Microsoft Қазақстан және Алматы қалалық білім басқармасының «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми әдістемелік орталығы» қаланы цифрлы трансформациялау мақсатындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін бірлесіп қарастыруда. Бұл мақсатта тараптар оқу үдерісінің сапасын жақсарту және Алматы қаласындағы орта білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім беруді цифрлы трансформациялау саласындағы ынтымақтастықты ықтимал кеңейту мен дамытуды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ ықтимал ынтымақтастық цифрлы сауаттылықты, Алматы қаласы мектептерінің педагогтері мен оқушыларының цифрлы машықтарын және құзыреттерін арттыруды көздейтін болады. Жоба арқылы қаланың 200-ден аса мектебін қамту жоспарланып отыр.
Қалалық білім басқармасының басшысы Ляззат Жылқыбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда цифрлы құралдарды пайдаланбай, білім беруді елестету қиын. «Сондықтан ықтимал ынтымақтастық аясында Microsoft компаниясы ұсынуға дайын бірегей тәжірибе, үздік халықаралық практикалар және инновациялық технологиялар қаланың білім беру жүйесін табысты цифрлы трансформациялаудағы мақсаттарға жетуде көмегі тиетініне сенімдіміз», дейді ол.
Қазіргі уақытта қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес, Алматы қаласындағы білім беруді цифрлы трансформациялау саласындағы ықтимал ынтымақтастық Microsoft-тың білім берудегі сансыз зерттеулері мен көп жылдық тәжірбиесіне негізделген үздік халықаралық практикаларды ұсынуды қамтиды. Microsoft-та әлемнің түрлі елдерінің білім беру жүйесін цифрлы трансформациялаудың тиімді стратегияларын жүзеге асырудағы ауқымды тәжірибесі бар болғандықтан, бұл білім берудің жергілікті жүйесінің қажеттіліктері мен міндеттерін ескере отырып, ең оңтайлы стратегияларды тәжірибе жүзінде таңдауға және енгізуге мүмкіндік береді. Білім беруді цифрлы трансформациялау барлық оқушыға өз әлеуетін ашуға және толық іске асыруға, ал мұғалімдерге оқытуға арналған қауіпсіз, сенімді және инклюзивті ортаны құру арқылы жұмыстың инновациялық әдістерін енгізу мен қолдануға көмектеседі.
Тараптар қарастырып жатқан бағыттардың бірі – қала мектептеріне білім беруге арналған Microsoft «Minecraft: Education Edition» мамандандырылған бағдарламалық қамсыздандыруын бірлесіп енгізу мен дамыту жобасы. Бұл сабақ берудегі әдістерді өзгертетін және балаларды оқу үдерісіне тарту мен олардың бойында білімге деген қызығушылықты оятуға көмектесетін ойын негізіндегі оқу платформасы. Әлемнің әр түкпіріндегі оқытушылар оқушыларды сабақ беру мен оқытудағы мүмкіндіктер шегі қиялмен ғана белгіленетін иммерсивті цифрлы ортада барынша қызықтыру үшін «Minecraft: Education Edition»-ді оқу үдерісі барысында сабақ кезінде әртүрлі пәндерде қолданады.
«Біз планетадағы әрбір оқушыға көпке қол жеткізуге көмектесеміз. Біздің Алматы қаласының білім басқармасымен және цифрландыру басқармасымен ықтимал ынтымақтастығымыз қаланың білім берудегі цифрлы трансформациясына оң әсер етеді деп сенеміз. Бүгінгі таңда заманауи цифрлы технологиялар оқыту үдерісін қызықты, интерактивті және инклюзивті етуге көмектесіп, білім беру үшін шексіз дерлік мүмкіндіктер ашуда. Microsoft-тың білім беруге арналған заманауи шешімдері оқушылардың білімді анағұрлым тиімді игерулеріне жәрдемдесуде, сондай-ақ мұғалімдерге оқытуда инновациялық құралдар мен әдістерді қолдануға мүмкіндік береді», деді Microsoft-тың Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі білім беру секторымен жұмыс жөніндегі басшысы Нұрлан Жаныбек.