• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қаржы 14 Қаңтар, 2021

Кедендік реттеу кодексінде не өзгерді?

432 рет
көрсетілді

2020 жылы «Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы» кодекс­ке 119 түзету енгізілді. Оның 111-ін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынды. Ұсыныс­тар негізінен тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану тәртібін әрі кедендік тексеру жүргізу рәсімін жетілдіру, кеден ісі саласында мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау секілді бағыттарды қамтиды.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқық­тарын қорғау жөнін­дегі уәкіл – бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтің айтуынша, кедендік тексеру жүргізу рәсімдерін жетілдіруге қатыс­ты түзету­лер Мәжілістегі Nur Otan пар­тиясының фракциясы мен «Атамекен» ұлт­тық кәсіп­керлер палатасы ара­сын­дағы 2020 жылға арнал­ған ынты­мақтастық туралы жол кар­тасын іске асыру аясын­да әзірленген. Түзетулер кәсіпкерлердің заң­ды мүдделерін қорғауға, жүр­гізілетін тексерулер сапа­сын арттыруға, сондай-ақ бизнес­тің кедендік тексерулер нәти­желеріне шағымдануға кететін уақытын үнемдеуге, қаржы­лық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.

– Камералдық кедендік тексеру жүргізу тәртібі толықтай өзгерді. Енді бұл рәсімге каме­рал­дық салықтық бақылау эле­мент­тері енгізілді. Яғни тексеру барысында заң бұзушылық анық­талса, кәсіпкерді бірден әкім­шілік жауапкершілікке тарт­­пай-ақ, оған бұл олқы­лық­ты өз күшімен жоюға мүм­кін­дік беріледі. Сонымен қатар атал­ған тексерулердің мер­зімі 6 айдан 2 айға дейін қыс­қар­ды. Сондай-ақ сыртқы эко­но­микалық қызметке қаты­су­шы­лардың қосымша құжат­тарды ұсыну мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 айға дейін ұзартылды, – деді Рустам Жүрсінов.

Бизнес-омбудсменның айтуынша, салықтық тексерулерге ұқсас кедендік тексеру­дің жаңа түрі енгізілген. Бұл – тәуекелдерді басқару жүйесін қол­дану негізінде жүргізілетін кешенді көш­пелі кедендік тексеру. Аталған тексеру бекітіл­ген жартыжылдық кестеге сәйкес жүргізіледі, бұл кесте уәкілетті органның сайтында орналастырылады. Сондай-ақ кәсіпкерге 30 күн бұрын тексеру жүргізілетіндігі туралы хабар беріледі.

– Кедендік тексеру қорытын­дылары бойынша алдын ала акт рәсімделеді. Оған кәсіпкер өзі­нің келіспеушілігін білдіре алады және оның жолдаған талап-арызын мемлекеттік кіріс органдары қарауға міндет­ті. Сондай-ақ енді көшпелі кеден­дік тексерулерді сыртқы эко­но­микалық қызметке қатысушы тіркелген жері бойынша бір ғана кеден органы жүргізетін болады. Көзделген тәртіпті өрескел бұзу фактілері анықталған жағ­дайда кедендік тексеруді жа­рамсыз деп танитын заңна­малық норма бекітілді. Аталған түзету енгізілгенге дейін инс­пекторлардың тексеру жүр­гізу мерзімдерін, рәсімдік мәселелерді, сұрау салу және сұрау салынатын құжаттарды қарау тәртібін бұзғанына қара­мас­тан, тексеру актісінің кү­шін жою және оны жарамсыз деп тануға мүмкіндік болған жоқ, – деп нақтылады Р.Жүрсінов.

Салықтық тексерулер кезін­де осыған ұқсас жағдайлар орын алған­да апелляциялық комиссия Салық кодексінің және Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын басшылыққа ала отырып, аталған тексеруді жа­рам­­сыз деп танып, кәсіпкер­дің пайдасына шешім шығара­ды. Бұл түзету орын алған қай­­­шы­лық­тарды жоюға және сырт­­қы экономикалық қыз­мет­ке қатысушының құқық­тарын то­лық көлемде қорғау­ға мүм­кін­дік берді. Ал көрсеті­летін мемле­кеттік қызметтердің цифрлы форматқа көшуі тиісті өтінішті электронды түрде ұсынуға жол ашады. Бұл ретте құжаттарды қарау мерзімі 50 пайызға қыс­қартылады және ықтимал сыбайлас жемқорлыққа да жол берілмейді.

Тұтастай алғанда, кеден органы тауардың кедендік құ­нын қайта қараған жағдайда декларантты, ал кеден органы тауарларды дұрыс жіктемеген кезде және бұзушылықтарды өз бетінше жойған кезде кеден өкіл­дерін жауапкершілікке тарт­­пауды көздейтін нормалар заң­намалық түрде бекі­тілді. Сон­дай-ақ осы заң­на­ма­­лық нор­маларға сәйкес, «АСТАНА-1» ақ­параттық жү­йесі жұмысында қателіктер анық­талған жағдайда әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылмайтын болды.

– Кеден органдары тауарларды шығарған сәттен бастап талап қою мерзіміне байланысты 3-5 жыл өткеніне қара­мастан, кедендік құн бойынша және тауарларды жіктеу бойынша бұрын қабылданған шешімдерді қайта қарау тәжі­­рибесін жиі қолданады. Осын­дай тексерудің нәтижесі бо­йынша кедендік баждар­ды, салықтарды және өсімпұл­дар­ды қосымша есептеу жүр­гізі­леді, сондай-ақ кәсіпкер жауап­кершілікке тартылады. Ал осы түзетулер енгізілгеннен кейін кәсіпкер мемлекеттік кіріс органдарының лауазымды тұлғаларының қателіктері үшін жауап бермейтін болады, – деді бизнес-омбудсмен.

Рустам Жүрсінов бюджетке түсетін түсімнің төмендеуіне әкеп соғатын­дықтан, заң жобасын қарау барысында кедендік төлемдер мен тексерулерге қатысты кейбір ұсыныстардың қол­дау таппағанын атап өтті. Бұл ұсыныстар биыл мемле­кеттік органдармен бірге қайта пысықталмақ.