Ұлттық академиялық кітапханада ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Ордалы елге отыз жыл» атты иллюстративті кітап көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеге ел Тәуелсіздігінің дамуы мен мемлекет ретінде қалыптасуын, сондай-ақ еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстарын баяндайтын екі мыңнан аса кітаптар қойылды.
Көрменің мақсаты – аз уақытта ордалы елге айналған тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасай отырып, Түркі Қағанаттары, Алтын орда мен Ақ орданың және Қазақ хандығының құрылуынан бастап, халықаралық қауымдастықтың төріне шыққан бүгінгі Қазақстанның жетістіктерін көпшілік қауымға ұсыну. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқылы еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстарын, сондай-ақ қазақстандық қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту.
Көрменің «Бабалар арманы ─ Мәңгілік ел» атты бөлімінде тәуелсіздік жолында күрескен тарихи кезеңдерге шолу жасалған. ХVІІІ-ХХ ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше ірі ұлт-азаттық қозғалыстардың, қазақ халқының тәуелсіздік пен дербес даму жолында Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістері туралы маңызды деректер топтастырылған. Сондай-ақ Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды жетекшілік еткен ұлт зиялыларының жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты кітаптары мен зерттеу еңбектері берілген. Ал «Ордалы елге отыз жыл» атты бөлім егемен Қазақстанның дербестігін қалыптастыру мен еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітіп және мемлекетіміздің шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озған кезеңдерін сипаттайтын бөлігі.
Жиын соңында 2021 жылды Ұлттық академиялық кітапхана бастамасымен Балалар әдебиеті жылы деп жариялау ұсынылып отыр. Көрме жыл бойы жалғасатын болады және жаңа мәліметтермен жаңартылып, толықтырылады.