• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 30 Желтоқсан, 2020

Табыс кілті

336 рет
көрсетілді

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қашанда ма­ңызды. Негізінен ауыл шаруашылығына иек сү­йеген өңір үшін өнім өңдеу мейлінше өзекті. Осы орайда табыс кілтін тап басып, шаруа­шы­­лықты өрге сүйреп келе жатқандар да бар­шы­лық.

Шалғайдағы «Золотая нива» серіктестігі ақық дән өсіріп, ақтылы мал бағып отырған озат шаруа­шы­лық­тар­дың санатында. Бүгінде маңдай термен өсірген астығы мен мал өнімдерін өңдеп, толық кластерлік жүйеге көшіп, табыстарын еселей түсіп отыр.

Жаңа заманның талабына толық жауап беретін мал базы екі жыл бұрын салынған екен. Бәрі рет-ретімен. Айталық, желіндеген сиырлар бір бөлек, бұзау-торпағы бөлек бағылады. Жалғыз малдың ғана емес, малшының да жағдайы қапысыз ескерілген. Олардың жұмыстан бос уақытында тынығуына, түскі ас ішуіне барлық жағдай жасалған.

Шаруашылықтың 600 бастан астам ангус сиыры бар. Мамандардың айтуына қарағанда, шығыны мол қара мал баққан соң қауметі жетіп жатса, өнімі мол асыл тұқымды баққан дұрыс. Бірақ бұл арада ескере кететін бір жайт, күй талғайтын асыл тұқымның ғылыми негізбен сарапталған азық-түлігі қамдалуы қажет. Шаруашылық басшылары бұл талапты мүлтіксіз орындап келеді. Мал азығын байытып беруге мүмкіндік жетіп жатыр. Биыл ауа райы оншалықты қолайлы болмаса да, бір жарым жылға еркін жететін жем-шөп қорын дайындап алыпты.

– Құлазып жатқан қу дала еді, – дейді серіктестік директорының орынбасары Сергей Дмитриченко, – әуелі жақсылап тұрып екі баз салып алдық. Бір жарым мың тонна мал азығы сыятын қойманы да дайындадық. Ең бастысы – адамдар тұрақты табыс табатын жұмыс көзі бар. Қазір мал шаруашылығымен оннан астам адам шұғылданады. Жалақыларын уақтылы алып отыр.

Сапалы етке сұраныс жоғары. Шаруа­шылық мал өнімдерін таза ет күйінде ғана сатпай, бірнеше түрлі өнім дайындайды. Шикізаты сапалы болғандықтан, өнімдері де өтімді. Өйткені, ешбір қоспасы жоқ, табиғи таза. Жергілікті тұрғындарды жоғары сұрыпты ұн мен нан-тоқаш өнімдерімен де қамтамасыз етуде. Нәтижесінде, тағы да жаңа жұмыс орындары ашылған. Шаруашылықтың наубайханасында дәмі тіл үйіретін нан өнімдерінің оннан астам түрі дайындалады. Нан сататын дүкендеріндегі әр бөлке нанның бағасы – 75 теңгеден. Сондай-ақ бұл жерден жартылай фабрикаттарды да, тартылған етті де арзан бағамен сатып алуға болады.

Игілігін ел көріп отырған кластерлік жүйе шаруа­шы­лыққа да тиімді. Оңқай асықтай үйіріліп тұрған шар­уаның ауқымын кеңейтуді ойластырған шаруа­шы­лық басшылары алдағы уақытта өнім түрлерін еселей түспек. Сайып келгенде ересен еңбекпен егін егіп, мал өсірген шаруашылықтар өнімдерін шикізат күйінде емес, өңдеп өткізсе, ісі өрге басатындығын нақты ісімен дәлелдеп отырған осы бір қадамның бүгінгі тынысы өзгеге өнеге.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы