• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қаңтар, 2021

Жас болса да жасындай тиеді

655 рет
көрсетілді

Кәмила Макина өте жас тергеуші. Ол 2019 жылы Қарағандының ішкі істер академиясын бітіріп келіп, Петропавл қалалық полиция басқармасына тергеуші болып орналасқан. Былтыр 80-ге жуық адамды тақырға отырғызып кеткен алаяқтың ісін сотқа жеткізіп, оны үш жарым жыл бас бостандығынан айыруға қол жеткізді.

Бұл – жас тергеуші үшін үлкен табыс. Өйткені алаяқ әйел барынша әккі, адамдардың сеніміне оңай кірген. Сондықтан оны мойындату үшін бұлтартпас заттық деректер мен айғақтарды табу керек болды. Жәбірленушілерде тек қана оның берген қолхаты болған.

Алаяқ әйел жәбірленушілерден «диплом жасап беремін» деп 350 мың теңгеден алып отырған. Уни­верситетте әдіскер болып істей­тінін айтып, жәбірленушіні жедел­детілген бағдарлама бойынша бір-ақ жылда диплом алуға болатынын айтып сендіреді. «Тек ақысы 350 мың теңге» деген. Өзінің сөзіне сендіру үшін «клиентті» университетке әкеліп, корпустарды аралатып, экскурсия да жасатқан. Тіпті диплом табыс етілетін күнді де айтып, жәбірленушінің күдігін сейілте түскен.

Бұл арада жәбірленушілердің де құқық бұзушылыққа өз еркі­мен барғандарын айтпай кетуге болмайды. Өйткені олар оңай жолмен жоғары білімнің дипломына оқымай-ақ қол жеткісі келген. Сон­дықтан олардың көбі ақша­ла­ры­нан не себепті айырылып қал­ғандарын полицияға жазып беруден бас тартқан.

Тек 2019 жылдың қазан айында ғана қаланың екі тұрғыны ақша­ларын қолды қылған әйелдің үсті­нен Петропавл қалалық Поли­ция басқармасына арыз түсірген. Оңай диплом алудың ауылы алыс­тап кеткенін көрген соң ғана екі жәбірленуші полицияға шағы­ну­ға мәжбүр болған. Міне, осы қай­шы­лық­ты қылмысты ашу жас тергеуші Кәмила Макинаға жүктеледі.

Тұратын мекенжайы, төлқұ­жа­тының деректері белгілі бол­ған алаяқ әйелді табу қиынға түскен жоқ. Ол тіпті бой жасыруды да ойламаған. Өз үйінде күйеуі және екі қызымен бірге тұрып жатқан. Талай адамды қан қақ­сатып, барлығы 20 млн тең­ге­дей қаражатты заңсыз иеленген әйел­ге мүлде ұқсамайды. Сыпайы, ұстамды 39 жастағы келіншек. «Оны көрген сәтте мен бұл әйелдің алдауына түсіп қалмауды алдымен ойладым. Оның әдептілікпен айтқан өтіріктерін бойыма да­рыт­пау­ға тырыстым. Егер мен сәл-пәл ғана психологиялық бо­саң­дық жасасам ол мені арбап алар еді», дейді Кәмила Макина.

Осы сәттен бастап жас тер­геу­ші қылмыстың дәлелдері мен деректерін іздеуге кіріседі. Үш айға созылған тергеу нәтижелері бойынша жәбірленушілердің көрсетпелері, заттық айғақтар, ақшаны қай жерде, қай уақытта, қандай жағдайда алғаны және т.б. толық жиналады. Бұлтартпас дәлел әйелді қылмысын толық мойындап, тергеушінің айтқан талаптарын орындауына мәжбүр етеді. «Әйел артынан айлалы әрекеттерінің бүге-шүгесін қалдырмай өз аузынан айтып берді. Нақты деректер мен дәйектерден бұлтара алмай, екі жыл бойы адамдарды қалай алдағанын айтып беріп, қылмысын мойындауға мәжбүр болды. Кері­сін­ше, жәбірленушілердің бәрі бірдей жауап беруге құлшыныс танытпады. Бұлтартпас дәлелдерден кейін ғана өздерінің ЖОО дипломын немесе сертификаттарын оңай жолмен алғысы келгендерін мо­йындады. Жүргізуші куәлігін қай­таруға көмектесемін дегенге ақ­ша төлегендер болған», деді аға лейтенант К.Макина.

Өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде атқарған жас тергеуші әріптестері арасында зор құрметке бөленді. Оған мерзімінен бұрын «аға лейтенант» шені берілді. «Алаяқтыққа байланысты қылмыстық істерді тергеу аса күрделі. Көп томды бұл істер жұмысты жаңадан бастаған тергеуші үшін оңай болған жоқ. Әрине оған аға буын әріптестері көмектесті. Тергеудің нүктесін қою үшін түн жарымына дейін жұ­мыс істеп, түрлі адамдардың тағдырымен танысуына тура келді. Мұның бәрі жас қызметкерге өмір мектебіне айналды», дейді өз ойы­мен бөліскен тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.

Осы уақытқа дейін Кәмила Макина 50-ден астам қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеуін аяқ­та­ған. Қазір ол басқармадағы білікті тергеуші болып саналады.

 

ПЕТРОПАВЛ