Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында цифрландыру барлық реформаның басты элементі екеніне маңыз берді. Бұл – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы, табысты болудың басты кілті. Соның ішінде білім беру, экономика, халыққа қызмет көрсету салаларын цифрландыруға қарқын беру түбегейлі өзгерістерге серпін бермек.
Қазіргі күнде әлемнің дамыған мемлекеттерінде «цифрлы экономика» термині жиі қолданылады. Бұл ұғым ілгерілеудің күретамыры саналатын экономиканың түрлі салаларын цифрлы трансформациялауға негізделген жаңа технологиялардың дамуына байланысты пайда болды. Сарапшылардың пайымдауынша, 2035 жылға қарай Жапонияда қызмет көрсету мен жұмыс үдерісінің жартысынан астамы автоматтандырылатын болса, АҚШ-та роботтар барлық жұмыстың 47 пайызға жуығын орындамақ. Әсіресе жаңа технологиялар бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, ауыл шаруашылығы, көлік және тау-кен салаларына кеңінен енгізілмек.
Халықаралық менеджментті дамыту институтымен жыл сайын құрастырылатын экономикалардың цифрлы бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан 36-орынды иеленді. Бұл ретте цифрлы дағдылардың даму деңгейі бойынша еліміз 4-орынға ие болса, бизнес-сараптамада ауқымды деректерді пайдалану бойынша 13-сатыға, ал технологиялық трансферт бойынша 38-орынға қол жеткізді.
Елдің болашағы – цифрлы технологияда. Цифрландыру арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, әлеуетімізді арттыратынымыз белгілі. Оны күнделікті өмірімізге енгізу барысында азаматтардың цифрлық сауаттылығын көтеру, тұрғындардың экономикалық белсенді тобының құзыреттілігін дамыту үлкен маңызға ие. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мамандарды даярлаудың тың бағыттарына бет бұрды. ЕҰУ – «QS Top 50 Under 50» жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингіне кірген еліміздегі бірден-бір білім ордасы. Сонымен қатар оқу орны – Еуразиялық университеттер қауымдастығының, Азия университеттері қауымдастығының, Түркі елдері университеттері одағының, ТМД елдерінің Желілік университетінің, Шанхай университеті ұйымының, STARNET және ICRA-Net сынды ұйымдардың мүшесі.
Университеттің Ақпараттық технологиялар факультеті экономика мен педагогиканың түрлі салаларындағы ақпараттық технологияларға, ақпараттық жүйелерді әзірлеу бойынша жоғары технологиялық жобаларды басқаруға, компьютерлік инженерия мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге, жасанды интеллект жүйелері мен өнеркәсіптік робот-техникаға байланысты жоғары білікті кадрларды даярлауды серпінді жүзеге асырып келеді. Бүгінде оқу орны IT-мамандықтары бойынша қазіргі заманғы жоғары білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын, оқытудың жаңа инновациялық нысандарын енгізуге, білім алушылардың заманауи шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен маңыз береді. Бұлардың барлығы да экономиканы цифрландыруға, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің күшеюіне әсерін тигізетіні белгілі.
Көптеген операцияны автоматтандыру экономиканың жаңа секторларында жаңа жұмыс орындарының пайда болуына алып келеді. Бұл мәселе жаһандық білім берудегі тың бағыт, жаңа тренд ретінде саналатын STEM тәсілі арқылы оңтайлы шешім табады.
2007 жылы АҚШ-та STEM-білім инновациялар мен мектептегі білім беруде көшбасшы ретіндегі мәртебесін сақтау үшін мемлекеттік деңгейде қолдау алды. Сондай-ақ Германия, Италия, Франция, Ұлыбритания сияқты Еуроодақ елдері білім берудің бұл түрін дамыту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылдады. Ал елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында робот-техника, 3D-принтинг сияқты STEM-нің басты элементтерін мектеп бағдарламасына енгізуге ерекше назар аударылуда. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептері мен өзге де жекеменшік білім беру ұйымдары аталған жаңашылдықтарды қолдана бастады.
Жаңа технологияларды дамытуға және басқаруға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға арналған зертханалар ашылып, STEM мұғалімдерін даярлайтын орталықтар пайда болуда. Еңбек нарығын зерделейтін болсақ, медицина, экология, нано-технологиялар секілді салаларда STEM сауаттылығы бар мамандарға деген сұраныс артуда. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындарының алдында тұрған негізгі міндеттерінің қатарына бакалавриат және магистратура деңгейінде қолданбалы білім беру бағдарламаларын құру, оқытудың инновациялық әдістемелерін енгізу мәселесі қойылып отыр. 2019 жылдан бастап отандық және шетелдік университеттердің өзара әріптестігінің нәтижесінде STEM мұғалімдерін даярлау сапасын арттыруға бағытталған арнайы жоба бастау алды. Осыған сәйкес ЖОО-ларда STEM Teacher Training магистрлік бағдарламалары әзірленіп, STEM Өңірлік ресурстық орталықтары құрылуда. Сондай-ақ бұл тарапта арнайы жобалық топ құрылып, алдын ала талдау, зерделеу жұмыстары қолға алынды. STEM-пәндерді оқыту ерекшеліктерін анықтауға және оның білім берудегі маңызын анықтау мақсатында педагогтер мен мектеп оқушылары арасында арнайы сауалдамалар жүргізіліп, тренингтер сериясы ұйымдастырылды. Ал өткен жылы серіктес университеттердің оқытушылары мен білім алушылары және мектеп мұғалімдерінің қатысуымен «STEM мұғалімдерін оқытуға кешенді тәсіл» атты халықаралық жазғы мектеп өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, осы оқу жылынан бастап Еуразия ұлттық университеті «STEM-білім беру» бағдарламасы бойынша магистратураға білім алушыларды алғашқы қабылдауды жүзеге асырды. Алмасу бағдарламалары аясында алдағы оқу жылында магистранттар ресейлік және шетелдік серіктес университеттерде оқуын жалғастырып, мектептерде STEM оқуын енгізу арқылы білім беру кеңістігін өзгерту дағдыларын алады. Бұл бастамалардың барлығы да цифрлы біліктілігі жоғары, білімді мамандардың даярлануына жол ашатыны рас.
Халқымыздың ойшыл перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлының «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деген ұлағатты сөзі бар. Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Келешекте елдің байлығы, даму көрсеткіші, халықтың әл-ауқаты жерасты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергеніне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байланысты болмақ. Бұл тұрғыда уақыт талабы мен заман ағымына бейімделген мамандардың бәсі басым болатыны белгілі.
Айнұр ЖҰМАДІЛЛАЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, STEM тобының жетекшісі