• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 21 Қаңтар, 2021

Жарқылдап өтті өмірден

492 рет
көрсетілді

Халқымыздың тарихында есімдері елге мәлім, кейінгі ұрпақтар үлкен алғыспен, сый-құрметпен еске алатын белгілі тұлғалар аз емес. Солардың бірі 1706 жылы дүниеге келіп, 1778 жылы қазіргі Ақмола облысының Ерейментау өңірінде өмірден оз­ған (ҚСЭ, 11-том, 1977 ж.), қазақ әдебиетінің жыраулар поэ­зия­сын­да өзіндік орны бар Үмбетей Тілеуұлы дер едік. Оның өмір сүр­ген уақыты – сол кездегі бабаларымыз елі мен жерінің азат­­ты­ғын, бостандығын сақтап қалу үшін жан аямай күрескен, егеу­­­лі найза қолға алған азаматтары күн-түн қатып ат үстінен түс­­­пеген, қауіп-қатерлі, аумалы-төкпелі, сын-сынаққа толы заман еді.

Халқымыздың қас батыры Қан­жығалы Бөгенбайдың жорық­тардағы, сан шайқастардағы сенім­ді серігі, жалынды жыршысы бол­ған Үмбетей жырауды ел-жұр­ты «Жорық жырау» деп те атан­дыр­ған. Біз бүгін сөз еткелі отыр­ған Мұрат Мұсайбекұлы Әбдірах­ма­нов – сол Үмбетей жыраудың тіке­лей алтыншы ұрпағы.

Осындай текті атаның ұрпағы болудың ер азаматтың мойнына артатын жүгінің, салмағының да аз болмайтыны түсінікті. Ол өзінің тіршілігімен, ісімен сол ата-бабаларының есіміне лайық өмір сүре алса – зор ғанибет, өмірдегі парызын адал орындағаны. Мұрат Әбдірахманов сондай биіктен көрініп, сондай сенімнен табыла алған көпке сыйлы, белгілі, абыройлы азамат еді.

Менің Мұратпен танысып, араласуыма құдай қосқан қосағым, балаларымның сүйікті анасы, ғұ­мырдан ертерек озған қимас жарым Хабиба Әубәкірқызы себеп болған-ды. Мұраттың жары Нәдия Хабибаның университетте бірге оқыған ең жақын құрбысы болатын, ұзақ жылдар отбасылық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Сондықтан мен Мұратты бір адамдай білемін деп айта аламын.

Өткен ғасырдың басында қа­зақ­тар Орта Азиядағы жерінің көлемі жағынан ғана емес, халқы­ның саны жөнінен алғанда да ең іргелі, ірі ұлт болғаны бел­гі­лі. Жиырмасыншы, отызыншы жыл­дардағы сұрапыл екі ашар­шылық болмағанда, еліміздегі қазақтар саны осы күні қырық-елу мил­лионды да омыраулап отырар еді-ау деген ой келеді еріксіз. 1931-1932 жылғы ашаршылық кезінде Мұраттың әкесі өзінің отбасымен аштан өлмеу амалымен Ерейментау өңірінен Ресейдің Омбы облысына жаяулап барып, сондағы ел-жұртты, қазақ ағайындарды сағалап, аман қалғандары туралы әңгімені бұрынырақ естіген едім. Қазақстанға, ата-бабаларының мекені Ерейментау өңіріне олар 1947 жылы ғана қайтадан көшіп келеді. Кеңес Одағындағы барлық өзге ұлттарды орыстандыру саясаты мықтап жүргізілуі салдарынан облыстың көп аудандарында бірде-бір қазақ мектебі жоқ болатын. Балаларының ана тілінде білім алуын қалайтын ата-аналар ұлдары мен қыздарын алыстығына қарамастан, айналадағы аудандардан, бір шеті Ресейдің Омбы облысынан, Көкшетау, Павлодар, Ақмола облыстарының әр жерінен амалсыздан Бестөбе кенішіндегі жалғыз қазақ мектебіне әкеліп бе­ретін. Интернат жоқ, шеттен кел­гендердің барлығы тұратын үй іздеп, әуреге түсетін, жақын-жұ­рағат, жекжат, тамыр-таныс­тар іздеп, соларды сағалайтын. Қиын­дықтарға шыдайтын. Мұрат та сол мектепті бітірген еді.

1957 жылы ол онжылдықты бі­тірген соң кеніште бір жыл жұмыс істеп, Қарағанды педагогикалық институтының тарих және филология факультетіне оқуға түседі.

Мұрат бесінші курста оқып жүр­генде Ерейментаудан жетпіс шақырым жердегі, арада жөнді жол қатынасы да жоқ Шәкей ауылындағы бұлардың отбасы ауыр қазаға ұшырайды. Ойламаған жерден қақаған қыс ортасында Мұраттың анасы Қапыш қайтыс болады. Қайтыс боларының алдында ол ұлының оқудан қол үзіп қалмауын уайымдап, «егер мен осыдан алай-бұлай болып кетсем, ұлға хабар бермеңдер. Оқуын үз­бесін, бітірсін» дейді. Жамбас сүйегіне зақым келіп, төсек тартып ауырып жатқан Мұраттың әкесіне, інісі мен ең кіші сіңлісіне өзінен кейінгі тете қарындасы Қапия бас-көз болып, бар қиындықты, ауыртпалықты енді түгел өзінің мойнына алады. «Ағатайым оқу­ды тастап ауылға келсе, соңғы курсын аяқтап, дипломын ала ал­май қалар» деген қауіппен ол болған жағдай туралы Мұратқа хабар да бергізбейді. Көктемде, соңғы емтихандар алдында ана­сының қазасын өзгелерден есті­ген Мұрат сол бойда оқуды тас­тап, ауылға қайтпақ болғанда бірге оқитын достары жиналып келіп, қайғысын бөлісіп, жылы сөздерімен жұбатып, «анаңның да арманы сенің оқуды бітіруің еді ғой» деп, Мұратқа енді неде болса емтихандарды аяқтап, ауыл­­ға сонан соң бір-ақ қайтуға ке­ңес беріп, айтқандарын орында­тады. Мұраттың қарында­сы от­ба­­сындағы оқыстан келген ауыр жағдайды шыдамдылық­пен көтеріп, әкесін, өзінен ке­йін­гі ба­уырларын күтіп-бағу­ға бар қай­раты мен жігерін жұм­сап, ана­сы бар кездегі сол жазда тех­ни­кумға түсіп оқимын де­­­ген арма­нынан бас тартып, әке ша­­ңы­рағында қала береді. Оның осын­­дай бауырмалдық игі ісі, өмір­­дегі шешуші сәтте бар жа­уап­­кершілікті, қиындықты қа­йыс­­пастан мойнына ала білген өне­гесі өзгелерге де үлгі болғандай екен-ау деген ой келеді еріксіз. (Мұ­раттың ол қарындасының ­ке­йі­ні­ректе жақсы адамға тұр­мыс­қа шыққанын, балалы-шағалы, бақытты шаңырақтың от анасы болғанын айта кетудің де артық­шылығы жоқ сияқты)...

Мұрат оқуын бітірген соң өз ауылы Шәкейдегі орталау мектепке мұғалім болып оралады. Cту­дент кезінде танысқан болашақ жары Нәдиямен үзбей хат жазысып тұрады да, 1964 жылы көктемде Алматыға оны іздеп ба­рады. Осы жолы Нәдияның үл­кен ағасы Равильмен, атақты ән­ші Абдуллиндердің отбасымен та­нысады. Қазақтың ұзын бойлы, сабырлы, сымбатты жігіті та­тар­дың көрікті қызы Нәдияның туыс­тарының бәріне ұнайды, олар екі жастың шаңырақ құруына келісімін береді. Нәдия институт бітіріп, дипломын алған соң Алматының Совет аудандық ЗАГС-інде некелерін қидырғанда Ришат Абдуллин әйелі Лямиға Зиевнамен бірге куә болып, өз үйлерінде мерекелік үлкен дас­тарқан жайып, өз туыстарымен және Нәдияның ең жақын құр­бы­ларымен, достарымен бірге бұл қуанышты оқиғаны атап өтеді. Мұрат пен Нәдия Павлодарға кел­ген соң Нәдияның анасы мен осын­дағы туыстары бірлесіп, «қыз ұзату» тойын өткізеді де, жас­тардың үйлену тойы Мұраттың әкесі тұратын Шәкей ауылында өтеді. Ауылдағы, сонан соң Ақ­мола қаласындағы мектепте бір жыл мұғалім болып істеген Мұрат Пав­лодар педагогикалық институты жариялаған конкурсқа қаты­сып, таңдаудан өтіп, институтқа ұстаз болып қабылданады.

– 1971 жылы Мұратты Павло­дар педагогикалық училищесіне қа­былдау емтихандарының төр­ағасы болуға шақырды, – дей­ді Нәдия өз өмірлерінің жар­қын бір сәтін еске түсіріп. – Ол кез­де пединституттың аға оқыту­шы­сының айлығы 120 сом болатын. Қабылдау емтихандары біткен соң Мұрат өмірінде бірінші рет қолына 700 сом ақша алды. «Не істесек екен? Мебель алайық па, әлде демалуға бір жаққа барайық па?» деп ойландық. Мен екіншісін таңдадым. Өйткені соған дейін жеті жыл бойына ешқайда барып дем алуға мүмкіндігіміз бол­­­маған еді. Менің мамама екі не­­ме­ресімен қалу қиын тиетін бол­­­ған соң, кіші ұлды ғана оған қал­ды­рып, үлкен ұлды өзімізбен алып кетуді ұйғардық. Кәсіподақ бізге «Пушкин болған жерлерге» сая­хаттап қайтуға он күнге жол­да­ма берді. Мұның өзі сонша­лық­­ты ұмытылмас күндер болды. Біз бес күн Ленинградта тұрдық. Эрмитаж музейін кө­ріп, Нева жағалауындағы ақ түн­дерді тамашаладық. Одан соң Пуш­киногорскіге, Михайлов селосына барып, Пушкиннің өскен үйі мен күтушісі Арина Родионовна тұрған кішкене үйді де көрдік. Біз­дер онда бөренелерден қиып салған шағын ғана ағаш үйде тұ­рып, күнде таңертең Сороть өзе­нінде қайықпен серуендеп жүр­дік. Сөйтіп, тамаша дем алдық. Қайтарда әдейілеп Мәскеуге со­ғып, Сирияда әскери аудармашы бол­ып қызмет істейтін, әйелімен, қызымен демалысқа келген менің ағам Равильмен кездестік...

Павлодар облысы ол кезде сырт­тан келгендері көбейіп, жер­гілікті тұрғын халқы жиыр­ма­сын­шы және отызыншы жыл­дар­дағы ашаршылықтан қырылып, өзінің ата-бабасының жерінде аз­шылыққа ұшырап қалған өлке­леріміздің бірі еді. «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, пединституттың жас ұстазы Мұраттың білімділігі, ізденгіштігі, ой-өрісінің кеңдігі байқалмай қал­мады. Ол облыстық партия комитетіне лекторлық қызметке шақырылды. Кешікпей лекторлар тобының жетекшісі болды. Одан соң облыстық партия ко­ми­тетінің үгіт және насихат бө­лімі басшысының орынбасары қыз­метіне жоғарылатылды. Бұ­дан кейінгі жылдарда Павлодар облыстық телерадио комитетінің төрағасы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Осы жылдардың бә­рінде көпшілікке сыйлы болды. Әр­дайым қиналғандарға көмек көрсетуге, адамдарға қолұшын беріп, жақсылық жасауға дайын тұрды. Жастарымызды еліміздің патриоты, халқымыздың тарихын, тілін, өнерін, салт-дәстүрін жақсы білетін, қадірлейтін отансүйгіш азаматтар етіп тәрбиелеуге барынша күш салды, елеулі үлес қосты.

