• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 14 Қаңтар, 2021

«Ұлттық» мәртебе рухты оятады

440 рет
көрсетілді

Өткен жылдың желтоқсан айында ұлт руханиятынан өзгеше орын алатын, тамаша дәстүрлерге бай қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілген болатын. 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби театрдың уығы қадалып, «Еңлік – Кебек» спектаклімен шымылдығы түрілгелі бері үлкен белестерден өтіп, рухани игіліктердің іргетасы шайқалмауы жолында еңбек етіп келе жатқан театр ұжымы бұл жағымды жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Қазақ театр өнерін өрге сүйреп келе жатқан сахна сардарларының «ұлттық өнерді дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қасиетті қарашаңырақ М.Әуезов атындағы драма театрына ұлттық мәртебесі берілуі керек» деп көңілге қонымды ұсыныс айтып келе жатқанына да біршама жылдардың жүзі болған еді. Театрдың 95 жылдық торқалы тойы қарсаңында сол арман орында уын тауып, кеше М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық театрының және де өзге де төрт ірі мәдениет ошағының «ұлттық» мәртебесін иеленуіне орай еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Жиынға қатысқан мәдениет ұйым­да­рының басшылары мен ұжым қыз­мет­керлерін мерейлі мәртебемен құттықтап, шы­ғармашылық шабыт тілеген Ақтоты Рахметоллақызы бұл сүйінші жаңа­лық­тың әкемтетеатрдың 95 жылдығына орай үлкен сый болғанын жеткізді. Алматы шаһарына келіп, тілшілер қауымымен кездескен басқосуда министрлік басшысы өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстың бір бөлігімен қысқаша таныс­тырып өтті.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлерде 35%-ға дейін өскен. Жалпы, мұндай өсім республика бо­йынша шамамен 34 мың адамды қамтыған. Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан ары да өз жалғасын табатын болады. Балет әртістерін мемлекеттік қолдау мақсатында мәдениет ұйымында кәсіби қызметін тоқтатқан кезде кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі бар балет әртісіне соңғы үш жыл ішіндегі орташа жалақыдан 60% мөлшерінде арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер қарастырылады. Сондай-ақ әдебиет пен өнер қайраткерлерін, дарынды жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы үшін жалақысына 1,75 коэффициенті сақталады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға көбейеді. Ең қуаныштысы, осы саладағы қызметкерлердің тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүзеге асырылуда. Министрдің айтуынша, атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижесін көретін күн де алыс емес.

«Короновирус індетіне байланыс­ты қалыптасқан жағдайға қарамастан, министрлік жаңа жұмыс форматын енгізіп, театрлар онлайн форматта қойылым, музейлер виртуалды экскурсиялар, спортшылар үй жаттығуларын көрсетті. Сала қайраткерлері, эстрада әншілері халыққа қолдау көрсетіп, елдің еңсесін түсірмей, онлайн үлгіде концерт, түрлі іс-шаралар өткізді. Жалпы алғанда оны 120 миллионнан астам адам тамашалаған. Бұл жаңа фор­маттағы ұлт өнерін дүниежүзі көрер­меніне де көрсете алдық деген сөз. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары елімізде ауқымды өткізілуде. Бастысы, барлық іс шаралар той тойлау емес, барынша ой толғауға бағытталды» деді атқарылған жұмыстарының бір ширегіне шолу жасаған А.Райымқұлова. Министрдің мәліметіне қарағанда, мәдени ошақтарды және спорт нысандарын қайта қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізу іске асырылып, жаңа нысандар да бой көтеруде. Солардың бірі өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елорда төрінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының жаңа ғимараты және Жеңілатлетикалық спорттық кешені, сондай-ақ Түркістан қаласы және өңірінде әмбебап кітапхана, Қазақ музыка театры, Конгресс-холл, Қожа Ахмет Ясауи музейі секілді жаңа мәдени ошақтарының пайда болғанын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта мемлекет қорғауындағы ерекше тарихи ескерткіш мекемесі қатарына жататын М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың да күрделі жөндеуден өтуі мүмкін екенінен құлағдар етті. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай мазмұнды шаралар өткізілген.

Мәдениет және спорт министрінен соң «ұлттық» мәртебесін иеленген мәдениет ұжымдарының басшылары – Ұлттық кітапхана директоры Б.Оспанова, М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс театрының директоры А.Якушев, Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры А.Қалиева, Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры М.Қуанышев сөз алып, қарашаңырақ театрды 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Театр директоры Еркін Жуасбек: «Мәдени кеңістіктегі жетістік – елдің жетістігі. «Ұлт» деген, «ұлттық» деген сөзден қорқатын заманнан ауысып, керісінше, ұлт деген сөздің төңірегіне ұйысатын заманның келгенін көріп отырмыз. Елбасымыздың аузынан «ұлттық код» деген сүйкімді сөз шыққалы бері рухымыз жанданып, басымыздың біріге түскенін де байқап отырмыз. Бас біріктіруде қазақ алдымен үлкенін сыйлап, ақсақалын қадірлеуді алдыға тартқан» деп театр­дың көркемдік жетекшісі, қазақ өнерінің абызы, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің «ұлттық» мәртебе иеленудегі еңбегін ерекше атап өтті. Өз кезегінде А.Әшімов өнер мен мә­дениетке көрсеткен құрмет пен ла­йықты марапаты үшін мемлекет бас­шысына, Мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдірді.

Театрдың 95 жылдық мерейтойына орай «Киелі қарашаңырақ» атты көрме ұйымдастырылып, керегеге 200-ге жуық көне сурет ілінді. Театр музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызының айтуынша, көрме төрт кезеңді қамтиды. Суреттермен бірге, С.Майқанова, А.Әшімов секілді сахна саңлақ­та­ры­ның костюмдері, спектакльдерде пай­даланылған реквизиттер қойылған.

Мәдениет майталмандарымен, тіл­ші­­лермен кездесуге арналған іс-ша­ра­ның негізгі бөлігі аяқталған соң қо­нақ­тар театрдың өнерлі жастарының концертін тамашалап, кеш соңында министр кәсіби шеберлігімен көзге түскен бірқатар талантты әртіске марапат табыстады.

 

 АЛМАТЫ