• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Қаңтар, 2021

Барлық салада өсім бар

121 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы жаман індеттің кесіріне қарамай былтырғы жылдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық саласында өсімге қол жеткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста айтылды.

 

2018 жылы бекітілген Үкі­меттің Кешенді жоспары жемі­сін беруде. Аймақтық жалпы өнім үш жылдың ішінде 34 па­йызға өсті. Ақшаға шақсақ, бұл – облыстың өндіріс ошақтары қосымша 378,5 млрд теңгенің өнімін шығарды деген сөз. Осы мерзімде экономикаға құйыл­ған инвестиция көлемі 50%-ға немесе 93,5 млрд теңгеге арт­ты. Соның нәтижесінде өнер­кәсіп өнімдері 14%-ға, ал ауыл­ша­руа­шылық өнімдері 54%-ға өсті.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген емес пе, Солтүстік Қазақстандағы Кешенді жос­пар жеміс бере бастаған соң Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бұл бағ­дарлама 2025 жылға дейін созылды. Яғни облыс экономикасына қосымша қаражат құйылып, жедел дамуға жаңа серпін бермек.

Облыс әкімі Құмар Ақсақа­ловтың айтуына қарағанда, Ке­шенді жоспардың шеңберінде ауыл шаруашылығында қосым­ша 52 сүт фермасы, 8 мал бор­дақылау алаңы, 3 құс фермасы салынады. Ал өнеркәсіпте 10 жа­ңа кәсіпорын тұрғызылмақ. Шағын және орта бизнестің эко­номикадағы үлесі 35 %-ға же­­тетін болады. Осының бәрі қосымша 15 мың жұмыс орнын ашады. Сайып келгенде, бұл аймақтың экономикасын 4 %-ға арттырады деп күтілуде.

Егер тек 2020 жылдың қо­рытындысына тоқталатын бол­сақ, экономиканың барлық са­ласы бойынша өсім болды. Соның ішінде көптеген көр­сет­­кіш республиканың ор­та­ша көрсеткіштерінен жоға­ры. Нақты айтқанда, ауыл шаруа­шы­­лығының өсімі – 101%, өнеркәсіп секторындағы өсім – 104,8%, инвестиция тарту – 120,5%, құрылыс көлемі – 111,2%, тұрғын үйлерді пай­далануға беру қарқыны 122,4% болды. Осы өсімнің нәтижесінде қосымша 13 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

– Экономиканың өсімі қар­жылық тұрақтылықты да қам­тамасыз етті. Салық түсімдері 2020 жылы 2019 жылмен са­лыстырғанда 34,7%-ға артты. Зейнетақы қорына түскен аударылым 44%-ға өсті. Түсімдердің артуы облыс бюджетінің өсі­міне де мүмкіндік тудырды. Нақ­ты айтсақ, 2019 жылғы 245 млрд теңгеден 324 млрд тең­геге дейін өсті. Осы өсім 2021 жыл­ғы облыс бюджетін 26 %-ға арттыруға мүмкіндік берді. Нә­тижесінде, жаңа жылдың бюд­жеті былтырғыдан 69 млрд тең­­геге артық бекітілді. Сөйтіп әлеу­меттік саланың шығындары артты, – деді облыс әкімі.

Экономиканың нақты сек­торындағы өсім оның даму перспективаларын сеніммен айқын­дауға мүмкіндік береді. Қазір об­лыстың ауыл шаруашылығы тұрақты даму жолына түскен. Былтырғы жалпы өнім көлемі 779 млрд теңгеге жетіп, 2019 жыл­мен салыстырғанда 167 млрд теңгенің өнімі артық өндірілді. Бұл облыстар арасындағы екін­ші орындағы көрсеткіш. Ал осы салаға инвестиция тарту бо­­йынша Солтүстік Қазақстан көш­басшылық орнын сақтап қалды.

