1. Апат алдында
Шоқан Уәлиханов:
«Далалықтар ғана қайғы-мұңсыз, ертеңі жайлы ештеңе ойламай еркін өмір сүре алады. Тек нағыз көшпенділер ғана еш алаңсыз бақытты күй кеше алады».
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ұлы ғалымның пікірі. Келіспеске лаж жоқ. Өйткені осы «алаңсыздықтан» Шоқан заманынан небәрі жүз-ақ жыл бұрын қазақ даласы «Ақтабан шұбырындыға» ұрынған. «Қайғы-мұңсыз» қазақты шығыстан зеңбірек сүйреп келген қалмақ қырып салған. Бұндай апатты қазақ қазақ болғалы бастан кешпеген. «Қалмақ «үйреніскен» жау емес пе еді?! Қазақ қалайша жеңілді?!» дейміз. Сөйтсек, қалмақ қолында далалықтар бұрын-соңды көрмеген отқару болған екен. Білектің күші мен найзаның ұшына сенген қазақ қанша батыр болғанымен күндей күркіреген зеңбірекке қарсы тұра алмаған. Басымен қайғы болып кеткен, босып кеткен. Орыстар арқылы қалмақтың қолына тиген еуропалық отқару сол тұста қазақтың көзін бір нәрсеге жеткізді. Зеңбірек, ендігі жерде білек күші білімнің күшіне қарсы тұра алмайтынын көрсетті. Кешегі бір заманда жарты әлемді тітіретіп күндей күркіреген көшпенділердің күні өткенін көрсетті. Ендігі жерде тарих майданында ел тағдырын білектің күші емес, білімнің күші жеңетінін көрсетті. Осыған көзі жеткен Әбілқайыр отқарулы орыспен одақтаспақ болды. Бірақ Ресейге одақтас емес, отар ел керек еді. Бас иіп келген Әбілқайырға сенбеді. Отқару бермеді. Ақ патша қару беріп Қазақ хандығын күшейткісі келмеді. Керісінше қазақ мемлекетін біртін-біртін әлсіретіп, біржола жоюға кірісті. Өйткені империяға қазақтың елі емес, жері керек еді. Әбілқайыр бұны кеш түсінді. Бірақ мойынына тұзақ түсті. Ол қол қойған хатты алға тартып империя Ұлы Далаға дендеп кіре бастады. Оған қарсы көтерілген Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесарылар да отқарулы империяны тоқтата алмады. Зеңбірегін сүйреткен империя ақыры оңтүстікті алып, Орталық Азияны отарлады.
Бұны көрген зарзаман ақындары күңіренді, Абай бас болып. Орталық Азияны отарлаған Ресей 1897 жылы өз тарихында тұңғыш рет жалпыресейлік санақ өткізді. Бұл санақ бойынша Орта Азия халықтарының саны былайша хатталды:
Қырғыздар – 200 мың адам
Түрікмендер – 280 мың адам
Тәжіктер – 350 мың адам
Сарттар – 970 мың адам
Өзбектер – 721 мың адам
Қарақалпақтар – 104 мың адам
Қазақтар – 4 млн 84 мың адам
Барлығы – 6 млн 765 мың адам. Көріп отырсыздар, соның 4 млн 84 мыңы қазақтар. Қазақ еместердің саны 2 млн 679 мың адам. Сонымен 1897 жылғы жалпыресейлік санақ бойынша қазақтан өзге Орта Азия халықтары қазақпен салыстырғанда екі есе кем болып шықты. Яғни қазақтар Орталық Азия халықтарын жинап есептегенде олардан 2 еседей көп болып шықты.
1921 жылы орыс тарихшысы Александр Чулошников Орынборда Қазақстан тарихына арналған «Очерки по истории казах-киргизского народа» атты монографиясын шығарды. Осы тарихи зерттеудің бірінші бетінде төңкеріске дейін «казах -киргиздар», яғни, қазақтар саны 8,5 млн адам болғаны көрсетілген. Төңкерістен кейінгі большевиктер билік құрған 15 жыл ішінде Қазақстан халқы үш айлапат ашаршылықты бастан кешті, орны толмас демографиялық апатқа ұшырады. Оны 1939 жылы өткен сталиндік санақ көрсетті. Бұл сталиндік санаққа көз салсақ, төңкеріске дейінгі 8,5 миллион болған қазақтар төңкерістен кейінгі аз ғана жыл ішінде анау-мынау емес 6 миллион адамға қысқарған. Сөйтіп, республикада небәрі 2 млн 300 мың қазақ қалған. Сонда Чулошников көрсеткен 8,5 млн қазақтың 6 миллионы қайда кетті деген сұрақ туындайды. Ендеше осы сұраққа жауап беріп көрелік.
2. Ашаршылық себептері
1919 жылғы советтердің төтенше съезінде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов: «1919 жылы ашаршылықтан қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адам болды», деп мәлімдегені белгілі. Қазақстандағы бұл бірінші ашаршылық 1917, 1918, 1919 жылдардағы азамат соғысы салдарынан болған еді. Бұл жылдары қазақ ауылдары екі жақ болып майдандасқан ақтар мен қызылдардың табанының астында жатты. Азық-түлік үшін қазақ ауылын ақтар да, қызылдар да аяусыз тонады.
Қазақ ауылын тонау онымен аяқталмады. Азық-түлік тапшылығын көрген Кеңес өкіметі 1920, 1921 жылдары жанталасып шаруаларға қарсы «продразверстка» салығын күшейтті. Дұрысы, мүлдем қатайтты. «Продразверстка» іс жүзінде халықтың қолындағы астығы мен малына қол салу еді. Қызылдар өкіметі өстіп қару кезеп тұрып, халықтың ауызындағы наны мен алдындағы малын тартып алды. Биліктің бұл қиянатынан қазақ даласы екінші айлапат ашаршылыққа ұшырады. Осынау аласапыран жылы Алашорда партиясының «Ашаршылықпен күрес комиссиясын» басқарған жас жазушы Мұхтар Әуезов 1922 жыл басында жасаған баяндамасында: «1921 жылғы ашаршылықтан 1 млн 700 мың қазақ қырылды!», деп хабарлады. Ал қазақ даласын жусатқан бұл ашаршылықпен большевиктік билік қалай «күресті» дейсіз ғой? Оны сол жылдары күллі кеңестік Түркістанды басқаруға Кремль жіберген Иван Осипович Тоболин бір жиында былай паш етті:
«Марксистік тұрғыдан алғанда экономикалық жағынан әлсіз қазақтар бәрібір құрып, бітіп, жоғалуға тиіс!».
Бірақ «экономикалық жағынан әлсіз» деп, ол тілдеген қазақтардың өз тарихында ешқашан өңірлік жұтты бастан кешсе де, жалпұлттық ашаршылықты бастан кешпегенін комиссар Тоболин білмейтін болып шықты.
Бұдан біз нені көреміз? Бұдан біз Ленин бастаған большевиктер партиясының патшалық Ресейді құлатса да, оның империялық саясатын құлатпағанын көреміз. Ал империяға бодан халықтардың елі емес, жері керек екені белгілі. Бұл шындықты бас билігі жоқ Қазақстанға Кремль жіберген екінші көсем Филип Исаевич Голощекин де дәлелдеді. Голощекин іс жүзінде Қазақстанды басқарған жылдары бұл большевик қазаққа жасаған қиянаты жөнінен Тоболинді он орап кетті. Свердловскіде бала-шағасымен қосып Ақ патшаны өз қолымен аттырған бұл қандықол Қазақстанға келе салысымен «Артта қалған бұл елге «Кіші Октябрь» керек!», деп ұрандатты. Оны Сталин қолдады. Ал оның «Кіші Октябрь» дегені Қазақстанға қанқасап революция керек!» дегені еді. Оны Сталин түсінді. Ол Орталық Азиядағы елі де көп, жері де көп, «ә!», десең, «мә!» дейтін тұлғалары да көп Қазақстанға Ақ патшаны өлтіріп аты шыққан Голощекинді бекер жібермеген екен. Ол келе салысымен қазақ шаңырағына қара қобыз ойнатты. Біртұтас қазақты бай деп, кедей деп екіге бөлді. Қақ жарылған халық біріне-бірі қарсы атылған оқ болсын деді. «Кіші Октябрь» еді. Бұған қарсы шыққандарға қырғидай тиді. Түрмеге тоғытты. Әпербақан жастарды ауыл ағаларына айдап салды. Олардың қолтығына су бүрікті. Қолына мандат берді. Миларын улады: «Байдың мүлкін аламыз!! Жаппай кәллектив боламыз! Қарсы шыққан контрдың, жағасынан аламыз!!!! Ленин біздің атамыз, саясында жатамыз, қарсы шыққан дұшпанды, қақ жүректен атамыз!!!», деп үйретті. Осы ұрандарға имандай сенген желөкпелер жай жатқан халыққа құтырған жындай қаптады. Бұны «Кәмпеске» деді. Белсенділер шаш ал десе бас алды. Елдің үрерге итін, сығарға битін қалдырмай сыпырып алды. Ауылды астын-үстін етті. Қазақтың алдындағы малын алғаны, кеудесіндегі жанын алғаны емес пе?! Халық ышқынып дүрк көтерілді. Голощекинге керегі де сол еді. Міне, нағыз таптық шайқас! Міне, нағыз Октябрь! Әлекедей жаланған әскерді қарусыз «бандиттерге» қарсы салды. ГПУ «контраларды» аңдай қуалап жүріп атты. Ауыл шекараға ұмтылды. Шекарада оларды сақылдаған пулеметтер қарсы алды. Бұл дүрбелең ақсүйек ашаршылыққа ұласты. Голощекин қазақтың көзіне көк шыбын үймелетті.
Голощекин, бірақ өл-өлгенше бір нәрсені ұқпай өтті. Қазақ ауылында бай да бар, кедей де бар, бірақ таптық шайқас неге жоқ?! Соны ұқпай өтті. Тіпті кедейлер тәркіленген бай малын алудан бас тартты емес пе?! Бұны қалай түсінерсің?! Басқасы басқа, қазақ кедейлері сол кедейлердің сойылын соғып жүрген кеңес өкіметін неге жақтамады?! Қазақстанды 8 жыл басқарса да ол көшпелілерге тән ауылдастық, ынтымақтастық дегеннің не екенін түсінбей кетті. Қазақ кедейлері – байсыз, ал, байлары кедейсіз өмір сүре алмайтынын түсінбей кетті. Сахара тұрмысында байдың амандығы – кедейге, ал, кедейдің амандығы байға керек екенін ұға алмай кетті. Бай мен кедей жоқшылықта да, тоқшылықта да селбесіп өмір сүретінін түсінбеді. Осы түсінбестік оны да, ол басқарған халықты да орға жықты.
1931, 1932, 1933-тегі ашаршылық құрбандарының саны 2 млн 300 мыңға жетті. 1 миллиондай қазақ шетел асты. 200 мың өзге ұлт өкілдері опат болды. Бұл – осы ашаршылықты 1992 жылы зерттеген парламенттік Комиссия қорытындысы.
Қазақстан, Украина, Волга бойын жайлаған осы ашаршылықтан кейін көп ұзамай 1937 жылы кеңес Одағында халық санағы өтті. Бірақ сталиндік режім ол санақтың қорытындысын да, оны өткізгендерді де жойды. Соған қарағанда ол санақ ашаршылықтың ауыр шындығын ашса керек. Ол шындықты ашу Компартияның басты қылмысын ашу еді. Сондықтан, араға жыл салып 1939 жылы өкімет қайта санақ өткізді. Бұл қайта санақ бойынша Қазақстанда тірі қалған қазақтардың саны 2 млн 300 мың адам делінді. Кей демографтардың айтуынша бұл өсірілген, қолдан жасалған көрсеткіш. Бірақ «қалай қолдан жасалса да», біз, бұл көрсеткіштен Қазақстанда 1931-1933 жылдары орын алған ашаршылықтың қазақ үшін орны толмас апат болғанын көреміз. Неге? Өйткені оған көз жеткізу оңай. Тарихшы А.Чулошников көрсеткен төңкеріске дейінгі 8,5 млн қазақтан, 1939 жылғы санақ көрсеткен 2 млн 300 мыңды шегеру керек. Сонда, сіз большевиктік билік тұсында орын алған 3 ашаршылықтан қазақтың саны 6 миллиондай адамға қысқарғанын көресіз. Оның 1 миллионы шетел асты десек, қалған 5 миллионы сол 3 ашаршылық құрбандары болып шығады.
