• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қаңтар, 2021

Су мәселесіне салғырт қарауға болмайды

839 рет
көрсетілді

Өңірге негізгі су көзі айыр қалпақты ағай­ын­ның аумағынан келеді. Бі­рақ таудағы қар суы­нан пайда болып, одан Қыр­ғыз жеріндегі «Ки­ров» суқоймасына барып жиналатын. Сол жерден Жамбыл облы­сын­дағы өзендерге, суқойма­ларға құятын судың мә­нісі болмай тұр. «Бір­де көл, бірде шөл» дей­тін­дей, табиғаттың тосын мі­незі биыл өңірдегі ша­руа­шылыққа оңай болмайтын түрі бар.

Бүкіл тіршіліктің тамырына қан, өзегіне нәр беріп тұрған судың барлық шаруашылық үшін маңызы орасан. Әсіресе, егін егіп, бақша салып отырған ауыл тұрғындары үшін су – баға жетпес байлық. Бүгінде Жам­был облысындағы жер­гі­лікті халықтың дені ауыл шаруа­шы­лығы саласы арқылы күн көріп келеді. Қазақтың ежелден бері келе жатқан егіншілік, бақ­та­шы­лық өнері мұнда кеңінен дамы­­ған. Ерте көктемде кетпен-күре­­гін сайлап, егіс даласын бетке алған шаруалар ала жаздай аптап ыстықта бейнет ке­шіп, қоңыр күз келгенде бей­нетінің зейнетін көреді. Бұл – өзіне де, өзгеге де пайдалы іс. Дегенмен егін егіп, бақ­ша салып, жалпы шаруамен ай­на­лысу, оның нәтижелі болуы үшін тіршілік көзіне баланатын су жеткілікті болуы керек. Ал су мәселесі жөнінен Жам­был облысы көрші Қырғыз Рес­пуб­ликасына тәуелді.

Аймақта негізінен Шу, Талас және Аса сияқты 3 ірі өзен бар. Шу өзенінің ұзындығы 850 ша­қы­рымды құрайды. Ал Талас өзені 444 шақырым болса, Аса өзені – 253 шақырым. Бұл, әрине, теңдесі жоқ байлық. Негі­зі атақты Шу өзені Қырғыз елі­нің аума­ғынан басталып, одан беріде Жамбыл өңіріндегі Қор­дай, Шу және Мойынқұм аудан­дарының аумағын басып өтіп, Сарысу ауданы арқылы көрші орналасқан Түркістан облысының Созақ ауданына дейін жалғасады. Тіпті осыдан төрт-бес жыл бұрын өңірге қалың қар түсіп, ақыры тасыған Шу өзені Созақ аймағынан өтіп, Қызылорда облысындағы Ақжайқын өзеніне дейін аққан кездері болған. Бірақ бүгінде сол өзеннің бұрынғыдай қарқыны жоқ. Қырғыз елінен бас­тал­ған Шу өзені сол аумақтағы «Чумуш» су торабына жиналып, одан Шу ауданындағы «Тасөткел» су қой­ма­сы­н­а келеді. Содан жаз мезгілі келгенде бұл су Шу және Мойынқұм аудандарындағы жерлерді суаруға беріледі.

Бұл ретте бізге Шу-Талас бассейн­дік инспекциясы су ресурстарын пайдалануды реттеу және басқару бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Ибраев аудандарға су бөлудің тәртібін түсіндірді. Маманның айтуынша, аталған инспекция қыс мезгілінде артылған суды үнемдеп, Мойынқұм және Сарысу аудандарындағы жайылымдық пен шабындық жерлерге береді. Сонымен қатар Жамбыл облысы осы мақсатта жыл сайын Түркістан облысының Созақ ауданына да 200 млн текше метр су беруі керек екен. Бұл міндет те орындалуы қажет.

