Қарағанды облысы бойынша 778 сайлау учаскесі ашылып, партиялар атынан үш мыңнан астам азамат сенім білдірілген адам ретінде тіркелді. Барлық учаскелерде пандемия жағдайында дауыс беру үшін қауіпсіз санитарлық жағдай жасалды.
Сайлау күні Қарағанды облысында ТМД Парламентаралық Ассамблеясы атынан халықаралық байқаушылар тобы жұмыс істеді. Олар таң атысымен кеншілер астанасында және облыстың басқа қалаларындағы сайлау учаскелеріне барып, саяси іс-шараның барысын қадағалады.
Байқаушылардың бірі, Кузбасс парламентінің депутаты, Кемерово мемлекеттік университетіндегі Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі Алексей Зеленин сайлау барысы туралы айтқанда саяси науқанның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
– Қарағанды облысында жұмыс істеген делегациямыздың құрамында алты адам болды. Облыс орталығындағы бірнеше сайлау учаскесінде, сондай-ақ басқа қалаларда да болдық. Сайлаудың Қазақстан Республикасының заңнамасы сақтала отырылып, қалыпты жағдайда өткеніне куә болдық. Сайлаушылардың өз таңдауларын ерікті түрде жасауына ешқандай кедергі болмады. Ең бастысы, эпидемиялық қауіпсіздік шаралары сақталып, барлық учаскелер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді, – деп атап өтті ресейлік байқаушы.
Қарағанды экономикалық университетінде орналасқан №66 сайлау учаскесінің басшысы Сайран Ұлақов алғашқылардың бірі болып 85 жастағы ақсақалдың дауыс бергенін айтты.
– Біздің учаскеде 80 жастан асқан 90-ға жуық адам бар. Олардың бәріне алдын ала телефон соғып, хабар бердік. Қариялардың көбі өз аяғымен келіп, дауыс берді. Жағдайлары келмегендеріне арнайы мамандар барып, олар үйлерінде өз таңдауларын жасады. Әрине, пандемия өз дегенін істеді. Ең бастысы, сайлау учаскесінде санитарлық іс-шаралар қатаң сақталды. Дауыс беру залында ылғалды тазалау, кварцтау, желдету жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ учаскеде еріктілер кезекшілік етті. Олар келушілерге ережелерді түсіндіріп отырды және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесті, – деді ол.
Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сенсек, Қарағанды облысы бойынша түске дейін сайлаушылардың 33,5 пайызы учаскелерге келіп, өз таңдауларын жасаған екен. Түстен кейін де өңір тұрғындары белсенділік танытып, саяси науқанның ұйымшылдықпен өтуіне өз үлестерін қосты.
Қарағанды облысы