Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеуді аяқтады.
10 қаңтарға тағайындалған кезекті Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу мәселесі бойынша ОСК отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. Ол 2020 жылғы 29 желтоқсан мен 2021 жылғы 4 қаңтар аралығындағы кезеңде Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге қосымша 4 халықаралық ұйым мен 7 шет мемлекеттен 24 байқаушының кандидатурасы ұсынылғанын хабарлады.
Отырыста ОСК төрағасы Берік Имашев халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселе комиссияның 7 отырысында қаралғанын атап өтті. Сайлау туралы заңға сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу дауыс беру күніне бес күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 4 қаңтар сағат 18.00-де аяқталды. Осылайша, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына барлығы 398 байқаушы аккредиттелді, оның ішінде 10 халықаралық ұйымнан – 322 байқаушы бар: ТМД Парламентаралық Ассамблеясы – 48, ТМД Атқарушы комитеті – 179, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы – 4, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы – 42, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы – 9, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – 15, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі – 7, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Парламенттік Ассамблеясы – 7, түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы – 9, ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі – 2. Ал 31 шет мемлекеттен 76 байқаушы тіркелді: Иордания, Қырғызстан, Мальдив, Молдова, Түркия, Әзербайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан, Филиппин, Мажарстан, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина, Ұлыбритания, Моңғолия, Швеция, Канада, Финляндия.