• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2021

Алыс та жақын мектеп...

170 рет
көрсетілді

Пандемияның кесірінен мектептегі дәстүрлі білім алу жүйесі өзгеріп, өткен оқу жылының басым бөлігінде оқушылар қашық­тан оқыды. Оның да қиындығы жетерлік. Мектептің, мұға­лімнің, қоңыраудың қадірін сезіндірген бір кезең болды бұл...

 

Мектепті, дәстүрлі оқу дағ­ды­сын сағынғандарға қуа­ныш­ты жаңалық – оқу жылының ІІІ тоқсанынан бастап оқыту штат­тық, аралас және қашықтық форматта жүргізіле бастады.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы 379 мектепте 111 132 оқушы білім алады екен. Қа­лыпты тірлігіне алдымен ауыл мектептері көше бастады. Сы­нып­тағы оқушы саны 15-тен, мектептегі бала саны 300-ден аспайтын мектептерге санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, сабақты штаттық режімде жалғастыруға рұқсат берілген. Өңірде мұндай 256 мектеп бар. Онда 25 881 бала білім алады. Бұл – облыс аумағындағы барлық оқушының 23,3%-ы.

Сондай-ақ 110 мектептің 85 239 оқушысы, яғни 76,7%-ы ара­лас режімде білім алады. 1 мек­­тепте 12 бала қашықтан оқи­ды. Ведомствоаралық комис­сия­ның шешімі бойынша III тоқсаннан бастап 9 және 11-12 сынып оқушылары аралас форматта оқуға кірісті. Мектеп біті­ре­тін түлектердің оқу жылы со­ңында қорытынды аттестациядан өтетіні, колледждерге түсу үшін кешенді емтихан, жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсыратыны ескерілді. Бұл сыныптарда математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия және тарих пәндері мектепте оқытылады. Яғни барлық пәннің 70%-ы штаттық форматта өтеді.

Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар ара­сын­дағы үзілістер әртүрлі сыныптар үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылуда. Сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін ауысымдар саны көбейтіліп, пәндердің 30%-ы қашықтан оқытылады. «Мұндай шешім ата-аналар мен көпшіліктің пікірін ескере отырып қабылданды», дейді облыстық білім басқар­ма­сы­ның басшысы Айгүл Мыңбаева.

Оның айтуынша, оқушы­лар­дың бағдарламадан кейін қалу деңгейін анық­тау және оны теңестіру, негізгі пән­дер бойынша білім қималарын диаг­ностикалау, мониторинг, зерттеулер, сауалдамалар арқылы проблемалық мә­се­­лелерді зерделеу, артта қал­ған оқу­шы­­ларға сараланған консуль­тациялар өткізу, ата-аналар мен балалардың қа­лауы негі­зінде консультациялық он­күн­­дік­терді ұйымдастыру бойынша жұ­мыс басталған.

Мұғалімдер мен ата-ана­лардың пікірін ескере отырып, кезекші сыныптарда дәстүрлі форматта оқуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға мұғалімдердің қалауы бо­­йынша жеке консультациялар ұйым­дас­тырылуда. Сонымен қатар директормен кездесулер, педагогикалық кеңестердің мәжілістері, ата-аналар жиналыстары және т.б. қашықтан ұйымдастырылады.

Әрине жас буын үшін білім де, денсаулық та өте маңызды. Сондықтан штаттық режімде оқыту үрдісі қатаң санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылуы керек. Бұл үшін жан-жақты ескерілген сабақ кестесі құрылады. Әлеуметтік алшақтықты сақтау, физикалық байланыстарды азайту үшін ауысым саны көбейеді. Әр сынып белгілі бір кабинетте орналасады. Әр сынып сабақ арасында үзіліске әр уақытта шығады. Мектепке кірер кезде медицина қызметкері әр оқушы мен мұғалімнің қызуын күн сайын өлшеп отырады. Бетперде режімі сақталады. Мектепке кіреберісте аяқкиімге арналған дезинфекциялаушы кілемшелер, ғимараттың барлық қабатында қолды өңдеуге арналған санитайзерлер орнатылады. Әр партаның арасы кемінде 1 метр қашықта болады. Кабинеттер және барлық жай желдетіледі, кварцталады. Асханада тамақтану қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты жергілікті атқару­шы органдардың шешімі бойынша және тиісті аумақтардың бас мемлекеттік сани­тарлық дәрігерлерінің келісімі бойын­ша ұйымдастырылады. Сапалы сумен жабдықтау, қолды жуу құралдары қамтамасыз етіледі.

Мұндай қатаң қауіпсіздік шаралары өңірде кәсіптік білім беретін колледждер мен лицейлерге де тиісті. 1-семестрде облыс бойынша 8 ауылдық колледж және еңбекпен түзеу мекемесінде орналасқан оқу орны штаттық режімде сабақ берді. Бұл оқу орындарында 1 235 студент білім алды. Енді 2-семестрден бастап тағы 25 колледжде 1-курстың 5 376 студенті аралас оқу форматына көшеді. Оларға тиісті пәндердің 70 пайызы штаттық режімде оқытылса, қалған 30 пайызы қашықтан беріледі. Ал осы колледждердің 2-4 курсында оқитын 10 342 студент қашықтан оқуды жалғастырады.

Колледж студенттерінің өндірісте машықтан өтуі штаттық режімге жоспар­лан­ған. Алайда өңірдегі эпиде­миялық жағдайға байланысты санитарлық дәрі­гер­дің шешіміне сәйкес бұл шешімге өзгерістер енгізілуі де мүмкін.

 

Батыс Қазақстан облысы