Елімізде «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы жалғасып келеді. Жоба бойынша оңтүстік жастарына солтүстік өңірлердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алу, кейін сол аймақта жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілді. Бірақ келген жастардың дені қолына диплом ала сала оңтүстіктегі үйлеріне асықты, енді бір бөлігі оқуын бітірместен кері қайтты. Мәселенің мәнісі неде?
Жалпы бағдарлама аясында 6 жылдың ішінде Павлодар өңіріне 1 мыңдай студент білім алуға келген екен. Бұл күндері «серпіндік» түлектердің бірі отбасын құрса, бірі Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Ал қазіргі студенттер жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту бойынша білім алуды жалғастыруда. Індеттің таралуы студенттер үшін оқу орындарының есігін жапты. Яғни «серпіндіктер» де – ауылдарында.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, «Серпін» бағдарламасымен келген жастардың биылғы жұмысқа орналасуы бойынша колледж бітірген 129 түлектің 45-і өңірде қалды. Карантиндік шараларға дейін 338 «серпіндік» жас облыстың 7 колледжінде білім алды. Мысалы, 2017 жылы 67 студент оқу бітірсе, оның 14-і өңірде қалды. 2018 жылы келген түлектер саны – 174 болса, 66-сы осы Кереку жерінде жұмыс істеп жүр. Ал 2019 жылы жоғары оқу орнын бітірген 135 адамның 62-сі тұрақтады. Қазір «Білім туралы» заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған жастар сол аймақта кем дегенде үш жыл міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс.
Жалпы, 2014 жылдан бастап өңірге «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуға оңтүстік пен батыс өңірінің жастары ішінде алғашқы кезеңде 50 жас келсе, 2015 жылы – 175, 2016 жылы – 185, 2017 жылы 200 бала қабылданды. Оңтүстік Қазақстан облысынан – 258, Қызылордадан – 209, Жамбылдан – 32, Алматы облысынан – 4 және Маңғыстау облысынан 2 студент келді. «Серпінмен» келген жастардың алғашқы легі қатарында 65 түлек қолына диплом алды. Бірақ соңғы үш жылдың ішінде 40-қа жуық студент әртүрлі себеппен оқуын соңына дейін жеткізе алмай, шығып кеткен. Айта кетелік, студенттерге жатақханадан тегін бөлме беріледі және оқу бітірген соң жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар жобаның барлық қатысушысы стипендиямен және жолақы төлемі үшін 4 АЕК мөлшерінде өтемақымен қамтамасыз етіледі. Түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету мақсатында өңірде әлеуметтік серіктестерді тарта отырып, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, кәсіпкерлер, «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» өкілдерінің қатысуымен кездесулер мен «Бос орындар жәрмеңкелері» өткізілді.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Бәрі жақсы-ақ. Дегенмен басқарма берген мәліметтер әр жерде әртүрлі, бірінде колледждерде 338 студент десе, бірінде 399 студент білім алуда делінеді. Қағаз бетінде «жүзіп жүрген» сандардан шатасып қаласың... Иә, «серпіндік» жастардың 70 пайызға жуығының Павлодар облысына тұрақтамағаны рас. Жастарға үй алу қиын екені түсінікті. Солтүстіктің суығы тағы бар.
– С.Торайғыров университетінде білім алдық. Қызық болғанда, қазақша сөйлей алмайтын оқытушылар дәріс оқиды. Олар түсінбесе де қазақша жауап беретінбіз. Кафедраларда қазақша білмейтін оқытушылар аз емес, – дейді студенттер.
Бұл – шындық. Университетте қазақ тілінде дәріс оқитын оқытушылардың аз екені үнемі байқалады. Оқу орнын бітірген бұл түлектерден сонда қандай білікті маман шығады? Оқытушыларда білім алуға келген студенттерге деген қолдау аз екені осыдан-ақ көрінеді. Яғни бағдарламаға жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, қажетті инфрақұрылымның болмауы, жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтыны кері әсерін тигізді. Тіпті «Серпінге» бөлінген гранттардың облыстарда игерілмей қалған мысалдары да айтыла бастады. Екіншіден, «Серпін» жобасы қарайтын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен «Білім туралы» заңның арасындағы қайшылықтар мәселесін де қайта қарау керек шығар.
Бұған дейін облыс әкімдігі «Студенттер оңтүстіктен ата-аналарын облысқа көшіріп әкелсе, онда «Нұрлы Ертіс» жобасы аясында пәтер алуға мүмкіндік береміз, жұмыс істеуге қалған жастарды бір жыл бойы тегін жатақханамен қамтамасыз етеміз» деп қызықтырған-ды. Бұл мәселе қазір айтылмайды. Сондықтан «Серпін» бағдарламасының науқандық шара ретінде қалғаны рас. Ал жастарды баспана, жұмыс және әлеуметтік қамту мәселелері толғандырады.