Тәуелсіздігімізге қол жеткізген 1991 жылдың 16 желтоқсаны хал­қын, ұлтын сүйетін әр қазақтың өмі­ріндегі аса қуанышты күн бол­ғаны белгілі. Сол күндері дүние жүзіндегі барлық қазақтар бірге қуанды десек болады. Тәуелсіз Қа­зақстан шетте жүрген барлық ағайынға құшағын ашты, олар да өздерінің тарихи Отанына жетуге асықты. Қазақстанға бет алған ұлы көштің алдыңғы легін Қытай мен Моңғолия қазақтары бастады. Мұрат бұл кезде Павлодар облыстық телерадиокомитеттің бас­тығы еді. Бұрынғы Моңғо­лия­ның азаматы, елімізге алғашқы­лар­дың бірі болып көшіп келген Үзбен Құрбанбайұлы сол уақыт­ты былай деп еске алады:

– Тоқсаныншы жылдардың ба­­сында, Қазақстан тәуелсіздігін алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрген кезде Мұрат Әб­дірахманов ағамыз Баян Өлгий аймағына Павлодар облысына көшіп баратындарды қабылдайтын совхоз басшыларын және Қазақ­станға қоныс аударатындарды алып қайтуға арналған «КамАз» ма­ши­наларының үлкен керуенін бас­тап келді. Қазақстанның өзге облыстарынан да осындай өкіл­діктер келіп жатқан. Жұрт олармен кездесіп, білгісі келетін сұ­рақ­тарын қойып, мәре-сәре. Мен осы көші-қон мәселесінің басы-қасында жүрген жергілікті аза­мат­тардың бірі ретінде Мұрат ағамен алғашқылардың бірі бо­лып таныстым. Мұрат аға өзі­нің білім-білігімен, ұлтым, қа­за­ғым деген жүрегімен, шешен шежірешілігімен бізді бір көр­геннен баурап алды. Ағамыз бас­таған телерадио комитетінің ма­ман­дары ауылдарды аралап, ұл­ты­мыздың байырғы тілін, салт-дәстүрін сақтап қалған Моң­ғолия қазақтары өмірінен кино түс­ірді. Мұрат ағамыз жергілікті қа­зақ­тармен күн сайын кездесу өткізіп, халқымыздың үш ғасыр бойғы ар­манына айналған тәуелсіздік­тің мән-мағынасы, маңызы жайлы емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Өзін қазақ елінің елшісі ретінде сезінген ол Елбасымыздың қандастарымызды елге шақырған «Ағайынға ақ тілек» атты хатын кездесулерде тебіреніспен оқып беріп, тәуелсіздігіміздің іргетасын бекітудегі ұлт көшбасшысының көреген саясаты жөнінде айтатын. Қазақ елінің бастан кешкен тарихына шолу жасап, отарлау саясатының халыққа тигізген зә­бір-жапасын, соның салдарынан Қазақстандағы қазақтар ұлттық рухынан, тілінен, салт-дәстүрінен айырылудың аз-ақ алдында қал­ға­нын бүкпесіз әңгімеледі. Моң­ғолия қазақтары байырғы салт-дәстүрімізді саф алтындай таза қалпында сақтап қалғанына қуа­нышын, ризашылығын жасыр­мады. Ұлтымыздың алдында тұрған ұлы мақсат – басымыз­ды құрап, тәуелсіздігімізді тереңде­тіп, ұлттық мемлекет құру, сол үшін барлықтарыңыз атамекен­ге асығыңыздар. Сіздер Қазақстан­ға, соның ішінде қазақтар азшылық­қа айналып, тілімізден, салт-са­намыздан айырыла бастаған өл­келерге көптеп орналассаңыз­дар, ұлттық рухымыздың өсуіне зор ықпал етесіздер. Ұлттық си­па­ты­­­мыздың қайтадан жаңғырып, жарқырауына, тіліміздің, салт-дәстүріміздің қайтадын жанда­нуына үлес қосасыздар дегенді әр кездесуде айтып жүрді. Сол жолы Моңғолия қазақтарынан 480 отбасы Мүкеңнің артынан еріп, Павлодар облысының Лебяжі, Баянауыл, Майқайың сияқты бір­қатар ауданына қоныс аударды. Қарашаңырақ Қазақстанға көшіп келген ағайындардың ішінде кей­бір өзге облысқа барғандардың әр­түрлі қиындыққа кездесіп, тіп­ті басқа облыстарға қоныс ауда­руға мәжбүр болған фактілері де орын алғанын білеміз. Ал Пав­ло­дар облысына бізден келген аға­­йындарға қамқорлық жақсы жа­­салды, мамандықтарына қарай олар мектеп мұғалімі, директоры, аға дәрігер сияқты басқа да қыз­меттерге бірден орналасты. Сер­гелдеңге түсіп, онда-мұнда көшкен жоқ. Тұрмыс тіршіліктері жылдам түзеліп кетті. Бұған бір жағы Пав­лодар халқының кішіпейілдігі, ба­уыр­малдығы, өз жерімізде өзі­міз азшылық болып отырғанда шеттен келген ағайындар тілі­міз­дің қалпына келуіне, салт-сана­мыздың жаңғыруына үлес қо­сады деп іш тарта қарауы бол­са, екінші жағынан облыстағы бас­шылық қызметте жүрген, Моң­ғолия қазақтарының болмыс-біті­мін көзімен көріп, ризашылық се­зіммен қайтқан Мұрат ағаның да қолдауы, шапағаты тигені анық. Моңғолиядан келген кейбір білікті, зиялы бауырларымыз әкім­шілік, басшылық қызметтерге де қол жеткізіп, ақын, жазушы, жур­налист, өнер иесі азаматтары­мыз мамандық салалары бойын­ша ең­бектерін жалғастырып, кітап­та­рын бастырып, көпшілікке ке­­ңінен танымал болып кетті. Те­ле­ви­де­ниеден кейін Мүкең об­лыст­ық мәдениет басқармасын бас­қару­ға барып, онда да көп жұ­мыс тындырды. Жалпы, ол қай қызметте жүрсе де қазақ тілі­нің жоғын жоқ­тап, ұлттық сана мен рух үшін кү­ресумен өтті. Об­лыста қазақ мек­тептері мен балабақшала­­рын ашуға, елді мекен, көше атау­ла­рын қазақшалап, қай­тадан қал­пына келтіруге, айтыс өне­­рін жан­дандыруға көп еңбек сіңіріп, әділ қазылар алқасына мүше болып, жас ақындардың өнеріне, сөз саптауларына қуанып, марқа­йып отыратын. Ел тарихын, әдебиеті мен өнерін зерттеп, көптеген ма­қа­ла жазды. Об­лыста аударма­шы­лар курсын, қазақ тілін тегін үйрету курстарын ашуға мұрындық болды.

– Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Алматыда Павлодар облысы мәдениетінің күндері өтетін болып, дайындық қызу жүргізіліп, оған облыстағы барлық мәдениет, өнер мекемелерінің өкілдерінен, музей қызметкерлерінен, бала­лар­дың би ансамбльдерінің мү­ше­лері мен музыкалық училище түлектерінен, бас-аяғы 420 адамнан құрылған арнайы пойыз жасақталып, жолға шыққаны есім­­де, – дейді сол кездегі музы­ка­­лық училище директоры, Қазақ­стан­­- н­ың еңбек сіңірген қайраткері Вик­тор Петрович Денисенко. – Мә­­дениет күндерін өткізудің бар­лық жауапкершілігі облыстық мә­де­ниет бөлімінің бастығы Мұ­рат Мұ­сайбекұлына жүктелді. Ал­матыға са­парға шыққан арна­йы пойызды да сол басқарды. Мен оның орынба­сары едім. Жол бо­йында да, Ал­ма­тыға барған соң да күтпеген қиын­дықтар кезде­сіп отырды. Ол өзі­нің сабырлығы, адамдарға се­нім артып, талап ете білетін та­бан­дылығының арқа­сында солар­дың бәрін дер кезін­де еңсере білді. Пав­лодар об­лы­сы мәдениетінің Ал­ма­тыдағы күн­­дері зор табыспен өте жо­ғары деңгейде өтті. Мұрат Мұ­сай­бек­ұлының ең соңында қуа­­нышты, жарқын жүзбен: «Рах­мет бәріңе! Біз жеңдік! Барлығы ойлағандай болды!» деп қатысу­шы­ларға алғыс айтқан сәті әлі есімде.

Мұрат облыстық телевидение мен мәдениет басқармаларын, кейінірек «Қазақ тілі» қоғамын он жылдай басқарған кезіндегі жүзе­ге асқан кейбір істерді тізбелеп айта кетуге болады: 1990 жылы қа­ла­дағы №1 балалар бақшасында қазақ тілінде тәрбие беретін ең алғашқы топ ашылды; 1991 жылы Мұраттың ұсынысымен облыста коммерциялық КТК және қазақ тіліндегі «Арна» телеканалдары ашылып, ақындар айтысы, балалар мен жасөспірімдерге ар­налған тәрбиелік маңызы бар тартымды хабарлар ана тілімізде беріле бастады; қазақша хабар беру алғашқыда бір жарым сағатқа ұзартылып, артынан ресейлік екі каналдың бірі жабылып, орнына ана тіліміздегі канал ашылды; 1992 жылғы қыркүйек айында Ти­мирязев атындағы орыс орта мек­тебінде алғашқы қазақ класы ашылды; 1998 жылы «Галицкое» кеден бекетінің аты «Найза» деп өзгертілді; Үмбетей жыраудың есімі аудандық мәдениет үйіне беріліп, оның алдына қолына домбыра ұстаған ұлы жыраудың мүсіні орнатылды; Кеңес Одағы кезінде өздерінің ата-баба жерінде азшылыққа айналып, ана тілін жоғалтуға аз ғана қалған Павлодар өңіріне Моңғолиядан 480 қазақ отбасы көшіріліп әкелініп, ана тіліміздің іргесі беки түскені жо­ғарыда айтылды; облыста қазақ балабақшалары мен мектептерін ашу, елді мекендер мен көше атауларын қазақшалау, көрнекі ақпараттардағы қателіктерді тү­зеп, жөнге келтіру; іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мақ­сатында қыруар іс атқарылды. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен облыста бұрын орысша аталып келген 425 елді мекеннің 270-інің атауы қазақ тіліне ауыстырылды, соның ішінде бір ғана Ертіс ауданындағы 40 елді мекеннің 35-інің ежелгі тарихи атаулары қалпына келтірілді. Тоқсаныншы жылдардағы бюд­жетте ақша жоқ, мәдениет меке­мелері, кітапханалар, балабақ­ша ғимараттарына дейін пы­сықтарға арзан бағаға сатылып, талапайға түсіп жатқан уақытта солардың көпшілігін сақтап қалу үшін аянбай күресті, көбін сақтап та қалды. «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облысындағы жүзеге асырған игілікті істерін баяндайтын «Қоғам белестері» атты кітап шығарды. Республикалық қоғам басшылары Әбдуәли Қай­дар мен Өмірзақ Айтбайұлы оның жігерлі жұмысын жоғары баға­лап, өздерінің «Тіл майданы» атты кітабын оған: «Павлодар топы­рағында тіл мүддесін шаршамай қаузап, талмай күресіп келе жатқан Мұрат Мұсайбекұлы бауырымызға іске сәт дейміз!» деген қолтаңбамен сыйлады. Пав­лодар облысындағы «Қазақ тілі» қоғамын он жылдай көк тиын жа­лақы алмай, қоғамдық негізде бас­қарғанын да өнегелі іс ретінде айта кеткеніміздің артықтығы жоқ. Кейінірек Астанаға ұлы мен неме­релеріне көшіп келген соң да үйде қарап жата алмай, Астана қаласында «Қазақ тілі» қоғамы құрылуына ұйытқы болды, өзі осы қоғамның жауапты хатшысы міндетін атқарды...

2015 жылы Мұрат қайтыс бол­ғанда жұртқа белгілі біраз азаматтар қимастық сезіммен қоштасу сөздерін айтқан еді. Солардың бірі ақын Қонысбай Әбілов:

...Еңбегімен халқына

сый арнайтын,

Тұлға едің сен елді

ойлап қиялдайтын.

Сыртқа шықсақ:

«Осы, – деп азаматым!»,

Көрсетуге мақтанып

ұялмайтын.

Аламанда бәйге алса қазанаты,

Жайылады алысқа қазақ аты.

Қатарыңның алды едің,

басың биік,

Ұлттың ұлы,

Алаштың азаматы!

– деп өлең жазды.

Артында жарық із қалдыр­ған Мұрат Мұсайбекұлы Әбді­рах­мановтың жарқын жүзі, хал­қымыздың игілігі үшін тындырған іргелі істері жұрт есінде, ел тарихында сақтала береді.

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты