Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауына ақмолалықтар белсенді қатысты деп атап өтті Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы байқаушылары штабының жетекшісі Ерлан Зәкіриянов.
Оның айтуынша, аймақтағы 722 сайлау учаскесінде таңнан кешкі сегізге дейін 378 206 адам дауыс беріп, өз таңдауын жасаған. Ерлан Зәкіриянов бұл жолғы саяси шарада облыс жастары аса белсенділік танытқанын атап өтті.
«Облыс аумағында Франция, Германия, Ресей және тағы басқа елдерден барлығы 17 халықаралық байқаушы тіркеліп, өңіріміздің Ақкөл, Целиноград, Шортанды және Степногор мен Көкшетау қалаларында сайлау барысын бақылады. Саяси науқанда ешқандай заң бұзушылық фактісі тіркелген жоқ. Сайлау барысында жастардың белсенділігін атап өтсек деймін. Әсіресе 30 жас пен 45 жас аралығындағы азаматтар аса белсенді болды. Таңнан кешке дейін Ақмола облысының сайлау учаскелерінде барлығы 378 206 адам дауыс берді», деді облыстық байқаушылар штабының жетекшісі.
Жиын барысында «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі Ақмола филиалының төрайымы Ирина Терентьева да сөз сөйлеп, сайлау барысы туралы тарқатып айтып берді.
Айта кететін тағы бір жайт, Ақмола облысында 722 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 697-сі ашық учаскелер. Облыстың Азаматтық альянсынан және кәсіподақтардан 1005 байқаушы тіркеліп, жергілікті сайлау учаскелерінде жұмыстарын атқарды. Бұдан бөлек сайлауға қатысып жатқан бес партияның атынан 1723 өкіл байқаушы ретінде тіркелді.