Өзегінде асыл сөз бүрлеген тұлға атаулының дені өмір заңдылықтарын айна-қатесіз бедерлейді. Солардың саф туындылары тіршілік түйткілдерінде санасы сарғайған оқырманмен қауышып, жанына жалау, рухына алау болып, бойына қуат дарытпақ. Олар ұлтының асқақ арманы жолында рухты жаныр жасампаз ойларды тізбектеп, ғасыр бойы елінің рухани әлемінде өлшеусіз қызмет етіп, талай тарихи оқиғаларды әспеттеді. Біздің өткен уақыт жүлгесін толықтай түсініп-тұшына алуға сол біз атаған қасиетті парақ бетіндегі зерлі шығармалар түрткі болғаны анық. Оған дәлел теоретик-ғалым, профессор, публицист Намазалы Омашұлының үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы.
Қаламгердің қазақ руханиятына қосқан осы бір елеулі еңбегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында ерекше аталып өтті.
Шараның шымылдығы түріле салысымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз алып, кітап мазмұнын, кеш иесінің адамгершілік қасиеті мен рухани болмысын ерекше ілтипатпен әңгімеледі.
«Намазалы Омашұлы тұлғасын сөз еткенде мына бір жайтты айтпай кетуге болмайды. Егемендік алып, әр жерде жоғары оқу орындары құрылған тұста журналистика мамандығын ашамыз деген университеттер көп болды. Бірақ білікті мамандар тапшылығы сезілетін еді. Оған қоса жоғарғы жақтағылардың «осыншама көп журналистердің қажеті жоқ, Қарағанды мен Алматы-ақ қамдай алады» деген көзқарастары басымырақ-тын. Тіпті рұқсат та бермеген кездер болды. Осындай қат-қабат кедергі мен көзқарас қайшылығына қарамастан Намазалы Омашұлы елордамызда Еуразия ұлттық университетінің негізінде журналистика факультетінің керектігін дәлелдеді. Жай дәлелдеп қана қоймай, журналистика мамандығының ашылуына тікелей мұрындық болды. Сондықтан да бүгінгі Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультеті Нәкеңнің табандылығы мен күш-жігерінің арқасында дүниеге келді. Нәкең шәкірт дайындап, ұстаздық етіп қана қойған жоқ. Ғылыммен де терең айналысты әрі үздіксіз шұғылданып келеді. Соның негізінде өзі бастамашы болып, Журналистика мәселелерін зерттеу институтын ашты. Қазір кесек туындылар мен том-том зерттеулерді дүниеге әкеліп жатыр», деген Е.Сыдықов бұл жинақтардың кешегі алыптардың тағылымы мен өрісті мол өнегесі жинақталған, жауһарлары тізіліп, асылдары сүзілген туынды екенін жеткізді. Сондай-ақ кеш иесіне ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай академиясы» шығарған 20 кітапты сыйға тартты.
Ректордың лебізінен кейін Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, профессор Серік Негимов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі салтанатты түрде жинақтардың лентасын қиды. Әрі қарай дөңгелек үстелге жиналған ғалымдар мен зерттеушілер, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары ақ лебізін жолдап, ақжарма тілегін арнады.
«Сөз хатқа басылып қалса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Оны архив ақтарған өзіңіз жақсы білесіз. Бұл үш томдық қазақ журналистикасында оқулықтың орнын толтыратын құнды жәдігер. Сонау 70-жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген таңдаулы мақалалары топтасқан екен. Әрбір қалам ұстаған жан жата-жастана оқуы тиіс. Сіз қазақ журналистика шаңырағын биік көтеруге үлес қостыңыз. Еңбеккерлігіңіз, ізетті ізденістеріңіз көпке үлгі. Отандық журналистика саласына олжа салған еңбек үлкен олқылықтың орнын толтырып, қалам ұстаған қауымның оқулығы іспетті болады деп ойлаймыз», деді Д.Қыдырәлі.
Одан әрі шараны филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Тамыры тереңге кеткен ұлттың құндылықтары мен тарихи тұлғаларының қалдырған мол мұрасынан тартып, күн санап жарыққа шығып жатқан сан кітаптың сапасына тоқталып, олардың ішіндегі оқырманды ойландыратын, рухани ләззат сыйлайтын шығармалар жайлы кеңінен толғанған кеш жүргізушісі еселі еңбегімен ел ықыласына бөленіп, халқының құрметіне кенеліп жүрген қайраткердің қаламынан туындаған жинақтың руханиятқа қосылған сүбелі үлес екенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, үш томдық жинақ Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көрген. Оған автордың жарты ғасырға жуық шығармашылық ізденісіндегі құнды зерттеулері мен өзекті көсемсөздері еніп отыр. Әр томның көлемі – 25 баспатабақты құрайды.
Кеш иесіне арналған ізгі ниетпен жалғасқан жинақтың жалпы мазмұны халық құндылықтары мен даналық сөздерін кеңінен баяндау, ұрпақ санасына сіңімді әрі оңтайлы жолмен талдау, бедерлеу және автордың өзіндік пайымы арқылы көңілдегі көркем дүниелерін келешектің қажетіне жарату сынды асыл армандарды арқалап тұр. Мұны көзіқарақты һәм талғампаз оқырман бірден аңғарады. Міне, осы кітаптың авторы ел мүддесін ойлаған ғалым және публицист ғана емес, сөз өнерін дәріптеп, ұлттық құндылықтарымыздың қадірін тереңнен толғап жүрген жан. Бұл жайлы филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Нығметоллаұлы кеңінен баян етті.
«Намазалы Омашұлы – алдымен республикаға танымал журналист. Оның қаламынан туған шығармаларынан өтіп жатқан өмірдің бедер-белестерін, көріністерін көргендей күй кешеміз. Ол – журналистиканың танымал теоретигі, өз саласының білгір маманы, оны дамытуға зор үлес қосқан ғалым. Бұл ретте Намазалы Омашұлының 500-ден астам ғылыми, публицистикалық мақала, отыздан аса кітап шығарғандығын айтсақ та жеткілікті», деді С.Негимов.
Жиында сөз алған профессор-ғалымдар және алыс-жақыннан онлайн қосылған Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ҰҒА корреспондент-мүшесі Бауыржан Жақып, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аязби Бейсенқұлов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сағатбек Медеубек, т.б. әріптестері мен шәкірттері Намазалы Омашұлының еңбегі туралы айта келіп, радио-журналистика тарихын зерттеудің үлгісін қалыптастыруда үлкен еңбек сіңіріп жатқанын жеткізді.
Алғаусыз тілектер мен аталы сөздер айтылған кеш барысында ғалым Намазалы Омашұлына ЕҰУ-дың Ғылыми кеңесі шешімімен «Құрметті профессор» атағы берілді.
Мазмұны мен маңызы жағынан да ел руханиятынан өзіндік орын алар тамаша туындылар топтасқан жинақ тұсаукесерінің қорытынды сөзін «Әділет.Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин алды. Ол өзіне рухани ұстаз, ұлт журналистикасы үшін еңбек еткен азаматтың адамгершілік келбеті, дара болмыс-бітімі жайлы сөз етті. Сонымен қатар үш томдық таңдамалы шығармалар жинағының өзіне ерекше әсер еткенін айтты.