«Қазіргі кезде «Тасөткел» су қой­ма­­сында 47 пайыз су бар. Бұл жер­ден негізінен Шу және Мойынқұм аудандарына су бөлінеді. Шу өзені сияқты Талас өзені де Қырғыз Рес­пуб­ликасының аумағынан басталады. Сусамыр тауынан жиналған қар суы осы өзенге келіп құяды. Содан Жам­был облысына дейін Қырғыз елін­дегі Манас ауданы осы суды пайдаланады. Сөйтіп жан-жақтан келген су «Киров» суқоймасына жиналады. Оның жобалық сыйымдылығы 550 млн текше метрді құрайды», дейді Т.Ибраев.

Жыл сайын мұнда қажетті су жи­на­лып келгенімен, биыл бұл да бол­май тұр екен. Жалпы, «Киров» суқоймасындағы судың 80 пайызы Жамбыл облысына тиесілі. Бұдан өңір­дің Жамбыл, Байзақ, Талас аудандары да пайдаланады. Ал Шу-Талас бассейндік инспекциясының қызметкері қыс мезгілінде үнемделген судың Сарысу ауданына жіберілетінін, тіпті қазір су Сарысу мен Мойынқұм аудандарының шектесер тұсы – Ұлан­бел жаққа барғанын айтады. Бұл су Сарысу ауданының Досбол, Тоғызкент және Талас ауданының Үшарал ауылдары жақта орналасқан Қопал өзеніне барып құйылады. Негізінен Сарысу ауда­ны суды шабындыққа алады. Алайда өңірдегі төрт бірдей ауданды басып өтетін Шу өзенінің суы бүгінде Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарына мүлде бармайды екен. Аталған ауылдар Шу өзенінің төменгі сағасында, Бетпақтың даласына жақын орналасқан. Бірақ Шығанақ ауылының тұрғыны Ахметжан Баушенов ақсақал бастаған ауыл тұрғындары қазіргі кезде ауыл мүлде сусыз қалғанын айтып шағымдануда. Кезінде ауыл тұрғындары «Қамқалы» көлінен балық аулап күн көрген екен, қазір ол да тартылып барады. Шынында да, Досбол ауылынан шығып, Шығанақ ауылына қарай жол тартқан кезде кез­де­сетін Шу өзенінің аңғарының құрға­ғанын, талайдан бері су жүрме­ге­нін көруге болады. Біздің бұл сауалымызға Т.Ибраев әр ауданның мезгілімен су алатын кестесі бар екенін айтты. Сондай-ақ маманның айтуынша, аудан тұрғындары «Бүркітті» және «Ын­талы» суқоймаларынан су алады. Бірақ сарысулықтар әлі күнге дейін Шу өзенінің суы бәріне ортақ болғанымен, өздеріне жетпей жатқанын түсіне алмай дал болуда. Сонымен қатар аталған ауылдар бұл суқоймаларынан да алыс. Сондықтан да ауылдықтар Шу өзенінің суына мұқтаж.

Қазіргі кезде Жамбыл облысына судың түсу деңгейі төмендеп кеткен. Мамандардың айтуынша, әрбір 5-10 жылда су азайып немесе көбейіп тұрады екен. Мәселен, 2016 жылы су көп келіп, облыстағы Талас, Аса өзендері тасып, жағалауларының шайылып кеткені, тіпті бұл қарқын Созақтың көпірін бұзып кеткені де ел есінде. Ал бүгінде шекараның арғы бетінен келіп жатқан судың қарқыны бәсең. Шу өзеніне секундына 65-75 текше метр су түсіп жатқан болса, Талас өзеніне секундына 13 текше метр су түсуде. Табиғаттың мінезі де әр кезде әрқалай құбылады. Ол үшін өзендер аумағынан ағып өтетін аудандардың барлық жағдайға дайын болуы керектігі жиі айтылуда. Әсіресе елді мекендерге, адамдарға қауіп төндірмеу керек. Шыны керек, көктем келіп, күн жылыған кезде көп су далаға кетеді. Өзендер арнасынан аспаса да, жыраларды жырып, бітеулерді бұзып ен далаға су ағып жа­тады. Сол суды сақтап қалу үшін үнем­ді пайдалану мақсатында су торап­тары қажет. Мысалы, Талас өзенінің бойында «Талас» су торабы бар. Байзақ ауданының аума­ғын­да «Темірбек», Талас ауданында «Жиембет», «Ойық» су тораптары бар. Бұдан әрі Сарысу ауданына су жіберілуі керек. Географиялық жағынан алсақ, Байзақ ауданы Талас ауданымен, Талас Сарысу ауданымен шектеседі. Бірақ Талас және Сарысу аудан­дарына су жеткізу мәселесі талай уақыттан бері өзекті болуда. Су тиіс­ті каналдарға бөлінгенімен, ақы­рын­да сайда саны, құмда ізі жоқ болып кетіп жатқанға ұқсайды. Осы мәселені шешу үшін кезінде Талас пен Байзақ аудандарының шектесер тұсынан «Ақмола» суқоймасын салу туралы бас­тама көтерілген. Бірақ бұл да аяқсыз қалды. Су реттеу мақсатында салынатын қойма қыста су жинап, жазда оны екі ауданға беретін, Талас өзеніне деген тәуел­діліктен құтқаратын жоба болады деп жос­парланған. Алайда көптің күткен арманы орындалмады. Бәлкім, осы су қой­масы салынғанда мұндай маңызды мәселелер өз шешімін табатын ба еді деген де ой бар.