Әрине, өңірде қалып, еңбек етіп жүрген жастар да бар. Успен ауданының Галицкое ауылына колледж бітірген 7 жас маман келді. Кәсіпкер А.Касицын басқаратын шаруашылықта жастарға үй берілді, жұмыс бар, табыс жақсы. Бұған қоса, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Тұрғындарды жұмысқа орналастыруға ықпал ету және еңбек ресурстарының мобильділігі арқылы еңбек нарығын дамыту» кіші бағдарламасы аясында тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындардың орнын толтыруға материалдық көмек көрсетіледі.
Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында да осы бағдарламаның қатысушылары бар. С.Торайғыров университетінде «Серпін» бойынша білім алушылардың саны 541 болса, мемлекеттік педагогикалық университетте оңтүстіктен келген 661 жас оқиды. Бірақ тағы да сол жағдай: қос университеттің де түлектері оңтүстікке қайта оралды. Бұл төрт-бес жыл бұрын болса, қазіргідей індет тараған кезде ата-аналардың ұл-қыздарына тіпті алаңдайтыны белгілі. Олар диплом алған соң қайда барарларын білмейді. Ағайын-туыс тағы жоқ. Пәтерді жалға алу қымбат.
Басқарманың мәліметінше, колледждерде оқитын «серпіндік» студенттерге ай сайын 16 579 теңге шәкіртақы, үйіне бару үшін жылына екі рет 4 АЕК көлемінде ақы, яғни 9 620 теңге, бір реттік тамақтану ақысы беріледі. Жалпы, мемлекеттік бюджеттен бір студентке жылына 690,62 мың теңге бөлінеді. «Серпін» бағдарламасы бойынша келген студенттер оқуын бітірген соң 3 жыл жұмыс істемей, кері қайтса, мемлекеттік гранттың ақысын қайтаруы тиіс делінді. Бірақ бұған дейін оқуға түскендерінде осы міндеттемелер белгіленген қандай да бір құжаттарға қол қойылмаған да секілді. «Серпін» бағдарламасы оқуға түсудің оңай жолы емес пе? Түлектердің тұрақтап қалуы үшін құжаттық негізде тараптар арасында қол қойылған шарттар қажеттігін енді түсінгендейміз. Өйткені «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылға барған түлектер міндетті түрде үш жыл жұмыс істейді. Әйтпесе, мемлекет тарапынан берілген төлемақыларын қайтарады.
Басқарма басшысының орынбасары С.Әлиақпарованың айтуынша, алғашқы жылдары «серпіндіктер» педагогикалық мамандықтарға ғана оқытылса, қазір бұл қатарға техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары қосылды. Әрине, жастардың техникалық, кәсіптік білім алатыны қуантады. Сөйтіп, әр өңірден келген студенттер «Серпін» бағдарламасы арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға даярлануда. Яғни студент жастар өндірістік-техникалық, кәсіптік салаларға қарай бейімделуде. Мысалы, технологиялық колледжде – 62, ақпараттық технологиялар колледжінде – 77, Химия-механикалық колледжінде – 35, Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде 47, Аграрлық инновациялық колледжінде – 96, Түсті металлургия колледжінде – 45, Монтаждау колледжінде 37 студент түрлі мамандықты игеруде. Басқарманың кәсіптік және техникалық білім беру бөлімінің маманы Самал Абазованың айтуынша, түлектердің кейбірі «Сүт» АҚ, «Сағып» ЖШС, Мойылды шипажайы секілді жеке кәсіпорындарда өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуде. Білімдерін жоғарылату мақсатында университетке қайта түскендері де бар.
– Жастардың туған өңірлеріне кетуіне баспананың жоқтығы себеп, – дейді Сәуле Әлиақпарова. – Түлектерді жергілікті жерде қалдыру мақсатында колледждердің әкімшілігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілдерімен, кәсіпкерлер және «жасотандықтармен» бірнеше рет кездесу өткізілді. Жалпы, «Серпін-2050» жобасының мақсаты – оңтүстік облыстардың жастарына солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарында білім алуға, жұмысқа орналасуға жағдай жасау еді. Бұған жергілікті жердегі үлкенді-кішілі әкімдерден жеткілікті қамқорлық, нақты назар болмады. Екіншіден, «серпіндіктердің» солтүстік өңірлерге келуі өңірде бос қалып бара жатқан ауылдарға ел қондыру, ұлттың болашағы, қазақтың демографиялық өсім мәселесіне септеседі. Оңтүстік жастары солтүстік өңірде қазақ тілінің тілдік ортасы қалыптасуына да серпін әкелері сөзсіз. Бұл да сөз жүзінде қалды. Бос ауылдар сол күйі бос қалуда...
Павлодар облысы