Пандемия
Жаһанды белгісіз індет жаулап, адамзаттың қалыпты өмірін бір сәтте өзгертіп жіберді. Біз білетін тіршілік жаңаша сипат алып, пандемия әсерін сезінбеген жан қалмады. Дүние жүзінде барлығы 82 млн-нан астам адам вирус жұқтырып, оның 1 млн 800 мыңнан астамы қайтыс болды. Вирустың белгісіз бұл түрі 191 елде тіркелді. UNESCO-нің мәліметіне сенсек, 264 млн бала мектепке бармай, үйінен сабақ оқыған. Бұл жаһандық дағдарыстың барлық салдарын анықтап, бағалау үшін бірнеше жыл кететіні анық.
Экономикалық кризис
Пандемияның салқыны тиген ең ірі салалардың бірі экономика болды. Пандемия табысы аз елдерден бастап дамыған алпауыт мемлекеттерге дейін әсер етті. Ұлыбритания экономикасын рецессияда деп мәлімдеді. Әлем халқының үштен бірінен көбі «үй қамақта» отыруға мәжбүр болып, жаһандық экономика тұралап қалды десе де болады. Оған қоса «Брексит», АҚШ – Қытай текетіресі де ғаламдық экономиканы баяулатқан-ды. 2020 жылы елдердің ішкі жалпы өнімі де төмендей түсті. Мамандар бұл дағдарыстан қашан шығатынымызға нақты болжам айта алмай отыр.
Минскідегі шерулер
Посткеңес аумағы биыл саяси жанжалдарға қатысты жиі аталды. Оның бірі – Беларусь Республикасында болған наразылық. Президент сайлауының нәтижесіне разы болмаған тұрғындар бейбіт шеруге шыққан-ды. Алайда соңы қақтығысқа ұласқан жанжалдан зардап шеккендер де бар. Бұл елдегі саяси ахуалдың күрделене түсіп, халық пен билік арасындағы байланыстың алшақтай түскенін анық көрсетті. Наразы халық әлі дегеніне жетпесе де, елдегі билікке деген салқын көзқарасты байқамау мүмкін емес.
Қарабақтағы қақтығыс
2020 жыл көптен бері жалғасып келе жатқан күрмеуі қиын күрделі мәселелердің шиеленіскен жылы ретінде есте қалды. Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабаққа байланысты жер дауы биыл қайта өршіді. Қарулы қақтығысқа ұласқан осы соғыста Әзербайжан өзінің Армения басып алған тарихи аумағының белгілі бір бөлігін қайтарып алды. 10 қараша күні тараптар келісімге келіп, аймақта атысты және барлық әскери әрекетті тоқтату туралы мәлімдеме жасалды. Осылайша, өтіп бара жатқан жыл Әзербайжан мемлекеті үшін тарихи кезеңге айналды.
АҚШ-тағы сайлау
2020 жыл қай жағынан алсақ та оқиғаға бай болды. Биыл әлем елдері аса қызығушылықпен бақылаған саяси жаңалықтардың бірі – Трамп-Байден бәсекесі болғаны сөзсіз. Сарапшылар жасаған алдын ала болжамдардың бір-біріне керағар болуы мен қай кандидаттың жеңіске жететінін соңына дейін білмеу саяси бәйгені қыздыра түсті. Пандемия жағдайында өткен сайлауда дауыс беру тәсілдері де өзгерді. Тартысты бәсекеде жеңіске жеткен 78 жастағы Джо Байден – АҚШ тарихындағы жасы ең үлкен билеуші. Ал Камала Харрис болса тарихтағы вице-президент атанған алғашқы өзге нәсілді әйел.
Көрші елдегі кезекті «төңкеріс»
Парламент сайлауын қайта өткізуді талап еткен наразылықтың соңы жалпыұлттық қақтығысқа ұласты. Нәтижесінде ел президенті Сооронбай Жээнбеков өз еркімен отставкаға кетті. Індетпен қатар жанжалдың алдын алуға тырысқан билік қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырумен болды. Бұл оқиға елдің экономикасына және инвестициялық ахуалына әсер етіп қана қоймай, көптеген заң бұзушылық фактілері де тіркелді.
Қиыр шығыстағы ереуіл
Ресейдің қиыр шығысында қала тұрғындары Хабаровск аймағының экс-губернаторы Сергей Фургалды қолдау үшін алаңға шықты. Қатысушылар мұндай ірі жиындардың қалада бұрын-соңды болмағанын айтқан. Губернатордың тұтқындалуы, сот отырысының өзге өңірде өтуі және биліктен кетуі халықтың ашуын келтіріп, қоғамдық резонанс тудырды. Тергеу барысында саясаткер бірнеше адам өлімін ұйымдастырды деп айыпталған. Шілде-қыркүйек айларына созылған мыңдаған адам жиналған митингтер Ресейдегі биылғы айтулы оқиғалардың біріне айналды.