3. Ұлттық апат салдары
Халқының қомақты бөлігінен айырылған қазақ даласы сырт көзге қаңырап қалған кеңістіктей көрінді. Сондықтан да соғыстан кейін іле-шала Кремль қазақ жерінде ядролық сынақтарын бастады. Егер, Ұлы Дала үш ашаршылықты бастан кешіп, ата жұртында азшылыққа айналмағанда, Кремль қанша безбүйрек болса да халқы тығыз отырған қазақ жерінде бомба жаруға дәті бармас еді. Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды. «Осынау апатты ашаршылықты айналып өтуге қазақта мүмкіндік болды ма?» деген. Әрине, болды. 1917 жылы құрылған Алаш өкіметін қызылдар жөргегінде тұншықтырмағанда, қазақтар өз елін өзі билеп Ұлы Даланы ұлы апатқа ұрындырмай алып шығар еді. Қазақ өз жерінде азшылыққа айналмас еді.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей Хрущев «тың игеру» дегенді ойлап тапты да Қазақстанға сырттан 2 миллиондай славян өкілдерін көшірді. Соның салдарынан, қазақтардың үлес салмағы өз елінде 29 пайызға түсіп қалды. Қазағы аз Қазақстанды Хрущев әртүрлі экономикалық сылтаулар айтып көрші елдерге бөлшектеп жібермек те болды.
Ашаршылық салдары дегенде оның ұлт үшін ең үлкен психологиялық зардабы еске түседі. Ұлт санасын сансыратқан сойқан зардабы еске түседі. Өз етін өзі жеген қазақтың тағдырдан тауаны қайтып, сағы сынды. Оны біз өз көзімізбен көрдік. Сол Дозақты көрген шешеміз Қанбибі өл-өлгенше «Балалар, дастарқанда нан тұрса болды! Соған шүкір етіңдер!», деп кетті. Әкеміз Абат «енді аштық болмайды» дегенге сенбей жұрт көзінен тасалап қамбаға бидай жинап, тығып жүретін. Бұл Дозақты көрген қазақ психикасы. Дозақты көрген қазақ үшін дастарқанда нан тұрса болды. Өмірде басқа проблема жоқ тәрізді көрінсе керек. Тәуелсіздік, тіл, дін, тарих, дәстүр дегендерге бас ауыртып жүргендерді кездестіру ол жылдары оңай болмайтын. Жоғарыда да, төменде де. Өйткені ұлттық құндылықтарды қорғағандар «ұлтшыл» делінді. Ұлттық құндылықтарды қорлағандар «интернационалист» делінді. Бұл қызылдардың қазақты жою саясаты еді. Бірақ «жыртық үйдің де Құдайы бар». Халық қарғысына ұшыраған «Қызыл империя» іштей іріді де, күндердің күнінде көз алдымызда қалпақтай ұшты. Шаңырағы ортасына түсті.
«Мың өліп, мың тірілген қазақ» өз Тәуелсіздігін жариялады. Бірақ «Қызыл империя» өлсе де, империялық сана өлмепті. Оған жақында көзіміз жетті. Ресейдің үш депутаты жалпақ әлем алдында «қазақтың жері қазақтың жері емес», деп жар салды. Солтүстік Қазақстанға сұқтанды. Бұл ұлыдержавашыл ұрда-жықтар 1897 жылы Ресей империясында өткен санақ қорытындысынан хабарсыз болып шықты. Бұл депутаттар сол санақ бойынша Солтүстік Қазақстанда (ол кезде Семей губерниясы аталған, құрамына Павлодар, Қарқаралы уездері кірген) жергілікті қазақтардың үлес салмағы 80 пайыз делініп, орыстардың үлес салмағы 15 пайыз делініп, Брокгауз-Ефрон энциклопедиясында таңбаланғанын білмейтін болып шықты! Ресейден қазақ жеріне қоныс аударған орыстардың үлесі 15 пайыз болғанын да білмейтін болып шықты! Осы білместіктен олар екі көрші, дос елдер арасына от салмақшы болды. Бұл ресейлік депутаттар сондай-ақ кремльдік большевиктердің басшылығымен Қазақстанда 3 алапат ашаршылық болғанын да білмейтін болып шықты. Егер, сол үш ашаршылық болмағанда бүгінде Қазақстан халқы 100 миллионнан асып Ресейге жетеғабыл алып ел болып отыратынын да білмейтін болып шықты. «Қазақстан халқы 100 миллионнан асар еді» дегенді біз қиялдан алып отырған жоқпыз. 1897 жылғы санақ нәтижесімен, Орта Азия халықтарының бүгінге дейінгі демографиялық өсімін қатар қойғанда қазақтар да табиғи өсімімен 120 жыл ішінде көбейіп 100 миллионнан асатынын көріп айтып отырмыз. Ендеше, көрші елдеріміздің 120 жыл ішіндегі табиғи өсіміне көз жүгіртелік!
