Семейдегі 10 жыл бойы тұрып қалған былғары зауыты шығарылатын өнім желісін кеңейтуді көздеп отыр. Жарты жылдан аз уақыт ішінде кәсіпорын ұзақ уақыт бойы тұрып қалған өндірісті қалпына келтіріп қана қоймай, экспортқа шыға алды. Енді өндірістік қуаттылықты арттыру, тіпті зауыт үшін жаңа өнім – желатин мен белкозин шығару жоспарда бар.
2020 жылғы маусымда «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ (зауыт балансына өткен) және Kusto Group халықаралық компаниялар тобына кіретін «Semey Tannery» ЖШС компаниясы арасында Семей қаласында былғары комбинатын кейіннен сатып алу құқығымен мүлікті жалға алу шартына қол қойылды.
Инвестор бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2020 жылдың тамыз айында жұмысқа кірісті. Кәсіпорында хабарлағандай, комбинатта айына 250 тоннаға дейін шикізат өңделеді. Комбинаттың максималды қуаты жылына 1,7 млн шаршы метрге дейін wet blue жартылай фабрикатын құрауы мүмкін. Жартылай фабрикаттарды өндіру технологиясында қолданылатын шикізат пен қажетті химиялық заттарды жергілікті өнім берушілер жеткізеді, сонымен қатар Ресейден ішінара сатып алынады.
«Бүгінде біз зауытта өңдеуге дайын 800 тоннаға жуық ірі қара терісін сатып алдық. Біз әлі жоғары қуатқа жеткен жоқпыз. Себебі пандемия әсер етті, елдер мен аймақтар арасындағы шекаралар жабылған кезде дайын өнімді экспорттауға, қажетті химикаттарды импорттауға, аймақтардан шикізат алуға мүмкіндік болмады. Бұл қиындық тудырды, соған қарамастан бәріне төтеп беріп, өндіріс қарқынын біртіндеп арттырудамыз. Қазіргі уақытта зауыт жүктемесі шамамен 30-40 пайызды құрайды. Қазан айында өнімнің алғашқы партиясы экспортқа жөнелтілді.
Біз Қазақстан бойынша шикізат сатып алу желісін құрып, отандық тауар өндірушілермен серіктестікті жолға қойдық», деді «Semey Tannery» ЖШС атқарушы директоры Руслан Бисенов.
Комбинат оның негізгі қызмет түрі бойынша іске қосылды: ІҚМ терісін өңдеу, wet blue хромды илеудің экспортқа бағдарланған жартылай фабрикаты былғары өнімін өндіру және сату. Кәсіпорында 100-ге жуық адам жұмыс істейді.
Алдағы уақытта өндіріс ошағында жаңа өнім шығару көзделген. «2021 жылы өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Яғни, егер желтоқсан айында 250 тонна шикізатты қайта өңдеуге алсақ, онда ай сайын, қаңтардан бастап 300 тонна, 350 тонна және т.б. көлемге дейін ұлғайтуға қол жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Еліміздегі сапасыз шикізат пен теріні қайта өңдеу тәжірибесінің жоқтығына байланысты зауыт үшін жаңа өнім саналатын белкозин мен желатин шығаруды жолға қою көзделген. Мұндай өнім елімізде де, шетелде де сұранысқа ие, бірақ әзірге Қазақстанда шығарылмайды», деді кәсіпорынның коммерциялық директоры Олеся Бауэр.
Wet blue жартылай фабрикаты – хромды илеудің жоғары сапалы жартылай фабрикаты, оның өндірісі үш фазалы тотығу үдерісін қамтиды. Жартылай фабрикат жоғары сападан бөлек беріктігі мен қолайлы өзіндік құнымен ерекшеленеді. Бұл жартылай фабрикатты жеңіл, бірақ жылы күртешелер, аяқкиім, аксессуарлар шығару үшін пайдалануға болады: қақпақтардың барлық түрлері, белдіктер және т.б. өндіруге пайдаланады. Белкозин – табиғи ақуыз өнімі, бұл теріні және шелді алып тастағаннан кейін қалады, тағамдық қоспаларды, мамандандырылған жемді, сондай-ақ шұжыққа арналған жеуге болатын қабықты жасау үшін қолданылады. Келесі деңгей – желатин, Қазақстанда бұл өнім толығымен импорттық саналады. Желатин – ішінара гидролизденген ақуыз, жануарлардың дәнекер тінін өңдеудің өнімі. Азық-түлік өнімдерін, капсула түріндегі фармацевтикалық дәрілік заттарды, дәрілік капсулаларға арналған суда еритін қабықтар, кір жуатын және ыдыс жуатын машиналардың таблеткалары және т.б. дайындау үшін қолданылады.