Ұлттық музейде «Бір туынды тарихы» жобасы аясында ЮНЕСКО жанындағы АІСА мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі, белгілі суретші Ботагөз Ақанаеваның «Теңіз ханшайымы» атты туындысы таныстырылды.
Туынды сәндік натюрморт жанрында орындалған. Сәндік натюрмортта сызықтарға, сұлбаға, олардың қозғалысына және таңбамен өзара әрекетіне басымдық беріледі. Сондай-ақ құрақ түріндегі аппликативті өрнектерді пайдалануға да болады.
Ботагөз Ақанаева сәндік үлгідегі заттар әлемін жиі бейнелейді. Бейнелейтін заттардың пішіні жайпақ әрі шартты болады. Жарық пен көлеңкені тұмшалайды. Сурет оқырманға жеңіл, қажет емес детальдардан арылған. Олардың орнына әрбір сұлба безендіріле түскен.
Сурет тігінен үйлестірілген, сондықтан заттардың (ваза, құмыра және бөтелке) пішіні тік, бір сызықтың бойына тұрғызылған. Бұл оларды форматқа жинақы орналастыруға мүмкіндік береді. Композицияның орталығы – картинаның ортасындағы вазаның ернеуіне орналасқан Теңіз ханшайымы – балық. Ол картинадағы жалғыз көлденең элемент болғандықтан назарды өзіне аудартады. Суретші туындысында символизмге жүгінген.
Балық өнерде табиғаттың символы саналады. Дәстүрлі түсініктерге орай, өмір қайнары –
су. Сондықтан бағзы заманда балықты тіршіліктің пайда болуының символы ретінде қастерлеген. Қытай тілінде «балық» және «молшылық» бірдей таңбаланып, бірдей дыбысталады.
Картинаға дәл симметрия, сәндік бояулардың қанықтығы, бояу дақтары мен сұлбалардың тепе-теңдігі, кеңістіктің тұйықтығы тән.
Айта кетейік, Ботагөз Ақанаева Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің түлегі, мамандығы бойынша театр декораторы. 1990-жылдан республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысқан.