• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қаңтар, 2021

Өр мінез, ұлттық намыс қажет

431 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз», дей келе әділетті мемлекетті, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды әділ шешім қабылдаумен тікелей байланыстыра қарайды. Сондықтан басшылардың жаңа буынын дайындауға білікті әрі білімді жастарды тартудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлінген. Президенттің бұл ойлары жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында жариялаған саяси реформаларымен одан әрі дамытылды.

Қазақстанда бұл президенттік институтты енгізу, тәуелсіздікті нығайту және тәуелсіз мемлекет­тің мемлекеттік бас­қару жүйесін қалыптастыру мәсе­лесінен бас­тау алады. Сондықтан ол мем­лекеттік қызмет пен кадр дайын­дауды қолға алуды талап етті. Себебі ескі партиялық-кеңестік мемлекеттік қызметшілер жаңа жағдайда жұмыс істеуге да­йын болмай шықты. Тіптен, олар жаңашыл шешімдерге ашық және жасырын түрде де қарсылық таны­тып, жаңа міндеттерді іске асыруға бағытталған ұмты­лыс­тарға кедергі келтіріп бақты.

Демократиялық қоғам мен нарық қаты­настарына негізделген экономика құру­ға лайық кадрларды бірден өсіріп шығару мүмкін болмады. Басында көз­қарастары кеңестік әкімшілдік-әмір­шіл­дік идеология шеңберінде қалып қой­маған, өзінше ойлау қабі­леті бар-ау деген адамдарды қыз­метке тартып, амалдай тұруға тура келді. Бұл үдерістің оңай жүре қоймағаны да анық. Тек 1995 жылы ғана мемлекеттік қызмет туралы алғашқы заң қа­был­данып, Мемлекеттік қыз­мет істері жөніндегі агенттік құрыл­­ды. Осы­лайша мемлекеттік қыз­меттің мерито­кратия қағи­дат­тарына негізделген қазақ­стандық моделі қалыптаса баста­ды. Мем­лекеттік қызметшілер саяси және әкімшілік деп екіге бөлінді. Нәти­же­сін­де мемлекеттік аппаратқа саяси үде­ріс­­тер­дің ықпалын бәсең­детуге жағдай туды.

Дегенмен, мемлекеттік қыз­мет жүйе­сінде кемшіліктер әлі де болса сақталды. Ол мем­ле­кеттік билік органдары ара­сын­­дағы деңгейлік жұмыс бөлі­­ні­сін толық шеше алмады. Сон­­дықтан болар, бұл жағ­дай жо­ғарыдан төмен қарай ба­ғыт­­талған барлық атқарушы билік арасында кейбір жұмыс түр­лерінің қайталануына әкеліп соқ­ты және оның қызметінің тиім­ділігіне теріс әсерін тигізді. Оның үстіне орталық билік өзіне тие­сілі емес функциялардан ары­луға, мемлекеттік басқару жүйе­сі ашық жұмыс істеуге аса асық­пады. Сонымен қатар билікті ор­талықсыздандырып, мемлекеттік құзыреттің бір бөлігін жергілікті органдарға беру мәселесі толығы­мен шешімін таппады.

Сонау 1991 жылдан бері үкі­меттік меке­мелердің құры­лым­­дық ұдайы өз­ге­ріс­терге ұшырауы оларды ұйым­дас­тыру­дың оңтайлы нұсқаларының бертін­ге дейін табыла қойма­ған­­ын көрсетсе керек. Сон­дық­тан да бұрынғы кем­ші­­лік­терді жоймақ түгіл, оның жаңа түр­лері пайда болып отыр­ды. Өйт­кені, бұл жұмыста жүйе­лілік пен сабақтастық болма­ды. Орталық мем­ле­кеттік ор­ган­дардың бірде жойылып, бір­де қайта құрылулары, олар­дың ұйым­дастырушылық-құ­қық­тық пішіндерінің өзгер­уінің жиілеп кетуі осындай бей-берекетсіздіктердің кең құлаш жаюына әкеліп соқтырды. Мәселен, 1997 жыл мен 2000 жылдың арасында мемлекеттік органдарды қайта құру мәселесі бойынша Президенттің 20 Жарлығы шықса, 1999 жылдың басындағы Үкіметтің құрамына қатысты Жарлыққа 13 өзгеріс пен қосымша енгізілген екен.

2003 жылдың ақпанында Үкімет бе­кіт­­кен мемлекеттік бас­қару деңгейлері ара­­сын­дағы құзыреттерді межелеу тура­­лы тұжырымдама да жер­гілікті жерлер­де толыққан­ды мем­лекеттік билік құру мәсе­лесін аяғына дейін шеше алмай, оны жергілікті өзін-өзі бас­қару заңы шең­берінде қа­рас­тыру ұйғарылды. Артынша бұл заңға өзгерістер енгізіліп, Қаржылық кодекстің қабыл­дануы және жүзден астам әр­түрлі құзыреттердің жергілікті деңгейге түсірілгеніне қара­мас­тан, аймақтардағы мемлекеттік басқару жүйесі жаңа талаптарға сай жұмыс істеуге бейімделе алмады. Кері­сінше, жергілікті ат­қару­шы орган­­дар мен олардағы мемлекеттік қыз­мет­шілердің саны өсіп кетті. Соны­мен қатар жергілікті атқарушы билік­­тің атқарып отырған қыз­метінің ретсіздігі мен көп бағыт­ты­лығы оның құрылым­дық тұрақ­сыздығына әкеліп соқты. Ор­талық және жергілікті басқару­дың ара­сындағы байланыстың сипаты жер­гілікті басқару жүйе­сінің тиім­ділі­гін арттыруға көп ық­пал ете алмады. Сондықтан мем­лекеттік қызмет жө­нін­дегі заңна­маның тек лауазымы­нан айы­ры­лып қалмауды ойлай­тын қыз­мет­шілерден гөрі, нәти­жеге бағдар­ланған кадрларды даяр­лауға кедергі келтіретін ол­қы­лық­тарын жою қажет болды.

Ол тек жоғарыдан төмен қарай емес, сонымен бірге көлденеңінен де, яғни құзыреттерді Үкіметтен министр­лік­терге, орталықтан аймақтарға қайта бөлу арқылы да жүргізілетіндігі ескерілді. Бұл ретте әңгіме мемлекеттің рөлін қысқарту туралы емес, керісінше, мемлекетті епті басқаруды дамыту хақында болды. Ендеше, мемлекеттік аппаратты ре­фор­малау нақты нәтижеге жетуге ба­ғыт­талуы шарт еді. Әкімшілік реформа елдің одан әрі дамып, өркендеуіне сер­піліс береді деп есептелді. Бұл реформа мем­лекеттік қызметті де жетілдіруге бағыт­талуы керек еді. 

Жалпы алғанда, 2000 жыл­дардың екінші жартысын­да жүр­гізілген әкімшілік рефор­маның алдында үлкен міндет­тер тұрды. Қызмет бабымен басқа өңірге ауысқан кезде өз «нөкерлерін» қасынан тастамайтын әкімдер, корпоративтік басқарудың ұжым­дық жауапсыздыққа әкелу мүмкіндігі, мемлекеттік ірі бағ­дар­ламалардың аяғына дейін орындалмауы, министрлердің олардың нәтижесі бо­йынша нақты есеп беруі мен жеке жауап­кершіліктерінің болмауы, со­ған қара­май жаңа бағдарламаларды ұсы­нуға әуестенушілік, мемле­кет­тік ме­ке­­ме­лердегі бітпейтін қай­та құрулар, мем­­­лекеттік бас­қару органдары жұмы­сында сабақ­тас­тықтың жоқтығы сияқ­ты өзек­­­ті мәселелер маман­дар ара­сында да, қо­ғам­да да қызу тал­қыға түсті. Әсіресе, сабақ­тастық проб­лемасы қоғам денесіне жа­быс­қан жазылмайтын індетке айналды.

Мемлекеттік орган­дардың қыз­метінде сабақтастықтың толық сақталмауы реформаларды тиянақты жүргізіп, нақты нәтижелерге жетуге мүмкіндік бермеді. Себебі жаңа ми­нистр бұрынғысының ісін жоққа шы­ғарып, жұмысын қайта құрудан бас­тап, әртүрлі орын­ды-орынсыз бас­тама­лар­ды алға тартып, ұпай жинаумен айналысты. Былайша айт­­қанда, ми­нистр­ліктер мен ведомство­лар сынақ алаңына айнал­ды. Мемлекеттік меке­ме­лер­дегі рет­сіз және ешбір қа­жет­­ті­­лік­ке не­гізделмеген құ­ры­­лым­дық қай­­та құрулар мен ба­сым­­дық­тары­ның жиі өзгеріске ұшы­рауы мем­лекеттік қыз­мет­тегі бере­ке­сіздікке әкеліп соқты. Мем­­ле­кеттік қызметшілерді есең­гіретіп, кадр саясатын тұрақ­сыздандырды. Қаржыны игеру басты көр­сеткішке айналып, жалпы сандық көр­сеткіш­пен әуестеніп, нақты нәтиже, сапа, іс жүзіндегі ха­лықтың әл-ауқаты сияқ­ты мә­се­­лелер жете ескерілмеді. Сөз бен іс үйлеспей, қоғамдық өмір­де сәй­­кес­­сіздіктер орын ала бастады.

Әрбір жаңа әкім кадрларды ауыстырып, аймақ басқарудың құрылымын өз ыңғайына қарай ауыстырып отырды. Ол үшін өзінің адамдарын отырғызу мақ­сатында әкімдер әдетте заңмен үйлесе бермейтін әртүрлі әдіс-тәсіл­дерді қолдануға, өзінің үнемі «алға басып» отыр­ғанын көрсетіп, ұпай жинау мақ­сатында, тіптен, «командасымен» көз­бояу­шылыққа барудан да тайынбады. Осыдан барып аудандық, қалалық және об­лыстық депутаттардың ықпа­лы бір­тін­деп азая бастады. Жер­гілікті элитаны құраған мәсли­хаттардың депутаттары, кәсіп­керлер, әртүрлі мекемелер мен ұйым­дардың басшылары, ректорлар және т.б. әкімдердің ық­па­лына ілікті. Жер­гілікті билік бақылаусыз бол­ды. Әкім­дердің құзыреті күшейді. Мәсли­хат­тар солардың басты тірегіне ай­нал­ды. Сондықтан әкімдер өз­деріне ыңғайлы мәслихаттарды жасақ­тауға тырысты. Жергілікті тұрғындар депутаттарын көруден қалды, оларды танымайтындай жағдайға жетті. Мәс­лихаттардың жұмысы жыл санап нашарлай берді. Бұдан әкімдер ұтпаса, халық одан ешбір пайда көре қоймады.

Бұл жағдай халықтың билік­ке деген «өкпесін» қара қазан­дай қылып, пікі­рін дұрыс жақ­қа өзгерте алмады, кері­сін­ше, олар­дың арасында наразы­лық көңіл күйін тудырып отырды. Оның үстіне мемлекеттік қызметке қабыл­­­даған кезден бастап, қолы­нан іс келе­­тін­дердің жұ­мыста келе­сі сатыға көтерілуі әртүрлі жа­сан­ды кедергілерге тап болып, әділ шешілмей жатты. Бұл – мем­лекеттік аппараттағы тәртіп­тің әлсі­реп, әлеуметтік-руха­ни ахуал­дың нашар­лаған­дығы­ның, оның моральдық құлды­рау­ға ұшырағандығының және іш­тей қарсылық әлеуетінің артқан­дығының көрсеткіші еді. Ал оның ар жағында жал­пы билікке деген сенімсіздік пен оппо­зициялық пиғылдың пайда болуының ауылы да алыс болмады.

Осының барлығы, түптеп келгенде, мемлекеттік органдардың дең­гейінің, мемлекеттік қыз­мет­шілердің жауап­кершілігінің төмен­дегенімен, әкім­шілік бай­ланыстардың жоқтығымен бай­­ланысты болды. Яғни рефор­маны терең­дету мәселесі ат­қару­шы билік тар­мағын қайта құру мен қоғамды демократия­ландыру үдерісін дамытуды талап етті. Өйткені әкімшілік ре­фор­­маның нәтижелілігі мем­ле­кет­­тік аппараттың кәсіби дең­гейін көтеруге, оның қыз­меті­нің тиімділігі мен өнімділігіне, ашық­­тығына байланысты еді. Сол сияқты бұл жемқорлықты те­жеп, азаматтарды елдің әлеу­мет­­тік-экономикалық проблема­ларын шешуге тарту мен мем­лекет­тік қызметшілердің жауап­кер­шілігін арттыруды көздеді. Мем­лекеттік қызметте лауазымды сақ­тауға ғана емес, керісінше, ба­сқару­шылық нәтижелерге жетуге бағ­дарлану қажеттілігі туындады.

2007 жылы мемлекеттік бас­қару жү­йе­сін реформалаудың тұжы­рым­дама­сы анықталып, рефор­маларды іске асы­ра­тын мем­ле­кеттік органдардың өзара іс-әре­кеттерінің тиімділігіне қол жет­­кізудің міндеттілігі мен түпкі нәти­жеге бағдарлану сияқты мә­се­лелерге үлкен мән беріле бас­тады. Ол үдерістер мен процеду­раларды, мемлекеттік қызмет көр­сетуді және мемлекеттік аппа­рат­тың қызметін үйлестіруді жетілдіруді талап етті. Мұн­дағы мақсат – мемлекеттік органдардың өкілеттілігінің жетіспеуінен оның қызметінде ақауды болдырмау және олардың қолына, керісінше, артық билік шоғырландыру ар­қылы қызмет бабын теріс пай­да­лануға жол бермеу еді. Оның тағы бір маңыздылығы әлеу­меттік саясаттың әкімшілік ре­фор­­масымен тікелей байланыс­ты болатынын ескеру қажеттілігінде­ еді. Өйткені, мем­лекеттік қызметшілердің еңбе­гінің әділ бағаланбауы, жалақы­­лары­ның те­ңес­т­ірілуі тиім­ді жұ­мыс істеп жүрген­дерді бой­кү­йез­дікке ұрындырды. Мем­ле­кеттік қызметшілер әрекет­сіздік көр­­сет­кені үшін жауап­кершілікке тар­тыл­май­тынын, өрескел қате жіберсе жазаланып, мансабынан айы­рыл­майтынын білді. Сон­дық­тан дағ­дарыстық жағдай туын­дай қалғанда мемлекеттік қыз­­мет­ші­лер тұрғындармен жұмыс істеуге бейім болмай шықты.

2000 жылдардың екінші жар­тысында жүргізілген әкім­шілік реформа қоғам тарапынан қызығушылықпен қатар, сыни көзқарас, тіптен, қарсы­лық та тудырды. Өйткені бұл іс-шараның Қазақ­станның болашағы үшін тағ­дыр­шешті мәні бар еді. Оның үстіне әкім­шілік реформаны жүргізудің әжеп­тәуір тәуекелі болғандығын да ескерген жөн. Себебі бұл қайта құру мем­ле­кеттен өзінің басқарушылық құ­ры­лым­дарының барлығын реформалауын талап етті. Осы тұрғыдан алып қа­рағанда, бұл проблемаға сыни көз­қарасты ұстанғандар­дың арасында атал­ған іс-шара­ның сырт көрініс үшін істеліп жат­қандығына және ең бастысы, әкімшілік ре­фор­­маны терең және жан-жақ­­ты саяси реформалардан кейін жүргізу қажеттілігіне назар ауда­рыл­ғандығын атап өткен жөн. Екінші сөзбен айтқанда, олардың пікірлері уақыты келген саяси қайта құруларды әкімшілік реформалармен алмастыруға жол бермеу керек дегенді аңғартты. Мұның кадр мәселесіне тікелей қатысы бар. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елге пат­риоттық сезімі бар, саяси бейтарап, іске адал берілген, кәсіби тұрғыда дайын­далған кадрлардан тұратын мемлекеттік аппараттың қажеттілігіне үлкен мән берді. Ол сонымен бірге мемлекеттік органдардың жұмысына баға бергенде жемқорлық деңгейінің төмендеуін, тұрғындарға қызмет көрсету мәдениетін, үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақ­парат құралдарымен байланы­сын және мемлекеттік орган­ның ашықтығын ескерудің маңызды­лығын атап өтті.

Өйткені, жемқорлыққа қарсы күрес­тің нақты жұмыс істеп, нәтиже бере­тін тәсілдерін енгізу, кадрлардың жиі ал­масуына тосқауыл қою және басқа да көптеген мәселелерді шешуге, олар­дың орындалуына бақылау жасау­ға қоғам өкілдерін тарту бұрынғы­ша ма­ңыз­дылығын жоймады. Бұл шенеу­­нік­тердің ойына келгенін істеп, әкім­ші­лік реформаның мәнісін түсіруге жол бермеудің бір жолы болды. Бұл үшін өзін-өзі басқару жүйесі де қажет болды. Осы бағыттағы жұмыстар 2000 жыл­дардың аяғына қарай орын алған әлемдік дағдарыстың салдарынан кідіріңкіреп қалды. Десек те, ендігі жерде тек есеп беруді ғана ойлайтын емес, тұрғындарға қызмет етуге ынталы мемлекеттік қызметші керек еді. Сонда ғана салық төлеуші ақшасының қалай жұмсалып, неге жаратылып жат­қандығын біліп, заң бұзылған кезде кімнің нақты кінәлі екендігін білер еді. Бюд­жеттік жоспарлауды түпкі нәтижеге бағдар­лаудың қажеттілігі де осыдан туындаған болатын. 2010 жыл­дары билік деңгейлерінің аражігін ажырату, ықшамды және тиімді атқарушы билікті нығайту жұ­мысы жалғасын тапты. Бес инс­ти­туционалдық реформа, 2017 жыл­ғы билік тармақтарының құзырет­терін қайта қараудың нәти­жесінде мем­ле­кеттің саяси жүйесі нығайып, қоғам­дық өмірді жаңғыртуға бағыт алынды.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық сұра­нысқа сай келетін мемлекеттік басқарудың жаңа тиімді және әділетті моделін құру керек деп санайды. Прези­дент көтерген мәселелер 2007 жылғы сарапшылардың сыни ескерту­лерімен үндесіп жатыр. Демек, бұл мем­лекеттің өз басқарушылық құры­лым­дарын түбегейлі қайта құру мін­деттерін шешіп, меритократия қағидаларын толық іске асыра алмағанын көрсетеді. Осы­ған байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі өзгерістердің қажет­тілігін түсіне алмай, ескіше жұмыс істеуді жалғастыра отырып, елдегі жаңару үдерістеріне кедергі жасауда деп атап айтты. Президенттің «мемлекеттік қызметшілер – халықтың бір бөлігі, халық үшін және халықтың арасында жұмыс істейді» дегені де бекерден-бекер емес. Өйткені, олардың жұмысына азаматтар баға береді, ал билік болса, тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асуы қажет. Ол үшін, әрине, тиісті саяси тетіктер жасалуы шарт және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін биліктің әр басқан қадамы қоғамға түсінікті де ашық болғаны абзал.

Әрине, жаңа кезеңде жаңа міндеттерді орындауға қабілетті кадрларды іріктеп алудың маңыз­дылығы арта түспек. Сон­дықтан Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа бағыт білімді, батыл, бастамашыл, іскер және адал орын­дау­шы­лардың болуын көздейді. Мем­лекеттік аппаратта білімді, кәсіби, епті, адал маман­дар болуы керек. Мұндай азамат­тар бізде жеткілікті ме?», деген еді. Пре­зи­дент «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» бағдарламалық мақа­ласында мем­лекеттің басты міндеті ретінде жастар­дың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіру, оларды қоғам мүддесіне адал етіп тәрбиелеп, ел игілігіне қызмет етуге жұмылдыру екендігіне баса назар аударды. «Билік орган­дарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс», дейді Мемлекет басшысы.

Қазіргі кадрлардың арасында заманына сай бірнеше тілде сөйлей білетін, кемінде екі дипломы бар, әлеуметтік желіге шыға білетін азаматтар баршылық. Бірақ, бұл фактілер мемлекеттік қызметтегі жағдайдың түзеліп кеткенінің көрсеткіші бола алмайды. Біз үміт артып отырған бүгінгі шенеуніктердің талайы бұрынғыдан да жабығырақ, өз қызметіне қатысты сынға көп мән бермейтін, ақталуға епті болып алған. Олар БАҚ өкілдерімен кездесуге де онша құштарлық танытпайды, сұхбаттарын баспасөз қызметі әзірлейді, әлеуметтік желіге шығуы да арнайы дайын­дығы бар көмекшілері арқылы ұйымдастырылады, көп­шіліктің алдына шығып, тұрғын­дармен тікелей сұхбат­тасып, тіл табысуға онша машық­танбаған. Оның үстіне ондай­лар би­лікке қатысты айтылып жатқан мінді түзету керектігін түсінуге, ол жағ­дайды өзгертуге ынта­лы ма, ұрпақ сабақ­­тас­­тығын жалғас­тыруға қауқары жете ме екен? Жоқ, әлде қыз­меттерін мінсіз атқарып жүр­ген­діктеріне жұртты сен­діруге тырысып, өздеріне шаң жұқ­тыр­маумен әуестеніп отыр ма? Әйтеуір, бұл арада жасан­дылықтың болмағаны игі.

Бүгін Қазақстанда 100 мыңға тарта мемлекеттік қызметші әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп жүр. Бұл – үлкен күш. Егер олар өздерінің халық алдындағы жауап­­кер­­шілігін толық түсінсе, бой­­ларына мемлекетшілдік рухын сі­ңіріп, ұлт­тық мүддеге берік болса, Отанына сүйіс­пен­шілік­терін іс жүзінде бір кісідей көр­сете білсе, кез келген биікті бағын­дыруға болады. Ол үшін Президентіміздің: «...біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деген сөзінің мәнін түсіну және осы ұғымға сай өр мінез бен ұлттық намыс қажет.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы