сезімге толы адажио енді.
– Бұл балеттің бірінші бөлімі ұлттық би элементтерінен құралған дәстүрлі болып келеді. Ал екінші бөлімі стильге бағындырылған әрі әсем қала өмірін көрсетеді. Ұлттық қимыл-қозғалыстар маған шабыт береді. Мен оларды зерделеймін де, өз әлеміме енгіземін. Кейін өзімнің икеміме сай сәл өзгертіп, бейімдеймін. Хореография жасаған кезде мен үшін музыка әрдайым бірінші орында тұрады. Аталған спектакльде біз Т.Қажығалиевтің музыкасын пайдаландық. Ол өте ыңғайлы, себебі әуел баста балетке арнап жазылған. Аталған шығарманың мен пайдаланған бес бөлімі С.Рахманиновтың, И.Стравинскийдің туындыларын есіме салады, – деді қоюшы хореограф Патрик де Бана.
Балетмейстердің пікірінше, қазіргі жастар аға буын өкілдері тәрізді көркем ойлау қабілетінен айырылып барады. Оның мақсаты – жұртшылықты өнерге тарту әрі оларға өнерге қатысты болуға, өз жұмысының бөлшегі болуға мүмкіндік беру. Балетмейстер үшін көрермендердің шымылдық түрілгеннен кейін спектакльді көріп, қол шапалақтап, сосын кетіп қана қоймай, олардың бәрін сезініп, ой толғап, өздеріне тән сюжет таба білгендері маңызды.
– Адамзатқа эволюция, заманауилық, даму қажет. Бірақ сонымен бірге бұл балет егер кім де кім өзінің өткенін, аға буын дәстүрін ұмытқан болса, ондай адам өзінің түп тамырын да жоғалтады деген көркем астарлы ойды да меңзейді, – деді хореограф.
Осы орайда қоюшы хореограф Патрик де Бана өнері әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өту маңызды. Ол түрлі елде ұлттық балеттерді сахналау бойынша жемісті жұмыс істеген. Әсіресе, Қытайда қойған спектакль оған үлкен танымалдылық әкелді. Онда Патрик де Бана бір жарым ғасырлық тарихы бар ұлттық аңызбен жұмыс істеп, оны заманауи балетке айналдырған. Бұдан бөлек Түркияда, Жапонияда ұлттық балеттерді зор табыспен көрермен назарына ұсынған тамаша талант. Балетмейстер қай жерде еңбек етпесін, әртістерге бір ғана талап қояды – тәртіп, ойлана алу, жеке зерттеу жүргізу, материалды зерделеу және солистердің жанын салып жұмыс істеуі. Міне, осы талаптың арқасында елордалық көрермен теңдессіз балеттің куәсі болды.
Ал балеттің музыкалық негізі тіптен тартымды. Әрлеуші композитор Карлос Пино-Кинтана төл шығармасындағы музыкадан, сондай-ақ қазақстандық авторлардың музыкасынан дыбыстық көріністің құрастырмасын жасады. Басты кейіпкерлердің бейнесі танымал композиторлар Қуат Шілдебаев, Ренат Гайсин, Төлеген Момбековтің жарқын да ерекше музыкасымен және «Тұран» «Хассақ», «Steppe Sons» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің бірегей композицияларымен берілген. Бидің ерекше әсерлендіретін осынау музыкамен үйлескендігі соншалық, көпшілікке таныс сарындар әртістерге сахнада не істеу керектігіне жол сілтегендей көрінді.
Спектакльде кордебалетке үлкен жүктеме артылыпты. Балет бейнесінің геометриясын олар сондай нақтылық әрі дәлдікпен жасаған. Осындай мінсіз үйлесімділіктің артында алып күш пен еңбек тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ерлер кордебалетінің орындауындағы сәулетшілер биі ерекше назар аударуды қажет етеді. Стильді қара шабадандар оған ерекше қалалық мәнер үстеп тұрды. Спектакльдің осы бөлімінде көрермен қауым көріністің негізгі даму тұсын: екі кейіпкер – Ұл мен Қара киімдегі адам – бәлеқордың (Бекзат Орынбаев) текетіресін көре алды. Бейнелі түрде айтсақ, мұнда жақсылық пен жамандық бетпе-бет келді. Премьераның екі күнінде де әртүрлі, бірақ орындаушылық шеберлігі тұрғысынан тең түсетін құрам билеп шыққанын атап өткен жөн. Айта кетейік, хореограф жас әртістерді іріктеп алды. Соның нәтижесінде жалынды һәм талантты тамаша ансамбль өмірге келді – ерлер күш пен харизманы, әйелдер нәзіктік, байсалдылық, асқақ рух пен тектілікті паш етті.
