Қазақ жұрты бисіз болған жоқ. Тақта талай хандар отырды. Бірақ жанындағы жағалай жайғасқан билерден озып билік айтқан кезі кем. Қандай шешімде де билердің пәтуасына сай ой қорытты. Өйткені билер орынды пікірін жеткізді, ақтық шешімін айтты. Сондықтан қазақ халқы билерін қадірледі. Мәселен Аяз бидің айтқаны, Жиренше шешеннің сөздері, Алашты аузына қаратқан Қаз дауысты Қазыбек (Келдібекұлы) би, Төле би, Әйтеке би секілді дуалы ауызды даналардың төрелігі елдігімізді асырып, ерлігімізді ел-жұртқа жеткізді.
Әр өңірде де дуалы ауызды билер өтті. Оны сол аймақтың тұрғындары ұмытпайды. Билер өмірден өтсе де сөзі өлмейді. Оны кейінгілер жаңғыртып, жадында сақтап келеді. Мәселен өлең сөздің өрен жүйрігі Мұрат Мөңкеұлының «Өлім» деген өлеңінде мынадай жолдар бар:
Би өлмейді демеңіз,
Шежірелі тілі сайраған,
Аузына арам салмаған,
Ортада пара алмаған.
Жауғаштыда Қазыбек,
Қаракемпір Бәйменбет,
Беріште Есет, Айтуар,
Солардан қалған бұл дүние.
Немесе Ығылман Шөрековтің «Шешендер туралы» толғауында:
Солардың жүрген ізімен,
Жауғаштыда Қазыбек,
Дуалы ауыз Дәуімшар,
Қаракемпір Бәйменбет.
Қара Оразда Қаратау,
Әйгілі Есет, Айтуар,
Және Байнақ Жақсымбет,
Би Қоңыр мен Өтеміс
Адамдығымен атын қалдырған.
Өмірлерінің ішінде,
Бүгілмеген тізесі,
Қандай да даудан мүдіріп,
– деп аймақта өткен айтулы билерді тізбелейді. Олар қай ортада да тілін тістеп, тізесін бүкпеді. Қазақтың қара өлеңдегі шеберлерінің бірі Қазанда (1908), екіншісі Ташкентте (1925) жарық көрген кітаптарында жарияланған өлеңдеріне арқау болған Қазыбек би кім? Аталған би қай уақытта, қай жерде ғұмыр кешкен?
Шындығында Қазыбек Жабайұлы туралы жазба деректер аз. Бұл аталған би жайлы әлі де толық зерттелмегеннен болуы мүмкін екенін көрсетеді. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, ол 1760 жылдары қазіргі Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында дүниеге келген. Бейіті аудан орталығы – Миялыдан бес-алты шақырым қашықтағы Қазыбек қауымында. Онда құлпытасы да бар. Әкесі Жабай қайырымдылығымен, қарапайымдылығымен танымал болған үлкен әулеттің, өз ортасының азаматы болса керек.
Бір жылдары Тайсойған, Бүйрек құмын жайлаған жұрт Бәйімбет, Қаратау би, Есет пен Айтуар және Өтеміске арнап ас беру үшін үш жүзге сауын айтады. Аталған шараға жасы тоқсаннан асқан ділмәрі Қаз дауысты Қазыбек би де келеді. Оған құрмет көрсету Жабайдың пешенесіне жазылады. Әулеттің үлкен-кішісі түгел жүгіріп, құрметін көрсетеді. Сол кезде үй иесінің әйелі аяғы ауыр, ай-күні жетіп отыр екен. Толғақ басталып, дүниеге торсық шеке ұл келеді. Оның атын алыстан келген абыздың құрметіне Қазыбек қояды. Мұны Жабай жақсы ырымға балап, «Қыдыр қонған жан екенсіз, басымыз өсіп, балалы болып отырмыз. Ақсақалдар атын Қазыбек қойды. Ендігі сұрарым, балаңызға батаңызды беріп, аузына түкіріңіз, өзіңізге тартсын» деп қолқа салады.
Талайды аузына қаратқан би тартынбай, үй иесінің бұйымтайын орындайды. Сонда Қаз дауысты Қазыбек би «Кіші жүзде ізім қалсын. Балам әрдайым ақ сөйлеп, алдынан өткендер аппақ алғысын жаудырсын. Табаны жерде тұрса да, талабы биікте, жауабы жүректе жүрсін» деген екен. Жылдар өте Жабайдың ойлағаны орындалып, тілегені болыпты. Қазақтың Қазыбек сынды дана биінен бата алған бала Қазыбек ел іргесін бүтіндеп, қандастарын түгендеген, қара қылды қақ жарған сөз шебері атаныпты. Әділдігімен, берік байламымен алыс-жақынға аты естілді.