Бүгінде Жамбыл облысында суармалы жерлерді қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, суды тиімді пайдалану сияқты мәселелер жиі көтерілуде. Бірақ суды тиімді пайдалану үшін жаңа технологиялар енгізу қажет болып отыр. «Бізде жаңа технологиялар аз. Мәселен, бір шаруа 500 гектар жерге егін ексе, өздері қиналып қалады. Себебі су жеткізу қиын. Сол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерінің жаңа техно­логиясы керек», дейді Т.Ибраев.

Сонымен қатар қазір облыста 89 кіші өзен бар. Олар аймақтағы 3 ірі өзенге құйған соң белгілі бір мерзімге дейін жоғалып кетеді екен. Сондай-ақ облыс­та 116 су қоймасы бар. Оның ішінде 7 су қоймасы республикалық меншікте болып есептеледі. Ал қалған нысандар «Жамбыл су қоймалары» ме­кеме­сінің теңгерімінде тұр. Жам­был облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды рет­теу бас­қар­масы табиғат қорғау бағ­дар­ла­ма­ла­рын реттеу бөлімінің басшысы Нағима Темірбекованың айтуынша, су қой­ма­­ларын сумен толтыру, суармалы жерлерді сумен үздіксіз қамтамасыз ету, елді мекенді су тасқыны кезінде су басудан қорғау мақсатында өткен жылы жалпы құны 48,6 млн теңгеге Байзақ ауданындағы «Дәуітбай», Талас ауданындағы «Жәдік» және Меркі ауданындағы «Аспара-3», «Кіші Арал», «Көлтоған» сияқты 5 суқоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­­гі­зіл­ген. Сон­дай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 121,6 млн теңгеге 10 су қоймасы жөн­дел­ген. Ал биылға «Ерекше авария­лы су шаруашылығы құрылымдарын қалпына келтіру» бюджеттік бағ­дар­ламасы бойынша 72,5 млн тең­ге­ге Жуалы, Меркі және Талас ауда­нын­дағы 6 су қой­ма­сы­на ағым­да­ғы жөндеу жұ­мыс­та­рын жүргізу жос­парланған.

Биыл Жамбыл өңірінде қақаған қыс болмағанымен, тауға қар қалың түсті. Алып Алатаудың ақ бас шыңдарынан еріген қардың көктем келгенде көпші­ліктің ырзық-несібесі болатыны шын. Халық әр мезгілде жақсылықтан үміт­те­неді. Табиғаттың соншама байлығы көпшіліктің күнелтуіне де жетеді. Тек соны шашау шығармай, игілікке пайдалана алсақ жақсы. Болашақта өңірдің суару жүйесінде, су пайдалану саласында жаңа технологиялар енгізіліп, ел игілігіне айналса игі. Қажетті су қоймалары салынса, бұл да біткен істің бірі болар еді.

 

Жамбыл облысы