1897 жылғы 2020 жылғы
көрсеткіш. көрсеткіш.
/Ресей /Өз
империясында/ республикасында/
Қырғыздар Қырғыздар
– 200 мың – 5 млн 200 мың
Түрікмендер Түрікмендер
– 280 мың – 5 млн 800 мың
Тәжіктер Тәжіктер
– 350 мың – 7 млн 600 мың
Өзбектер Өзбектер
– 721 мың – 34 млн
Қарақалпақтар Қарақалпақтар
– 104 мың – 400 мың
Қазақтар Қазақтар
– 4 млн 84 мың – 12 млн 700 мың
Бұл көрсеткіштерден біз Орта Азиядағы көршілеріміздің бәрі өткен 120 жыл ішінде 22 еседен бастап 28 есеге дейін көбейгенін көреміз. Тек, қазақтар мен қарақалпақтар ғана осы деңгейде көбеймей қалған. Бұның себебін біз бұл екі халықтың отызыншы жылдар ашаршылығы тұсында Голощекин қоластында болғандығынан көреміз.
Қазақстан ХХ ғасыр басындағы үш ашаршылықты бастан кешпегенде қазақтардың саны бүгінде Республикада қанша болар еді деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін біз қазақтардың табиғи өсімін қырғыздармен салыстырдық. Қырғыздар қазаққа дүниетанымы, тұрмысы жөнінен ұқсас халық. Кестеден көріп отырсыздар Голощекинсіз қырғыздар 120 жыл ішінде 26 есе көбейген, яғни, 200 мыңнан 5 миллионға дейін көбейген. Ашаршылықсыз қазақтар да қырғыздардай 26 есе көбеюі мүмкін еді ғой! Әрине, мүмкін еді! Ендеше, ХХ ғасыр басындағы 4 млн 84 мың қазақты 26 есеге көбейтіңіз. «100 миллион» деген цифр шыға келеді. Бұл «100 миллион» деген цифр ашаршылықтардан аман болған жағдайдағы қазақтың 120 жыл ішіндегі табиғи өсімі. Демек, ХХ ғасыр басындағы апаттардан аман болғанда бүгінде қазақтар өз елінде саны 100 миллионнан асып, әлемдегі алып елдердің бірі болып отырады екен...
Қайталауға тура келеді. Бұл цифр қиялдан алынған жоқ. Бұл – Ресей империясының 1897 жылғы халық санағының нәтижесіне сүйенген және содан бергі 120 жыл ішіндегі көршілеріміздің қарапайым табиғи өсіміне негізделген қарапайым арифметика.
4. Ұлттық апатты ұлықтау
Н.НАЗАРБАЕВ: «Әлемдегі ешбір ел Қазақстан тәрізді біржола жойылып кетудің қатерлі шегіне жетіп көрген емес».
Қ.ТОҚАЕВ: «Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн».
Биыл 1921 жылғы ұлттық апатқа 100 жыл толады. Ашаршылық дегенде, біз, бірақ, өткен ғасыр басында сол үш апатта құрбан болғандарды қосып есептеуіміз керек. Сонда, сол үш апатта опат болған 5 миллион қазақтың, отандас 200 мың өзге ұлт өкілдерінің аруағын қосып ұлықтайтын боламыз.
Біріншіден, әрине, 31 мамыр күні ашаршылық және репрессия құрбандарының аруағына арнап барлық мешіттер мен шіркеулерде мінәжат, дұға оқу рәсімі өтуге тиіс. Күнтізбемізде «31 мамыр репрессия құрбандарын еске алу күні» делініп жүр. Бұл жерде «ашаршылық» деген сөз жоқ. Өйткені бұл заң 90-шы жылдар басында «ашаршылық» деген сөзден үркетін кезде осылай қабылданып кеткен. Бүгінгі Парламент бұ заңды «31 мамыр – Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп, жөндер деп үміттенеміз. Өйткені, «ашаршылық» деген сөздің аржағында 5 миллион қазақ, 200 мың өзге ұлт өкілдерінің аруағы тұр.
Екіншіден, осы, 100 жылдық тұсында, ашаршылық тәрізді ұлттың ұлы қасіретін ұлықтауда бір үлкен қадам жасалынып «Аза Сарайының» негізі қаланар болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бір рет Лондонда болғанымызда туристер көп баратын орын деп бізді әйгілі «Мадам Тюссо» музейіне алып барды. Екі ғасырлық тарихы бар музей негізінен балауыздан жасалған мүсіндерден жасақталған екен. Алған әсеріміз әлі күнге естен кетпейді. Әсіресе, орта ғасырларда өлімге кесілген адамдардың басын гильотинамен шабу сәтін көрсететін «үрей бөлмесінен» алған әсеріміз алабөтен болды. Адам денесі мен ұшып түскен бас балауыздан жасалыпты. Бірақ адам денесінен аумайды. Туристердің төбе шашы тік тұрды. Шыға беріс холда әлемдегі әйгілі адамдардың балауыз мүсіндері тізіліп тұр. Арасында көзі тірі – Британ патшайымы. Мүсіннің түпнұсқадан зәредей айырмашылығы жоқ. Сондықтан да жұрт кезекке тұрып «патшайыммен» суретке түсіп жатыр. Біздің ойымызша Қазақстандағы ашаршылыққа арналған «Аза Сарайы» мемориал-кешенін де осы үлгімен жасақтауға болады. «Аза Сарайын» қазақ киіз үйі формасында болса тіпті орынды. Қысқасы, ашаршылық жылдары қазақ өткен Дозақтың жан шошырлық фрагменттерін балауыз мүсіндермен айнытпай қалыпқа келтіруге болады. Сонда оны көрген жұрттың да төбе шаштары тік тұрар еді. Мысалы, аш баласын ажалдан құтқару үшін өз емшегін өзі кесіп беріп отырған қазақ келіншегі. Немесе, НКВД жендеттерінің Сәкен Сейфуллиннің мұртын жұлып жатқаны. Немесе, оққа кеудесін тосып тұрған алаш алыптары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлиндер. Немесе, Голощекинмен айтысып тұрған жалынды жас Смағұл Сәдуақасов... Осындай ашаршылық және репрессия көріністерін балауыз мүсіндер арқылы қалың көпшілік алдында қайта «тірілтуге» әбден болады. Балауызбен мүсіндеу – мүмкіндігі шексіз заманауи өнер. «Мадам Тюссо» музейі туристерге сонысымен тартымды. Бұл музей филиалдары бүгінде Нью-Йорк, Шанхай тәрізді әлемнің 16 шаһарында жұмыс істеп тұруының сыры осында. Уақыт сынынан өткен озық өнерден неге үлгі алмасқа?!
«Аза Сарайына» бас сұққан кез келген отандық турист, шетелдік туристер де Қазақстанның әлем білмейтін «ақтаңдақ» тарихын көзбен көргендей болып, алапат әсер алып шыққан болар еді!
Алапат ашаршылықты бастан кешкен Алматыда осындай «Аза Сарайының» ірге көтеруі – биыл 30 жыл толып отырған Қазақстан Тәуелсіздігінің ұлы ұлт-азаттық мағынасын аша түсер, егемен елдігімізге лайық, ең елеулі ескерткіш-кешен болар еді деген сенімдеміз.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы