• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қаңтар, 2021

Биылғы сайлаудың өзгешелігі көп

513 рет
көрсетілді

Мен бұл жолғы сайлауда өз таңдауымды жасадым. Бұл сайлау ерекше өтті деуге болады. Себебі, жаңа партиялар мен өзгерістер жасаған партиялар да тізімге еніпті. Сайлауалды жұмыстардың өзінен көп өзгерістер байқаған болатынмын. Мәселен, сайлау алдында ашықтық, қолжетімділік билік құрумен қатар, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес барлық кездесулер агитациялық сипатта өтті. Жамбыл өңірінде партия арасындағы дау-дамай деген сияқты ешқандай жағдайлар байқалған жоқ. Бұл тұрғыда жылдан жылға азаматтардың көзқарасы өзгеріп келеді. Әсіресе, бұрын көпшілік сайлауға бара бермейтін. Ал, қазір әрбір азамат отбасымен сайлауға міндетті түрде қатысып, өз таңдауын жасап, өзгерістерге үлес қосуда.

Жалпы, өз басым бұл сайлаудан көп өзгеріс күтемін. Адалдық пен парасаттылық, ел сенімі деген құндылықтар мен үшін бірінші орында тұрады. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің әрқайсысын жақсы танимын. Олар қоғамда беделді, өзіндік айтары бар, өз пікірі қалыптасқан азаматтар. Енді сайлау нәтижесінде жеңімпаз болған партиямен бірге кандидаттар алдағы уақытта кезең-кезеңімен бағдарламасын жүзеге асыратын болса, онда болашағымыз үшін қорқыныш жоқ. Әрбір кандидаттың бағдарламасымен танысып шықтым. Бұл ретте тағы бір айта кететін нәрсе, кандидаттардың тізімі жаңартылған. Мәселен, мен Байзақ ауданында тұрамын. Мұнда мәслихат депутаттығына үміткер азаматтар сайлауға бірінші рет қатысып отыр. Әдетте денсаулық сақтау, білім саласының басшылары немесе мемлекеттік мекеме қызметкерлері депутаттыққа кандидат болса, бұл жолы кәсіпкерлер кандидатурасы көп. Қарапайым мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Сол үшін мәслихат құрамына осындай қарапайым азаматтар енсе, сол ортадан шыққан соң адал қызмет етеді деген ойым бар. Негізінен әр кандидат адал, парасатты, әділ болса болды. Сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлік пен татулықта өмір сүрейік!

 

Назима Дәрменқызы

«Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі

«Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрайымы