• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 20 Қаңтар, 2021

Қазақстан эволюциялық жолмен жүреді

402 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында айтылған бастамаларын қоғамды толғандырған өзгерістер деуге болады. Мәселен, партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген пайыздық меже 5 пайызға дейін төмендетілгелі отыр.

Бұл алдағы уақытта партиялар арасындағы саяси бәсекені күшейте түсері анық. Парламентке өте алмай қалған партиялар, болашақта құрылуы мүмкін саяси ұйымдар барын ескерсек, олар үшін бес пайыздық меже үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Аталған ұсыныстардың ішінде ауыл әкімдерін сайлауды ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ауыл халқына өз әкімін таңдауға жол ашу – игі бастама. Өйткені сайланған әкім сол елді мекеннің тұрғындарына толық жауапкершілік алып, олардың алдында жауап беретін болады. Бұл жергілікті әкімдердің қоғам, халық алдындағы есеп беру механизмін одан әрі жетілдіре түспек. Сонымен қатар алдағы уақытта ауыл әкім­дерін сайлау процесі тиімділігін көрсе­тетін болса, бұл реформа өзге деңгей­дегі әкімдерді сайлайтын жүйе­ге бір қадам жақындата түседі. Мәселен, аудан әкімдерін де сай­лау арқылы таңдауға болар еді. Байқағанымыздай, Қазақстан сая­си реформаларды жүзеге асыру ба­ры­сында эволюциялық жолмен са­бырлы әрі сатылы саясатты ұстанып отыр.

Одан бөлек Мемлекет басшы­сының онлайн-петиция жүйесін іске қосу туралы бастамасы да «Ха­лық үніне құлақ асатын мем­ле­кет» тұжырымдамасының қағи­дат­­тарына толық сай екенін айта ала­мын. Осылайша, халықты тол­ған­дырған мәселелер аудандық, об­лыс­тық, тіпті республикалық деңгей­де назарға алынып, өз шешімін та­батын болады. Қоғамда қызу тал­қы­ланатын мәселелерді анықтау арқылы да халықтың көңіл күйін, өзек­ті тақырыптар мен реформа жүр­гізу керек салаларды анықтауға мүм­кіндік береді. Кейбір мәселелерді жергілікті атқарушы органның, минис­тр­ліктің, тіпті Парламенттің дең­гейінде де көтеруге болар еді.

Мемлекет басшысы азаматтық қоғамның дамуына қатысты  мәселе­лерді де көтерді. Үкіметтің, биліктің қызметіне қоғамдық бақылаудың күшеюі – Қазақстанның саяси жаң­ғыруға бет алғандығының айғағы. Қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды ынталандыру да өзекті.  Осындай ұсыныстардың заңнамалық тұрғыда бекітіліп, іске асырылуы еліміздегі кей салалардың қарқындап дамуына жол ашпақ.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы