Киноиндустрия саласында балаларды қызықтыратын жанрдың бірі – мультфильм. Ал өзге тілдегі мультфильмдерді балалардың өзі қазақша дубляж жасаса ше? Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары анимациялық фильмдерді қазақ тіліне аудару арқылы дыбыстауды қолға алды. Мақсат – қазақтілді контентті дамытып, дубляж ісін насихаттау.
– Қашықтан оқыту басталғалы бері бос уақытымыз көбейді. NIS Graphics клубының мүшелері арасындағы байланысты үзбеу үшін бірнеше мультфильмді қазақ тіліне аударып, оларды дыбыстауды қолға алдық, – дейді клубтың негізін қалаушы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Елдосова.
Дубляж ісіне қызыққан оқушылар дыбыстаған туындылардың арасында «Мой маленький Пони», «Холодное сердце» және «Суперкрошка» мультфильмдері бар. Оқушылар анимациялық кейіпкерлердің әңгімесін ілеспе аудармамен аударып, сапалы дубляж жасау ісіне машықтанып жатыр.
– Бұл – біздің алғашқы тәжірибеміз. Соған қарамастан, дубляждың сапасы талапқа сәйкес болуына баса назар аударып отырмыз. Өйткені кейіпкерлердің мінезі мен эмоциясын сол күйінде жеткізу үшін толық рөлге ену керек. Болашақта дыбыстауды сапалы деңгейге көтеріп, ұзақметражды фильмдерді қазақ тіліне аударуды көздеп отырмыз, – деді Аружан Елдосова.
NIS Graphics клубының мүшелерінің айтуынша, елімізге шетелдік медиаөнімдер кеш жеткізіледі. Ғаламторда қазақстандық көрермен үшін ана тілімізге аударуды қажет ететін фильмдер әлі де көп. Сол себептен атыраулық оқушылар ғаламтор кеңістігінде қазақ тілді медиаөнімнің көбеюіне үлес қоспақ.
Атырау облысы