Ауыл тұрғындары Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтауға септігін тигізетін кәсіпті дамыту үшін несие алады.
БҰҰ Даму бағдарламасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен бірлесіп, 2020-2024 жылдарға арналған «Эко-даму» несиелеу бағдарламасының екінші кезеңін іске қосты.
Бағдарлама экожүйелердің сақталуына ықпал ететін кәсіпкерлікті бастау немесе одан әрі дамыту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жақын тұратын Қазақстанның ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған. Кәсіпкерліктің бұл түріне экотуризм, орман шаруашылығы, балық аулау, аңшылық және жайылымдық шаруашылық, құс шаруашылығы, қоян өсіру және ара шаруашылығы жатады. Жобалары іріктеу өлшемдеріне сәйкес келетін ауыл кәсіпкерлері 4,5 жылға дейін жылдық көрсеткіші 6%-ды құрайтын несие ала алады, сонымен қатар тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-дан аспауы тиіс.
«Эко-даму» бағдарламасының екінші кезеңі Қазақстанның 12 облысын, 770 ауылдық елді мекенін және 28 ерекше қорғалатын табиғи аумағын қамтиды. Бағдарламаның жалпы бюджеті 275,3 млн теңгені құрайды.
«Эко-даму» бағдарламасы ауыл тұрғындарына мал шаруашылығын, омарта шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, туристік бизнесті дамытуға несие беру арқылы бағдарламаның іске асырылуының бірінші кезеңінде өз тиімділігін дәлелдеді. Бұл бастама еліміздің биоалуантүрлілігі мен экожүйесін сақтай отырып, жергілікті дамуды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға тамаша мүмкіндік береді деп сенеміз», деді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.
Бағдарламаның негізгі басымдықтарының қатарында гендерлік теңдікке қолдау көрсету және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуді айтуға болады. Осылайша, бағдарламаның бірінші кезеңінде ауылдарда тұратын 30 әйел өз кәсібін дамыту үшін қаржы алып үлгерді.
Бұл бағдарлама БҰҰ ДБ мен қордың бірлескен төртінші бастамасы болып саналады. 2008 жылдан бастап барлығы жалпы сомасы 561,6 млн теңгені құрайтын 221 жоба іске асырылды, оның ішінде 345 млн теңгені БҰҰ ДБ-ҒЭҚ гранттық қаржыландыруды құрайды. «Эко-даму» сияқты бағдарламалар ауыл тұрғындарына өздерінің кішігірім кәсіптерін ашып, дамытуға, сонымен қатар қоршаған ортаға зиян келтірместен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деді қор төрағасы Жандар Омаров.