• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Қаңтар, 2021

Шарын балуан

297 рет
көрсетілді

Елдің еңсесі әрдайым ерімен биік, абыройы тұлғасымен асқақ. Қазақтың қай қиырында да ел үшін туған ерен тұлғалар болған. Халықтың рухын білімнің шырағымен де, білектің күшімен де қорғаған тұғырлы тұлғаларының есімі ұлт үшін әрдайым қастерлі. Еліміз егемендік алған кезеңнен бері елдік мүдде жолында жан аямаған жайсаңдардың жақсы аты ұрпақ санасында қайта жаңғырды.

Бұл күнде қалың қазақ атақ­­ты балуан Шарын Шұлғаубай­ұлының есімін ерекше құрметпен еске алады. Талай жерде қазақ­тың абыройын қорғаған күш атасын кейінгі буын өздеріне ұстаз санайды. Халықтың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы барда мұндай тұлғалардың есімі ел жадынан өшпек емес.

Ел есінде өзінің өр болмысымен қалған Шарын балуан Қордай жерінде тірлік кешкен. Шаршы топта қарсылас шақ келтірмеген Шарын балуан өзі туған Қордай өңірін қалың Алаш баласына танытты. Тарихи деректер бойын­ша, ол кісінің балуан ретінде ха­лыққа танылуына кезінде өт­кен осы бір жиын себепші бо­лып­ты. Атақты Ноғайбай ше­шен­­нің екінші әйелі Әселдің асы ел жайлауда отырған шақта бе­рілген екен. Заманында асқақ Алатаудың баурайын жайлаған қалың ел керемет жиынға куә болады. Асқа көршілес қырғыз елінің де жақсы-жайсаңдары шақырылады. Аруаққа арналған аста ежелгі салт бойынша түрлі ойын-сауық пен ақындар айтысы, бәйге мен балуандар сайысы ұйымдастырылады. Ол кезде асқа келген бай-манаптар өздерімен бірге бәйгеге қосатын атын, ақын-жыршысын, балуа­нын ерте келетін болған екен. Осы әдетпен қырғыздан Шәбден манап Тістеуік деген балуанын асқа өзімен бірге ілестіріп ке­леді. Сонда Тістеуікті көрген көп қа­зақтардың оған қарсылас таба алмай сасқаны туралы ел ішін­де күні бүгінге дейін айты­лады. Шынында да, Тістеуік ба­луан сол заманда қазақ пен қыр­ғызға әрі сайыскер, әрі балуан ретінде аты белгілі болып тұр­ған кісі екен. Ал Әсіреп балуан­ның жасы мосқал тартқан шағы екен, ол сайысқа түсуден бас тар­тады. Сол кезде Қасқарау ішін­де Дүйсебай әжі деген бе­дел­ді ақсақал асқа жиналған қа­зақ­­тың жақсы-жайсаңын түгел ша­қыртып, қайткенде де ел ішінен бір балуанды табу керек деген талап қояды. Бойларын намыс кернеген жігіттер ауыл-ауылды ара­лап кетеді. Абырой болғанда бәйгеге қосылған аттар кеш ке­ліп, соның себебінен ел азаматтары ба­луандар сайысын ертеңге қал­дырыпты.

Ертеңіне көпшілік балуандар сайысын тамашалауға жиналады. Сонда ортаға есік пен төрдей торы атын ойқастатып Тістеуік балуан атып шығады. Өзіне қарсы ешкімнің шыға қой­мағанын байқаған Тістеуік бір­ден «Сайыскер балуаның жоқ болса, бәйгемді бер!» деп айқай­лайды. Мұның айбынына ма­саттанған қырғыздар жағы қи­қулап береді. Сол кезде ортаға бір жас жігіт атып шығады дейді. Оны ауылда қалған жерінен ат жібертіп алдыртып, алқалы топ­қа жеткізгені осы болады. Бұл балуан Баба руының Еламан ата­­сынан шыққан қарулы жас Ша­­рын Шұлғаубайұлы екен. Әлі де мұндай шаршы топқа түсіп, ысыла қоймаған кезі болса керек. Бірақ бұдан екі жыл бұрын Шу бойында өткен ұлан-асыр аста Ботбай руының түйебалуанын жеңген 19 жасар бозбала Шарын­ды жиналған жұрт бірден таниды. Сол кезде бойында намысы қайнаған жас батырды Дүйсебай әжі Ноғайбайдың Ажар деген қырғыз әйелінен туған баласы Күбірдің тоқпақ жалды Орауыз дейтін жараулы атына мінгізіп тұрып:

Шақырдық біз Шарынды,

Құдай ашсын бағыңды!

Тістеуікке бет алдың,

Барыңды сал, барыңды! –

деп батасын береді. Сайыс ала­ңында екі балуан ұзақ уақыт алысады. Ақыры атақты Тістеуік жас Шарыннан жеңіледі. Осы оқиғадан кейін жас Шарынның атағы қырғыз-қазаққа бірдей жа­­йылып кетеді. Ас тараған соң Бабаның Байтумасынан шыққан Ырыскелді деген сыйлы қариясы қасына Бөлеміс, Әбілез қожа және Қодар дейтін үш кісіні ер­­тіп, арнайы Шұлғаубайдың үйіне соғады. Шұлғаубай да осы аста Тістеуік пен Шарынның ара­сын­да болған сайысты көрген. Ша­рын­ның Тістеуікті әбден саба­ға­нын көрген әке баласының қатыгез болып кетпеуі үшін бо­ла­шақта мұндай сайыстарға түс­пеуін қалаған екен. Әйтеуір Ырыс­келді қария аталас туысы Шұлғаубайдың үйіне қона жа­тып, Шарыннан енді қайтып са­йысқа түспеуге уәде алып, ба­та­сын беріп аттанады. Үлкен кісі­нің батасын бұзу қиын шаруа, оның үстіне Ырыскелді қа­рия аузы дуалы, ел ішінде сый­лы кісі болса керек. Біраз уақыт өткенде Дүйсебай әжіден сәлем алып біреу жетеді. Верный ша­һарында ірі ас өтпек екен. Сол асқа Қордайдың игі жақсылары түгел шақырылса керек. Соған балуан Шарынды да қоса алып кетпек ниеті бар екен. Мұны ес­тіген Шарын шабарманға бар мән-жайды түсіндіреді. Бұған Дүй­себай әжі қатты ашуланып, Шұл­ғаубаймен қоса, баяғы төрт кісіні шақыртып алады да «Бата беріп, ет жейтін өзге сылтау құ­рып қалып па еді?! Бұл не қыл­ғандарың, баланың бағын байлап?! Біле білсеңдер, Шарын ел­дің намысы емес пе?!» деп ре­ні­шін білдіреді. Ақыры бір мал сой­дырып, әлгілерге Шарын ба­луанға қайтадан бата бергізеді. Аузы дуалы қариялардың оң батасын алған Шарын балуан қайта түлеп сала береді. Верныйда белдескен балуанның бәрін жығып, бас жүлдені иеленеді. Содан даңқы көкке өрлеп, Алатаудың баурайын тел емген қазақ-қыр­ғыздың ірі ас-тойларының додаларында белдесіп, жауырыны жерге тимеген балуан Ша­рын атанады. Тіпті ел ішінде оның егде тартқан шағында да сайысқа түсіп, қарсыластарын бет қаратпағаны айтылады.

Шарын балуанның ұлы Жо­ра­бек ақсақал өмірінің соңын Қор­дай ауданы, Кенен ауылында өткізіп, 98 жасында дүниеден қайтқан. Ал қызы атақты Тәкен салдың немересі Қасымжанға тұрмысқа шыққан екен. Сонымен қатар Шарын балуанның кенже ұлы Күреңбек ақсақал Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ұла­ғатты ұстаз, Шу ауданы, Шоқпар ауылында 91 жасында дүниеден озған. Балуанның ұрпақтары бүгінде Қордай ауданында өмір сүруде. Жалпы, Шарын Шұл­ғау­байұлының есімі мәңгі ел есін­де. Шарын балуан жайлы белгілі жазушы Марал Ысқақбай өзі құрастырған «Жарылғамыс» атты кітабында кеңінен деректер келтіреді. Ендігі мақсат – Қор­дай жерінде өткен аруақты ба­тырлардың соңғы тұяғындай бол­ған балуан Шарынның есімін жаңғыртып, халықтың жадында сақтау. Тіпті Шарын балуанның атын бір спорт кешеніне берсе де жарасады. Мәселен, Қор­дай жерінде Қарасай және Өте­ген батырдың, Кебекбай мен Но­ғай­бай шешендердің, сал-сері­лер­дің соңы Кенен ақынға ар­нал­ған ас-тойлар өтіп, еңселі ес­керткіштері бой түзеді. Осы сияқ­ты, болашақта Шарын Шұл­ғаубайұлының есімін де ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында бас­тамалар көтеріліп, жұмыстар қол­­ға алынса, бұл да ұрпақтың ба­­ба­лар алдындағы парызының өтел­­гендігі болар еді...

 

Жамбыл облысы