2020 жыл еліміздің құрылыс индустриясы үшін маңызды жыл болды. Қазақстан құрылыста еуропалық нормаларды (Еурокодтар) қолдануға толықтай көшті. Отандық құрылысшылардың беделі халықаралық аренада да нығайды: дамудың негізі ретінде ТМД елдерінің мамандары қазақстандық сарапшылардың тәжірибесін алады.
Айталық, 2020 жылы Еурокодтарға толық көшу нәтижесінде 500-ден астам құрылыс нормалары жойылды. Осылайша, 2025 жылға дейін аяқталатын құрылыс индустриясын техникалық реттеу жүйесін реформалаудың үшінші қорытынды кезеңі басталды. Еурокодтарға өту құрылыс индустриясын ескірген нормативтік-техникалық базаның реформасымен үйлестіру арқылы еуропалық және әлемдік жүйелермен біріктіру қажеттілігімен анықталады. Еурокодтар – бұл азаматтық ғимараттар мен құрылыстарды жобалаудың еуропалық техникалық стандарттары. Оны Еуропалық стандарттау комитеті соңғы 30 жыл ішінде жасады. Стандарттарға құрылыс жобалары құрылымдардың барлық типіне: болат, темірбетон, ағаш, кірпіш және алюминийге қойылатын талаптар кіреді.
«Құрылыс компаниялары мамандары Еурокодтарды қолданудың едәуір жеңілдіктеріне ие болады. Олардың бәсекеге қабілеттілігі артады, инвестиция тарту үшін компаниялар Еурокодтар қолданылатын шетелдік құрылыс қызметтері нарығына шыға алады және бұл әлемнің 45-тен астам елінде қолданылады. Сондай-ақ шетелдік компаниялар Қазақстан Республикасының аумағында жобалау және құрылыс саласында біздің мамандарымызды тарта алады», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) Еурокодтарға көшудің жауапты операторы болды. Соңғы 5 жылда ҚазҚСҒЗИ мамандары еурокодтарға 56 ұлттық қосымша әзірледі, 3 мыңға жуық маман ҚазҚСҒЗИ корпоративтік институтында оқудан өтті, 23 қанатқақты жоба Еурокодтарды қолдану арқылы жүзеге асырылды.
2020 жылдың қараша айында ТМД елдерінің құрылыс қызметіндегі ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңесінде «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары жасаған Қазақстан ұсынған құрылыстағы жіктеу мен кодтаудың бірыңғай жүйесі мақұлданды.
Жыл қорытындысы бойынша Қазақстан ұсынған жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласындағы ТМД елдері үшін нормалардың бірыңғай моделі қарастырылды.