• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қаңтар, 2021

Сұңғылалық сыры

1242 рет
көрсетілді

Қазақта «сұңғыла» деген сөз бар. Бұл атау нені білдіреді дегенге тоқталсақ, 2013 жылы жарық көрген Қазақ тілінің үлкен түсіндірме сөздігінде: сұңғыла деп – зерек, зерделі, тез байқағыш, аңғарымпаз адамды айтады депті. Бұл пайым дұрыс әрине. Өйткені қазақ баласы басқа жұрттан осы сұңғылалық қа­сиетімен ерекшеленіп тұрады. Өзбек хал­қы­ның бірінші президенті марқұм Ислам Кәримов «қазақтан жолдасың болса, жол­дан адаспайсың» дегенді көп айтатыны сия­қ­ты, күллі әлем қауымдастығы Нұрсұлтан Әбішұлын бір ауыздан «сұңғыла саясаткер» деп мойындағаны тегін емес.

Осы орайда, халқымыздың сұңғылалық қасиеті жайлы сырларға тоқталсақ. Ертеректе Арқа жұртына аңғарымпаздығымен аты шыққан Әбіқай шешен бір күні кешкі ымырт үйіріле бастаған тұста: «Жігіттер, күйлі бие мініп, төбет ит ерткен қонақ келе жатыр, дайын­­дала беріңдер», депті. Үкімді естіген ауыл адамдары «Әбекең де айтады-ау» дегендей, біраз құнжыңдасып қоя салады. Арада бие сауым уақыт өткенде, расында, мінгені бие, ерткені төбет біреу келіп түседі.

Елең еткен жұрт «Әбеке айтқаныңыз дәл келді, қалай білдіңіз?» деп қолқа салады. Сонда шешен: «Әй, шырақтарым, бұған ешқандай көріпкелдіктің қатысы жоқ. Маңайда болып жатқан тіршілікті тани біліңдер! Мана шетте тұрған құла айғыр батысқа қарап жер тарпып оқыранды. Ол үйірі басқа ұрғашы жылқының келе жатқанын білдірсе, анау қызыл қаншық өзінен-өзі әбігерленіп, жаланып бірдеңені асыға күткендей қыңсылады. Яғни ол бөтен төбеттің иісін сезді. Бар болғаны осы дейді.

Сол сияқты қазақта руы шекті Мөңке Тілеу­ұлы деген кемеңгер би өткен. Тарих­шы­лар бұл кісіні Әбілқайыр ханның кеңесшісі бол­ған десе, алты Алаштың атасы Ахмет Бай­тұрсынұлы «Мөңке жеті жасында билік айтып, өлген адамның құнын бейбіт жолмен бітірген сұңғыла адам болған» деп жазады. Ал заңгер ғалым Ж.Асанов 2001 жылы жарық көрген «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» атты кітабында: Бірде Тілеу қария сегіз жасар баласы Мөңкені ашамайға мінгізіп, жолға шығады, дейді. Сөйтіп, әкелі-балалы екеуі көшкен үйдің сүрлеу ізіне кез болады. Бала Мөңке:

 – Мына көшкен үйдің 10 ешкісі, үлкен көк серкесі және қара шолақ иті бар екен, – дейді. Әкесі жас баланың сөзіне онша мән бере қоймайды. Содан алды-артын айналсоқтап тағы біраз қараған бала:

 – Әке, мына үйдің жалғыз түйесі бар екен, оның оң жақ көзі соқыр екен, – дейді. Тағы біршама уақыт өткен соң:

 – Әке, мына үйдің әйелі екіқабат екен, ай-күні жақындап қалыпты, – дейді. Осы сөзден кейін Тілеу қария: – Шырағым, осы сен не айтып келе жатырсың? – деп мән беріп сұрайды. Баласы: «Мен мына көшкен үйді айтып келе жатырмын», дейді.

Көп ұзамай бұлар көшкен үйді де қуып жетеді. Бала айтқанындай, расында 10 ешкі, жалғыз көк серкесі, қара шолақ иті, оң жақ көзі соқыр түйесі бар екен. Әйелі екіқабат, ай-күні жетіп отыр. Тілеу сегіз жасар баласының білгірлігіне таңырқап: – Балам, мұның бәрін қайдан білдің? – деп сұрағанда, Мөңке былайша жауап айтыпты:

 – Үйдің қонған жерінде ешкінің жатқан орны 10 екен. Қақ ортаға маңайына ешкімді жолатпай жалғыз көк серке жатыпты. Оның серке екенін ізінен білдім. Жүннің көк екенін орнында қалған қылшығынан білдім, – депті.

 – Ал иттің шолақ екенін қайдан білдің? – дейді әкесі.

 – Ит құмда шоңқайып отырған екен. Отырған жерінде шолақ құйрығының ізі түсіп қалыпты және сол жерде қара қылшық жатты. Әкесі:

 – Ендеше, түйенің соқыр екенін қайдан білдің?

– Түйе жолдың сол жағындағы шөпті шалып жеп, оң жағындағы шөпке тимеген екен, содан білдім.

 – Ал әйелдің жүкті екенін қайдан білдің?

 – Ол түзге отырған жерінде екі қолын тіреп тұрған екен. Екіқабат, ай-күні жақындағанын содан білдім, – деп жауап беріпті.

Кейін бұл бала ел ауызында «Мөңке би» деген атымен тарихта қалды. Әсіресе бұл кісінің ХVІ ғасырдың өзінде қазақ халқының болашағы жайлы болжап айтқан: «Құрамалы, қорғанды үйің болады‚ Айнымалы‚ төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Күнде жиын болады. Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады‚ Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады, Алашұбар тілің болады‚ Дүдәмалдау дінің болады...» дегені арада бес ғасыр өткенде айнымай келіп тұрған жоқ ба? Қазіргі қазақ баласы жоғарыдағы бабалардан қалған байқампаздық қасиет сұңғылалық сырынан айырылып бара жатыр, ағайын! Ойланарлық дүние бұл!