Облыс шаруалары интенсивті даму әдісін қолдануда. Мұны шаруалардың минералдық ты­ңайт­қыштарды қолдану бойынша республикадағы алдыңғы орында екенінен көруге болады. Былтыр барлығы 135 мың тонна тыңайтқыш себілсе, би­ыл белгіленген жоспар – 160 мың тонна. Екіншіден, аграрлар техниканы жаңарту жұ­­мыстарын да жақсартуда. 2019 жылы 1896 дана жаңа тех­ника сатып алынса, былтыр 2 мыңға жетті. Ал 2021 жыл­ға белгіленген жоспар – 2200 техника алу. Бұл қатарда аграр­­ларға ауадай қажет комбаин, трактор, егу кешендері және т.б. техника түрлері бар.

Ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығару ғана емес оны өңдеу де артып келеді. Осы қа­тарда сегіз жылдан бері тоқ­тап, былтыр қайта іске қосылған ас­тықты түбегейлі өңдейтін «Биоперейшн» ЖШС-ны айрық­ша атап өтуге болады. Оны іске қосуға 12 млрд теңгенің жеке капиталы құйылды. Енді бұл кәсіпорын крахмал, глютен жә­не ақуызбен қатар биоэтанол шығарады. Сонымен қатар былтыр жылына 100 мың тонна құрама жем өндіре алатын «Байрек» зауыты іске қосылды.

Ет пен сүт өндіру де артып келеді. Жылдың қорытындысы бойынша сүт өндіру көлемі

5 %-ға, ет өндірісі 7%-ға артты. Бір жыл ішінде 10 сүт кешені іске қосылып, 11 кешеннің құ­ры­лысы басталды. Мал борда­қылау алаңдары да көбейіп ке­ле­ді. Биыл Уәлиханов және Ақ­жар аудандарындағы әрқай­сы­сы 13 мың тұяққа есептелген алаңдардың құрылысы аяқ­талады.

Жоғарыда айтқанымыздай, былтыр экономикаға инвести­ция тарту 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 20,5% артып, 281 млрд теңгеге жеткен-ді. Жыл өткен сайын Солтүстіктің инвести­ция­лық тартымдылығы артып келеді. 2024 жылғы дейін 53 инвес­тициялық жобадан тұра­тын аймақтық пул құрылды. Оның қаражат көлемі 900 млрд тең­геден асады.

Облыстың инфрақұрылымын дамыту жалғасын табады. 2020 жылы оның құрылысы 2019 жылмен салыстырғанда 11,2%-ға артқан. Ендігі өсім бұдан да асып түсуге тиіс. Тұрғын үй құ­ры­лысының да қарқыны был­тыр­ғыдан төмендемейді. Был­тыр 3300-ден артық пәтер пай­далануға берілген, ал 2021 жылы бұл іске 15,6 млрд теңге бөлініп, жаңадан 3 700 пәтер салынбақ.

2020 жыл жаман індетпен күрес кезеңі ретінде есте қал­ды. Қатаң карантин, бекеттер, маска режімі – мұның бәрі әдеттегі өмір салтын өз­герт­кенімен, халықтың ұжым­дасуын жақсартты. Енді ви­рус­пен күрестің жаңа кезеңі басталмақ. Ақпан-наурыз айларында қауіп-қатер тобындағы азаматтарға екпе егіле бастайды.

Облыс әкімдігінің жиынында Мәжіліс пен мәслихаттар де­путаттарының сайлауы ұйым­шылдықпен өткені ерекше аталды. Солтүстікқазақстандық сай­­­­­лаушылардың 75,5%-ы сай­лау учаскелеріне барып, өзде­рінің азаматтық позицияларын ай­қындаған. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Отырыста әлеуметтік сала­дағы оң өзгерістер мен қол жет­кен табыстар туралы айтылды. Өзінің қорытынды сө­зінде облыс әкімі Қ.Ақса­қа­лов: «Біздің жалпы мінде­тіміз – азаматтарға барлық жағ­дайды жасап, өмір сапасын жақ­сартуға ұмтылу», деді. Осы талаптың үдесінен шығу – жергілікті биліктің ең ма­ңыз­ды міндеті екені сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы