• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Қаңтар, 2021

Вакциналау – өмір талабы

3459 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта көпшілік арасында вакцинация, яғни екпе туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл, әрине, бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының адамзатқа тажал сеуіп, ауыр зардап шектіріп, айы­лын жимай отырғанына тікелей байланысты туындап отыр. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келеді.

Ауруға қарсы егу шаралары ерте кезден басталған. Дүние жүзі бойынша шешекке қарсы вакцина қажет екендігі туралы сөз 1100 жылы Қытайда қозғалған. Араға жүздеген жылдар салып, яғни 1721 жылы тұңғыш рет Ұлыбританияда шешекке төтеп беретін дәрі шығару қолға алынады. Эдвард Дженнер 1796 жылы алғаш рет «вакцинация» (латын тілінен аударғанда вакцина сөзі «vacca» - сиыр, vaccіnus – сиырдікі, яғни сиыр оспасы деген сөзден бастау алды) сөзін енгізді. Сол жылы сиыр шешегіне қарсы вакцинаны қолданып, екпе жасайды. Уақыт өткен сайын кездескен түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаны ғылыми тұрғыда дәлелдеп шығу үшін талай тер төгуге тура келді. Ізденімпаз ғалымдардың көп жылғы ерен еңбектері арқылы ауру түрлеріне қарсы вакциналар пайдаланылып келеді. Ол жылдар бойғы еңбектің нәтижесі.

Вакцинация балалар мен ересек­тер­ді полиомиелит, қызамық, қызыл­ша, көк­жөтел, гепатит, сірес­пе, тубер­ку­лез­­дің күрделі түр­ле­рі сияқты қауіпті аурулардан қор­ғау­ға көмектеседі. Оған басым көп­шілік түсіністікпен қарай­ды. Мұхам­мед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде: «Алла Тағала ауруды жіберсе, оның емін де жібереді және емін тауып емделіңіздер» дейді. «Егер оба ауруы туған жерді білсеңіз ол жерге бармаңыздар. Ал соның ішінде болсаңыздар, ол жерден шық­паңыздар» деген де бар», дейді дін қызметкерлері. Вакциналарға қарсы адамдар әрдайым болғанымен, көпшілік XX ғасырдың ең үлкен денсаулық жетістіктерінің бірі ретінде вакцинациялауды қолдайды. Ұлыбританиядағы ислам дәрігері Абдул Маджид Катме мұсылман балаларын түрлі ауруларға қарсы вак­цинамен егуге тыйым салды. Олар­дың ойынша, адам мен жануардың талшықтарынан жасалған дәрі-дәр­мек­ке ислам діні қарсы. Мәселен, кейбір вакцинаның құрамында шошқа дірілдегі (желатин) бар екен. Ислам дәрігерлерінің басшысы Абдул Маджид Катменің айтуын­ша, сәбиді екі жасқа дейін емізу арқылы мұсылман бала­ла­рының ағзасы кез келген ауруға тө­теп береді екен. Катменің бұл айтқан сөзін Нигерия, Ауғанстан, Пәкістан елде­рінің дәрігерлері де қолдап отыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметтеріне сүйенсек, осы елдерде вакцина қабылдаушылар саны артты.

Егулерге қарсы үгіттеу еліміздің кей­­бір аймақтарында әлі де тіркелуде. Ол халық денсаулығына үлкен зиян келтіруде. Мысалы, ТМД елдерінде 90-жылдары дифтерия сырқаты өрші­ген. Қазақстанда дифтерияның өршуі 1995 жылы тіркелді, онда республикада бір жылда дифтериямен 1 105 адам сырқаттанып, оның 66-сы қайтыс болды. Өршу жағдайы халықты вакциналау арқылы ғана тоқтатылды.

Вакциналау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда. Бірақ соңғы жылдары қоғамда егу мәселесіне теріс қарайтындар (әсіресе, діни ағымдар жетегінде жүргендер арасында), тіпті оған қарсы пікір айтатындар пайда болды. Оның тиімділігін теріске шығарып, жас балаларын індетке қарсы еккізбеудің салдарынан кей аймақтарда қауіпті инфекциялар бас көтеріп, сәбилерді ауруға ұшыратып, өлім-жетімге жеткізіп жатқаны өкінішті. Қазір де ковидке қарсы ем-шаралар арасында вакциналау ісі алдыңғы орында тұр. Біраз мемлекеттерде (АҚШ-та, Англияда, Ресей Федерациясында, Қытайда, Израильда, Германияда және т.б.) COVID-19 қарсы егу шаралары басталып кетті. Біздің елде де қасіреті мол аурудан қорғау мақсатында халықты жалпы вакциналау таяу айларда жүргізіледі деп күтілуде. Әдетте вакцина дайындау технологиясы мен өндірісіне 3-5 жыл керек, себебі вакциналар көптеген тестілерден өтеді және келесі тест алдынғы тесті нәтижелі болған жағдайда әрі қарай тестіленуі жалғастырылады. Бірақ қазіргі өмір талабына сай, ковидке қарсы екпе ауадай қажет болып тұрған сәтте, ғалымдар уақытпен санас­пай, оның дайындау мезгілін барынша қысқартып, қысқа уақытта қолдануға берді.

