Биыл елімізде «Волонтер жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осындай кезеңде пандемияның қатар келуі еліміздегі еріктілердің сын сағаты болды десек артық айтқандық емес. Бүкіл әлем бетперде киіп, үйге тығылып отырғанда еліміздің түкпір-түкпірінде волонтерлер тұрмысы төмен, мүмкіндігі жоқ отбасыларға азық-түлік жеткізіп беруге, ауыр сынақты жеңілдетуге жәрдемдесті.
Жалпы, қауіпті дерттің таралуы кезінде ел-жұрттың денсаулығы ғана емес, бекем бірлігі де сынға түсті. Құдайға шүкір, қазақ қоғамы бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бере білді. Биыл жастарымызды жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлық жасай білуге үндеді. Адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екеніміз анық байқалды. Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күресіп, «Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте» екені сөзбен ғана емес, іспен де дәлелденді.
Деректерге сүйенсек, биыл волонтерлікпен айналысқандар саны 100 мыңнан асыпты. Жүрегі кең мейірбан жандардың осыншалықты көптігі көңіл қуантады. Жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын. Бұл – өзгермейтін аксиома. Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінде волонтерлік үрдісі қарқынды қанат жайып келеді. Мәселен, АҚШ-та әрбір төртінші адам бір рет болса де қоғамдық шараларға қатысқан екен. Енді сол волонтерлердің еңбегін ақшаға бағаласақ, бір жылда америкалықтар қоғамға құны 193 миллиард доллардай пайда әкелетін көрінеді.
Волонтерліктің тағы бір ерекшелігі, шаруаны жаппай атқару оған жұмысшы жалдағаннан әлдеқайда жеңіл. БҰҰ волонтерлері келтірген деректерге сай, 1 миллиард волонтер толық мерзімде жұмыс істейтін 109 миллион адамды алмастыра алады екен. Яғни волонтерліктің тиімділігі мол. Басқалай айтқанда, волонтерлер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашады.
Біздің елде волонтерлік қызметі біртіндеп өрісін кеңейтіп келеді. Әсіресе 2020 жылдың «Волонтер жылы» деп жариялануы бұл салаға тың серпін бергені анық. Қазақстан өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс азаматтардан кенде емес. Биыл барлық аймақта ашылған Волонтерлердің фронт-офистерінде көтерілген маңызды бастамалар осының дәлелі.
Мәселен, «Birgemiz» жалпыұлттық бастамасы аз ғана уақытта көптеген жанашыр отандасымызды ортақ іске жұдырықтай жұмылдырды. Жобаға қатысушылар әлемді жайлаған індетке қарамастан, қиын жағдайға тап болған мұқтаж жандарға барынша көмектесті. Осы бастама аясында «Qamqor», «Saulyq», «Sabaqtastyq» жобалары жүзеге асырылып, жүз мыңдаған тұрғынға көмек көрсетілді.
Бүгінде тазалық мәселесі өте өзекті. Әсіресе полиэтилен қоқыстар әр жерде шашылып, қоршаған ортаны ластап жатқанда онымен күресудің маңызы арта түседі. Экобелсенділік – сән қуу емес, шынайы қажеттілік, өмір қағидаты. Еліміздегі волонтерлер осы бағытта да ауқымды жұмыс атқарды. Өзендерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қоқысты сұрыптау жөніндегі «Taza Alem» волонтерлік қозғалысының қызметі де көпшіліктің қолдауына ие болды. Соның нәтижесінде табиғат мыңдаған тонна қоқыстан тазартылып, кең тыныс алды.
Бұдан бөлек, волонтерлер тұрғындардың құқықтық сауатын ашу мақсатында онлайн құқықтық көмек көрсетті. Жан-жануарларды қорғау бойынша да келелі жетістіктерге қол жеткізді. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу мақсатында алдағы уақытта жан-жануарды қорғауға қатысты заңда еріктілерді жұмылдыру қарастырылмақ. Сондай-ақ Қайырымдылық туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.
Еріктілерді жұмылдырған тағы бір ерекше жоба Жамбыл облысында жүзеге асты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйытқы болуымен іске қосылған «Асарлатып үй салу» бастамасы аясында өңірдегі әр ауылда бір-бірден үй салынып, мұқтаж отбасыларға берілді. Жобаның ерекшелігі сол, оған облыс бюджетінен қаражат бөлінген жоқ. Үй салуға қажетті бүкіл шығынды ауыл тұрғындарының өздері көтерді.
Қысқасы, Волонтер жылында атқарылған шаруа аз емес. Ерікті болу ерен еңбек пен қажымас қайратты талап ететін сала. Ендігі маңызды мәселе – 2020 жылдың аяқталуымен науқаншылдыққа салынып, волонтерлікті тоқтатпай, келешекте бұл саланы одан әрі өркендете түсу. Елдіктің белгісі игі істі жалғастырудан көрінеді.