Ақтөбе облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, бала тәрбиесі алаңдатарлық отбасылардағы жағдайды қадағалау мақсатында «Отбасы» акциясы өтіп жатыр.
Жыл соңына дейін созылатын іс-шаралар барысында полиция мен қалалық білім беру мекемелері қызметкерлерінен құралған топ тіркеуде тұрған қолайсыз отбасылар, полиция есебіне алынған кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жеке-дара жұмыс жүргізеді. Қалалық білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен мектептердің әлеуметтік педагогтерінен құралған топ өгей бала тәрбиелеп отырған отбасылардың үйлерін аралауды да жоспарға енгізді.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында 186 қолайсыз отбасы, құқық бұзушылыққа бейімдігі үшін полиция есебіне алынған 150 кәмелетке толмаған жасөспірім тіркеуде тұр. Сонымен қатар 350 отбасында 600-ге жуық өгей бала тәрбиеленіп жатыр. Биылғы күз-қыс мезгілінде жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-аналарының қарауынсыз көшеде жүру деректері жиілеп кетті. Оның үстіне, қашықтан оқытуға байланысты мектеп мұғалімдері оқушыларды бұрынғыдай жеткілікті деңгейде бақылай алмай отыр. Бала тәртібі мен тәрбиесі үшін ең алдымен ата-анасы жауапты болса да, жағдайды бақылаудан шығарып алған ата-аналар қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Соның бір дәлелі, осы жылдың соңғы тоқсанында ата-аналық міндетін толық орындамаған 7 ата-ана ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 тұрмысы нашар отбасы есепке қойылды. Мұнымен бірге кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қарауына 23 іс жіберілді. Облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы Жаңа жыл мерекесі мен оқушылардың қысқы каникулы кезінде мектеп пен колледж оқушылары арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шараларды күшейтуді жоспарлап отыр.
Ақтөбе облысы