Вакциналау дегеніміз не? Вакци­налау – адам инфекция қоз­дыр­ғыштарымен байланысқа түс­кенге дейін аурудан қорғанудың қара­пайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакциналау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзім­ділікті арттырады және иммун­дық жүйеңізді күшейтеді. Аурулар сияқты вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелер жасауға үйретеді. Алайда вакцинада тек ауру қоздырғыштарының – ауру тудырмайтын және онымен асқыну қаупін тудырмайтын қоздыр­ғыш­тарының өлтірілген немесе әлсі­ре­ген түрі ғана бар. Вакциналардың көбісі инемен егіледі, дегенмен ауызға салынатын және мұрын аэрозольдері де бар. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасып, бірнеше жыл бойы сақталады.

Елімізде профилактикалық егудің Ұлттық күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әр емханада егу кабинеттері жасақталып, балаларға жоспарлы түрде вакцинация жүргізілуде.

Вакциналау несімен маңызды? Вак­ци­налау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Қазір дифтерия, сіреспе, көкжөтел, тұмау және қы­зылша сияқты аурудан қорғайтын вак­цина бар. Жалпы алғанда, бұл вак­­­циналар жыл са­йын 3 миллиондай адамның өмірін әртүрлі дерттен қор­ғайды. Егер вакцина алсақ, біз өзі­міз­ді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз. Кейбір адамдарға, мысалы ауыр науқастарға белгілі бір вак­цина алуға болмайды, сондықтан олар ауру таратпау үшін басқа адам­дар­дың вакциналауына тәуелді. Бұл күндері COVID-19 пандемиясы кезінде вакциналау өте маңызды болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) COVID-19 тудырған қиындыққа қарамастан, иммунизация және ден­саулық сақтау қызметін үздіксіз жет­кі­зу­ді қамтамасыз етуге шақырды.

Вакцина қалай жұмыс істейді? Вак­циналар қоздырғышқа имму­нитетті қалыптастыру үшін табиғи қорғаныс механизмін іске қосу арқылы ауру қаупін азайтады. Вак­циналау ағзаның иммундық реакция­сын тудырады, яғни антиденелер шығара бастайды. Антидене – бұл ағзаның иммундық жүйесі аурумен күресу үшін табиғи жолмен түзілетін ақуыздар. Олар болашақта аурумен күресу үшін қоздырғышты есте сақтайды. Егер сол қоздырғыш ағзаға қайта енсе, иммундық жүйе аурудың дамуына жол бермей, оның көзін жояды. Адам бойындағы иммундық жүйенің есте сақтау қасиеті жақсы дамыған. Бір немесе бірнеше вакцина алғаннан кейін, белгілі бір аурудан ондаған жыл бойы, тіпті өмір бойына қорғаныш аламыз. Сондықтан вакцинаны тиімді етеді. Вакцина біздің ауырып қалуымызға жол бермейді. Қазіргі кезде алдын ала егудің нәтижесінде көптеген жұқпалы ауру­лар (мысалы шешек) жойылды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жылына 500 млн адам жұқпалы ауруға шалдықса, оның 400 млн-дайы егіл­мегендер екені анықталып отыр. Сон­дық­тан әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы күресте егудің маңызы зор еке­ніне еш күмән келтірілмейді.

Иммунды жүйе қызметі туралы білім­нің жетіле түсуіне байланысты вак­циналар қолдануы әрі қарай кеңей­ті­луде. Онкологиялық аурулардың им­му­нотерапиясына қолданатын препарат­тар өндіріліп жатқанын, тіпті жатыр мойнының қауіпті обырын болдырмау үшін екпе жүргізілетіні белгілі. Келешекте – аллергия, аутоиммунды аурулардың алдын алуына және емдеуге арнайы дайындалған вакциналар шығару міндеттері тұр.

