Айнұр Мұратова – Махамбет ауданындағы Қосарал орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Ол «Табиғи индикатор алу және қолдану» тақырыбындағы жоба дайындады. Химия пәнін ұнататын оқушы алғашқы зерттеуін «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған әл-Фараби атындағы ғылыми жобалар байқауында сәтті қорғады.
Ғылымға бет бұрған оқушының ғылыми жетекшісі Сандуғаш Қабазованың айтуынша, аталған байқауға бұрын зерттелмеген, бірақ көптен ойда жүрген тақырып ұсынылыпты. Ал Айнұр Мұратова ғылыми жобасында табиғи шикізаттан қолмен алуға болатын индикаторларды (табиғи бояуларды) тәжірибе жүзінде дәлелдеп көрсетті. Сөйтіп, табиғи өсімдіктердердің құрамы қоршаған ортаның әсеріне байланысты түсін жиі өзгергетінін анықтады.
– Ұстазыммен бірге дайындаған жобаны тек химия сабағында зерттеу түрінде ғана емес, тұрмыста да қолдануға болады. Өйткені күнделікті ыдыс жууға пайдаланып жүрген «Миф», «Fairy», «АОS» секілді сұйықтар мен хош иісті сабындардың бәрі химиялық әрекеттесу арқылы алынады. Химия терминімен айтқанда, сілтілік және әлсіз сілтілік ортада дайындалады. Сондықтан табиғи өсімдіктерден бояу алу тақырыбын кеңірек зерттей беремін, дейді Айнұр Мұратова.
Оқушының айтуына қарағанда, табиғи өсімдіктердің құрамы, одан табиғи бояу алу тәсілдері мектеп бағдарламасының 5,6-сыныптардағы Жаратылыстану мен 7-сыныптың Химия оқулығына енгізілуі керек. Сонда оқушылардың ғылымға ынтасы арта түсер еді.
Атырау облысы