Спектакльдің басынан аяғына дейін Ұлдың партиясын орындаушылар – Ғалымжан Нұрмұхамет пен Далер Запаров өз бейнелерін біртіндеп ашты. Әртістер өз кейіпкерінің қайсар мінезін жеткізе білді. Далер Запаров – зор музыкалық қабілетке ие, әрбір әрекетінен оның музыканы естіп, қаз қалпында жеткізе білетіні көрініп тұрды. Театр примасы Әйгерім Бекетаева Музаның рөлін мінсіз сомдап шықты. Оның әуелеген ұзын қолдары, нәзік дене бітімі партияны терең әрі әсерлі етіп орындауға мүмкіндік берді. Ал Ананың партиясын әр күндері Аделина Төлепова мен Әсел Кенжебекова орындады. Кейіпкердің бала көрмей бейнет шеккен әйел бейнесінен көктің сыйын алып – Ұлын құшқан бақытты әйел кейпіне өтуі олар үшін ең күрделі эпизод болды. Екеуі де бұл міндетті үздік орындады. Әкенің рөлінде Жәнібек Ахмедиев пен Олжас Тарланов өнер көрсетті. Әртістер тамаша орындаушылық шеберліктерін паш етіп қана қоймай, актер ретінде тамаша ойнап шықты. Бақсының партиясы – балеттегі басты рөлдердің бірі. Аталған рөлдегі Сұлтанбек Ғұмардың дене иілімділігі мен адам нанғысыз икемділігіне көз тоймайды. Айтулы партияны екінші құрамдағы солист Серік Нақыспеков те өзіндік ерекшелікпен орындап шықты.
Заманауи балет өнері көбінесе талантты хореографтардың, либреттошылардың, суретшілердің, дирижерлер мен әртістердің қуатты импульсінің арқасында өмір сүріп келеді. «Дала үні» премьералық қойылымын алар болсақ, мұнда барлық сала мамандары сәтті тоғысты десек болады. Көркем мәдениет пен өнерде қайта өңдеу тәжірибесі бойламаған сала қалмағаны белгілі. Себебі түпнұсқалық шығармашылықтың тапшылығы соңғы уақытта әсіресе айқын сезіліп жүр. Сондықтан да «Дала үні» балетінің айрықша өнім саналуы заңдылық. Бұл оның музыкасына да, хореографиясы мен сахналық безендірілуіне де қатысты. Осы тұста айта кетер тағы бір ерекшелік – сахна жабдықтары минималистік стильде орындалған. Себебі спектакльдің тұжырымдамасына сәйкес айтулы балет әлемінің сұлулығы мен кербездігін паш етуі тиіс. Декорациялар бойынша суретші Рикардо Санчез Куэрда кең байтақ қазақ даласынан шабыттанып, ұлттық стильді аңғара білген және бірінші бөлімде сахна жабдығын қар басқан табиғат, кесене көріністерімен шынайы безендірген. Ал екінші бөлімде сахна біршама футуристік көрінді. Аспан астынан бой көтерген жаңа далалық қала сценографтың тартымды олжасы болғаны сөзсіз.
Ұлық мейрам Тәуелсіздік күнінде ұлы дала төрі – елордада Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен һәм «Сбербанк» акционерлік қоғамының демеушілігімен тұсауы кесілген «Дала үні» ұлттық балеті көрерменіне шын мәнінде өнердің нағыз мерекесін тарту етті. Тамырлы тарихымыздан сыр шерткен қойылым өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, болашаққа байыпты бағдар сілтеуімен құнды.