Вакцина адам мен қауымды қалай қор­ғайды? Вакциналар иммун­дық жүйе­ні вирус пен бактерия­лар­ды тануға, оны­мен күресуге үйретуге бағытталған. Егер денеге кейінірек осы патогендік қоз­дыр­ғыштар әсер етсе, оны тез жою­ға дайын болады, бұл аурудың алдын алады. Егер адам ауруға қарсы вак­цина алған болса, жұқтыру қаупі төмен­дейді, демек, ауруды басқаларға тара­туы азаяды. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, со­ғұрлым ауру қоздырғыштың адам­нан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Егер ха­лық­тың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетеді. Бірақ ұжымдық иммунитет көп адам вакциналанғанда ғана тиімді. Мысалы, сіреспе індеті қоршаған орта­дағы бактериялардың әсерінен болады және оны басқа адамдар таратпайды. Сондықтан қоғамда көп адам вакцина алмаса, вакциналанбаған адам бұл аурудан қорғана алмайды.

Вакцина алу қажет пе? Вакцина ал­ма­сақ, қызылша, менингит, пневмония, сіреспе және полиомиелит сияқты ауыр дертпен ауыратындар саны өсе түседі. Бұл аурулар адам өміріне, денсаулығына қауіп төндіреді. ДДҰ вакцина жыл са­йын 2-3 миллион адамның өмірін сақтайды деп мәлімдейді. Кейбір инфекциялық ауру сирек кездессе де, оның қоздырғыштары әлемнің кейбір немесе барлық аймағында бар. Қазір әлемде жұқпалы ауруларда шекара жоқ, бір елден екінші елге оңай еніп, иммунитеті төмен кез келген адамға жұғады.

Вакцина алудың екі негізгі себебі: өзіңіз­ді және айналаңыздағы адамдарды жұқпалы аурулардан қорғауға көмек­те­седі. Мысалы, жыл сайын штамын өзгертіп отыратын грипп, яғни тұмау ауруының тұрғындар арасында жеңіл өтуін қамтамасыз ету мақсатында күзде оған қарсы иммунизация жүр­гізіледі. Соның нәтижесінде, тұмау ел арасында асқынбай, жеңіл-желпі өтуде. Егер мұндай шара өткізілмесе, өткен ғасырда 50 миллион адамның өмірін жал­маған «испан тұмауы» сияқты, мил­лиондаған адам өміріне қауіп төнер еді. Бүгінде ковид инфекция­сы әлемді шарлап кетті. Жүздеген мың (соңғы мәліметтер бойынша 1,5 миллионнан астам) адам КВИ-ден көз жұмып жатыр. Ғалымдар аурудың шығу тегін зерттеп, дертке қарсы ем-дом іздеп әлек. Оны жоюдың бір жолы – оған қарсы вакцина әзірлеп, халық арасында екпе жүргізу. «Вакцина неге керек?» деген сұраққа жауап осындай. Ресей ғалымдары әзірлеген «Спутник V» вакцинасы келісім бойынша Қарағандыда өндіріле бастады. Бұл адамдарды КВИ-ден қорғауға үлес қосады деп күтілуде.

Жамбыл облысы Қордай ауда­нын­­дағы Гвардейск әскери кентін­дегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ ғалым-мамандары коронавирусқа қарсы вакцина әзір­леуді 2020 жылы қолға алған болатын. Заман талаптарына жауап беретін қондырғылар және күрделі технологиялық ба­ғыт­­­тар көмегімен қазір оның бірнеше түрі дайындалып, екі кезеңділік сы­нақ­тан өтіп, енді үшінші клиникалық сынағы тәжірибе жүзінде Алматы (2 мың адам) және Тараз (1 мың адам) қала­ларында еріктілер тобы арасында екпенің клиникалық қолдану жұ­мыс­тары басталды. Алғашқы нәти­же­лер жаман емес, вакцина адам денсау­лы­ғы­на қауіпті емес екен деген оңды мәліметтер бар. Ғалымдардың айтуын­ша, елімізде өндірілген вакцина тиімділігі жағынан шетелдік аналогтардан еш кем түспейді екен. Күні ертең елімізде дайындалған вакцина медициналық тәжірибеге енгізі­ле­тіні, еліміздің тұрғындарын ковид тәріз­ді қа­уіпті індеттен сақ­тауға елеулі үлес қоса­тыны күмән туғызбайды.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Нью-Йорк академиясының мүшесі

 

ТАРАЗ