Партия төрағасы Азат Перуашев бастаған ақжолдықтар еліміздің шығысына сапарлап, жергілікті еңбек ұжымдарымен кездесті.
Шығыс Қазақстан өңіріндегі сапарын партия өкілдері Өскемен қаласынан бастады.
Ақжолдықтар алдымен Өскемендегі металлургиялық зауытқа барды. Бұл өндіріс тек өңірдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ірі өндіріс ошақтарының бірі саналады. Сондықтан партия өкілдері бұл ұжымның пікірін тыңдауды жөн санады.
Өндірісте 4 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ал зауыт өнімдері экспортқа шығады. «Ақ жол» партиясының өкілдері алдымен кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, ұжымымен кездесті.
Бұдан кейін Азат Перуашев бастаған арнайы топ жергілікті автобус паркінде болды. Бұл кәсіпорындағы жағдай салыстырмалы түрде күрделі. Өйткені жұмысшылардың дені егде жаста. Сәйкесінше, бұл өндірістің жұмысшыларын денсаулық күтімі мен зейнетке шығуға қатысты мәселелер алаңдатады. Жалақы мен баспана түйіткілдері тағы бар.
Дәл осы баспана мәселесі педагогтерді де мазалайды. Бұл жөнінде Жамбыл атындағы мектеп-интернаты ұжымымен болған кездесу барысында белгілі болды. Партия төрағасы бұл ұжымды да «Ақ жолдың» сайлауалды бағдарламасымен таныстырды және жергілікті жұмысшылар өздерінің жұмыс бағыты бойынша сұрақтар қойды, ұсыныстар жасады.
Дәл осындай форматтағы кездесу жергілікті су электр стансасының ұжымымен де болды. Бұл салада да көкейкесті мәселе көп екені белгілі болды.
Ұжым қызметкерлері әлеуметтік мәселелердің реттелмей тұрғанын, ал тұрмыстық жағдайдың кей кезде жұмыстың өнімді болуына кесір келтіретінін айтып өтті. Олар алдағы сайлауда белсенділік танытып, сайлау арқылы өз таңдауларын жасайтындарын жеткізді.