Тарихи құжаттарға сүйенсек, 1811 жылдың 17 қыркүйегіндегі Кіші жүздің Байұлына қатысты шеркеш руының сұлтандары мен старшындары, билерінің (барлығы 16 адам) Орынбор әскери губернаторы Григорий Волконскийге қайтыс болған Жантөре хан Айшуақұлының орнына Бөкей Нұралыұлын хан етіп сайлау жөніндегі хатында (таңба салынып, мөр басылған) Қазыбек Жабайұлының есімі аталады. Тағы бір құжат – Кіші жүз старшындары мен билерінің 1824 жылдың 3 қаңтарындағы Орынбор әскери губернаторы П.Эссенге Жәңгір сұлтанды Жайықтың екі бетіне көшіп жүрген қазақтың ханы етіп бекіту туралы хатында да шеркеш руының биі Қазыбек Жабайұлының мөрін басып, қолы қойылғаны көрсетілген (История Букеевского ханство 1801-1852 г.г. Сборник документов и материалов). Бұл құжаттар оның ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде ел билеу ісіне араласқанын дәлелдейді.
Ал ел аузындағы әңгімелерге ден қойсақ, Қазыбек өз ортасында сыйлы, биліктегілермен иық тірестіріп, замандастарына белгілі адам болған. Әлімнің атақты Барақ (Сатыбалдыұлы, (1743-1840) батырымен үзеңгілес жолдас, Қоқан хандығының билігі мен түркімендердің қақтығысына талай рет қатысқан. Сол себептен оны қолына қару алып, ел қорғаған батыр деп те атаған.
Елде оны ру мен ру арасында жер, жесір, мал барымтасына байланысты туындаған талай дау-шарға қатысқан мәмілегер ретінде де құрмет тұтқан. Ол әлгіндей кикілжіңдерге әділ төрелік етіп, нақты шешімімен көзге түсіпті. Жұртшылық оның белгілі би Асау Маңдайұлымен (1780-1862) ағалы-інілідей жақсы дос, сыйлас болғанын айтып отырады. Қазыбек біраз уақыт руластарымен бірге Еділ-Жайық арасында өмір сүрді. Бірақ ол өмірден өтерінің алдында қырық үйлі туғанымен ата-жұртқа оралыпты. Туған жерін сағынған Қазыбек Жабайұлы 64 жасында дүниеден өткен.
Міне, осындай еліне елеулі, халқына қалаулы биді замандастары да, кейінгі ұрпақ та әрдайым ардақтап, есімін ұмытқан жоқ. 1926 жылға құрамында атақты Көкжар (Ойыл) жәрмеңкесі кіретін (1867 жылы ашылған) әкімшілікке бағынысты – Қазыбек болысы аталды. Кейін Қазыбек ауылдық кеңесі болған еді. Соңғы кезге дейін Миялының оңтүстік батысындағы «Қазыбек тоғайы» деп аталған жасыл белдеу жұртшылықтың сүйікті демалыс орнына айналған-ды. Жаз мезгілінде мектеп оқушыларының үш ай бойы тынығатын (Қазбек) пионер лагері де болған-ды. Бірақ бұл күнде соның бәрі де көзден бұл-бұл ұшты. Мұның басты себебі, оның би болғаны кеңестік кезеңге ұнамады. Соған байланысты Қазыбек Жабайұлы туған ауыл да, болыс та, тіпті ауылдық кеңес те бастапқы атауынан айырылды.
Әрине, тарих өшпейді, бар-жоғы көмескіленеді. Десек те еліміз тәуелсіздігін алды. Дербес ел болғанымызға 30 жыл толар қарсаңда ұмытыла бастаған оқиғалар мен тұлғалар жөніндегі деректерді іздестіру, тарихи шындықты қалпына келтіру қолға алына бастады. Қазір басқару мен билік институтында би термині де бар. Соттар жүйесінде билер кеңесі жұмыс істейді. Өйткені билер әрдайым әділдік пен азаттықты, зайырлық пен тазалықты қолдаушылар болғаны даусыз. Төле мен Қазыбек, Әйтеке билер – қазақтың ары мен абыройы. Ендеше үш биді еске ала отырып, олардың әр өңірдегі замандастарын ұмытпауымыз керек. Олай болса, жоғарыда аты аталған Жабайұлы Қазыбек бидің есімін ардақтау борышымыз. Бұл үшін аталған бидің шешендік сөздерін, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталғаны мен ел аузында айтылып жүргенін жинақтап, кітап етіп шығаруды қолға алу қажет-ақ.
Ең бастысы – би атының ел жадында сақталуы. Осы орайда оның есімін туған мекені – Жангелдин ауылы мен осы аттас ауылдық округке беру жөніндегі бұрыннан бері қозғалып жүрген ұсынысты сөзбұйдаға салмай, нақты шешім қабылдаған жөн. Өйткені бата дарыған бидің есімі аталған округке де, ауылға да сұранып-ақ тұр. Ал бұл біріншіден, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған тарихи сананы жаңғырту бағытындағы оң шешім болар еді. Екіншіден, жас буынның ел тарихында лайықты орны бар, даналық өнегесі дара тұлғаларды танып-білуіне жол ашар еді. Үшіншіден, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуге де ықпалы тиері даусыз.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, өлкетанушы
Атырау облысы