Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттардың алдағы заң шығару жұмысының басымдықтары туралы айтылып, бірқатар заң жобасы мақұлданды.
Мәжіліс Төрағасы күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға кіріспес бұрын VII шақырылымдағы I сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың депутаттық корпусқа жүктеген нақты міндеттері туралы айтты.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, VII шақырылым Қазақстан тәуелсіздігіне – 30 жыл, Парламенттің құрылғанына 25 жыл толатын ерекше кезеңде өз жұмысын бастап отыр.
Осыған орай Мемлекет басшысы сессияның ашылуында сөйлеген сөзінде бүгінгі жетістіктерімізді сақтап, елімізді одан әрі дамыту жолындағы жаңа мақсаттарды алға қойды. Мәжіліс Төрағасы соның ішінде әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, саяси бағыттарға баса назар аударылатынын жеткізді.
«Президенттің бастамаларын Парламент тиісті заңдармен қамтамасыз етуге тиісті. Сондықтан да Мемлекет басшысы сессияның ашылуында депутаттардан сапалы заңдар талап ететінін ерекше атап өтті. Ол заңдар, ең алдымен, халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – жоспарға сәйкес, өз уақытында, халыққа қажетті, пайдалы заңдар қабылдау», деді Нұрлан Нығматулин.
Отырыс барысында Палатаның комитеттері бірнеше заң жобасын жұмысқа алды. Олардың ішінде «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобалары және оларға ілеспе заң жобалары бар.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жұмысқа алынды.
Бұдан бөлек, «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы Парламентте қаралмақ.
Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған құжат Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданылу тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында әзірленген.
«Заң жобасын қабылдау халықаралық шарттардың тікелей қолданылуы, жұртшылықты халықаралық шарттардың мәртебесіндегі өзгерістер жөнінде хабардар ету туралы нормаларды енгізуді, сондай-ақ халықаралық шарттарды тоқтату тәртібін реттеудегі олқылықтарды жоюды қамтамасыз етеді», деді баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Құжат Қазақстанның өзіне жүктелген міндеттемелерін орындамайтын мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Қазақстанның мүдделерін ескеруді қамтамасыз етеді.
«Көрсетілген мәселелерді бейінді заңға басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасының алдында алған міндеттемелерін орындамаған жағдайда халықаралық шарттарды орындауды тоқтата тұру түріндегі жауап шаралар қабылдауды көздейтін нормалар енгізу арқылы шешу ұсынылады», деді баяндамашы.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар күшіне енген, сондай-ақ уақытша қолданылатын халықаралық шарттар туралы ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің интернет-ресурсында жариялау бойынша түзетулер енгізді.
Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Корея арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ратификациялық заң жобасын мақұлдады.
«Мемлекет үшін шетелде жүрген азаматты қорғау – Конституция жүктеген міндетіміз. Себебі Конституцияға сәйкес елімізден тыс жерлерде жүрген азаматтарымызды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береміз. Сондықтан басқа елде қылмыс жасап, сотталған азаматтарды тастап кетпейміз. Бүгінгі шарттың негізгі мақсаты – сотталған адамдарды өзара алмасу, оларды беру жолдарын реттеу», деді аталған құжат бойынша баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Сотталған адамдарды беру үшін бірнеше жағдай қарастырылған. Егер сотталған адам еліміздің не Кореяның азаматы болып танылып, сот үкімі заңды күшіне енсе, сотталған адам қалған мерзімін өз елінде өтейді. Сондай-ақ беру туралы сұрау салынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса, жасаған әрекеті екі жақта да қылмыс болып танылса, екі мемлекет сотталғанды өзара беруге келісуі керек.
Баяндамашының айтуынша, Қазақстанға қайтарылған адам Корея сотының үкімі бойынша өз жазасын өтейді. Егер Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес келмесе, онда сот үкімі еліміздің заңында көрсетілген жазаға ауыстырылады.
«Алайда жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауға тиіс. Бүгінгі таңда Кореяда 25 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Бізде Кореяның бір азаматы жазаға тартылды. Ұсынылып отырған келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар елге келіп, әлеуметтік ортасында жазасын өтейді», деді Марат Ахметжанов.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Депутат Сауытбек Абдрахманов кен қорларының сарқылуына қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдады.
«Еліміздегі жер байлығы жағынан ерекше өңірдің бірі, тіпті бірегейі – Шығыс Қазақстан. Алайда алаңдататын жайлар да баршылық. Егер әр нәрсені өзінің атымен атайтын болсақ, отандық түсті металлургияның іргетасы саналатын бұл өңірде кен қорларының сарқылуға бағыт алғаны анық көрініп тұр», деді Сауытбек Абдрахманов.
Депутаттың айтуынша, кен орындарын игерудің қазіргі қарқынымен Шығыс Қазақстанның кен қорлары шамамен 2035-2040-жылдарға қарай түгесілуі мүмкін деп санайтын мамандар бар. Бұл күні ертең-ақ келіп қалатын уақыт. Мамандар өңір металлургиясын сырттан әкелінетін шикізатты өңдеуге қарай бейімдеу қажеттігі туындауы мүмкін екендігі туралы айта бастады. Мұны көзге елестетудің өзі қиын. Сатып алынатын шикізатқа ауысқанда өнімнің өзіндік құны анағұрлым өсетіні, соған сай елдің экспорттық әлеуеті әлсірейтіні түсінікті.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тиісті мақсаттарға пайдалану бойынша заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды тездетуді сұрады.
«Үкімет тарапынан баспана жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесі әлі қабылданған жоқ. 761 мың азамат осы ережені күтіп отыр. Олардың көбісі баспана таңдап алған, ал қажетті ереже жобасы келісулер бойынша кабинет аралап жүр. Осы орайда тұрғындар тарапынан көптеген ескерту түсіп жатқанын айта кеткен жөн», деді Аманжан Жамалов Премьер-Министр мен Ұлттық банк төрағасының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова мектептерге білікті кадрларды тартуға қатысты ұсыныс жасады. Оның айтуынша, мектептерде сапалы кадрлардың тапшылығы ата-аналарды репетиторлардың ақылы қызметіне жүгінуге мәжбүрлейді.
«Қазіргі педагог мамандарының тапшылығы мектепте жақсы оқыған түлектердің педагогикалық мамандыққа бармауына, ал педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің ауыл мектептеріне келмеуіне байланысты. Осы тұрғыдан, ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді педагогика мамандығына үгіттеу жұмыстарын жүйелендіріп, жандандыру қажет», деді депутат.
Сондай-ақ жиын барысында депутаттар Берік Дүйсенбинов, Дания Еспаева, Айбек Паяев, Айжан Сқақова, Азат Перуашев тиісті мемлекеттік мекемелердің басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.