• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Желтоқсан, 2013

Кеден күзетінде

450 рет
көрсетілді

Сақшы Сағынғали Сүлейменов 20 жылда 260 келі есірткі тәркіледі

Кеңес өкіметі кезінде болған Ауған соғысының сан қырлы құпиясын көпшілік біле бермейді. Қаншама қыршын жас осы қанды қырғында опат болып, қаншама ата-ана қайғы жамылды?..

 

Сақшы Сағынғали Сүлейменов 20 жылда 260 келі есірткі тәркіледі

Кеңес өкіметі кезінде болған Ауған соғысының сан қырлы құпиясын көпшілік біле бермейді. Қаншама қыршын жас осы қанды қырғында опат болып, қаншама ата-ана қайғы жамылды?..

Көкірекке мұң, санаға ауыр ой салатын осы соғысты еске алу біздің кейіпкеріміз – ауған соғысының ардагері Сағынғалиға да оңайға түспейді.

Бұл азаматпен танысуымыздың өзі қызық болды. Көптен таныс, сырлас болып кеткен, біраз жыл Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы болған Беркінғали Ғабделовке ауған соғысына қатысқан жерлестеріміз туралы жазғымыз келетінін айтқан едік. Араға көп уақыт салмай «Орал қаласында Сәкен Сүлейменов деген ардагер бар, сол кісімен сөйлесіңіз» деп, оның қалта телефонының нөмірін берді. Онымен телефон арқылы тілдесіп, жұмыс аяғында кездесуге уәделестік. Келіскен уақытта бөлмеге ұзын бойлы, алып денелі қара торы жігіт ағасы кіріп келді.

– Сіз Сәкен боларсыз, қош келдіңіз, – деп орындық ұсындық. – Жоқ, мен Сәкен емеспін, Сангалий Иванович Сулейманов деген боламын, – деп орысша сайрап өзін таныстырып, алдымызға қызыл мұқабалы қызметтік куәлігін қойды. Біз біресе куәлікке, біресе иесіне кезек-кезек қарап, аң-таң болдық. – Мені көбі Сәкен дейді, шын атым Сағынғали, әкем аты Неғмет болған, – дегенде барып біз сабамызға түстік. Сөйтсек, Сағынғали Ресейдің Орынбор облысы, Первомай ауданының Щапошниково ауылында қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келген екен. Ауылдастары Неғметтің атын айтуға қиынсынып Иван дейтін көрінеді. Содан төлқұжатында аты, тегі орыс тілінде Сангалий Иванович Сулейманов деп жазылып кеткен. Кейін оны түзетудің реті шықпаған. Сағынғалимен таныстығымыз осылай бас­талды.

Жастайынан орыс балаларымен ойнап өскен қазақ ұланның ата-анасы ана тілін ұмытпауға, шаруа күйттеуге, үлкендерді сыйлауға, инабатты болуға тәрбиелепті. Ресейде қазақ мектебі жоқ болғандықтан, амалсыздан орыс мектебінде оқыды. Оның Қазақстанға барып білім алуына әкесі қарсы болмаған. Сегізінші сыныпты бітіргесін Орал қаласындағы №32 училищеге оқуға түседі. Осындағы кәсіпорында слесарь болып жұмыс істеп жүріп, әскер қатарына шақырылады. Азаматтық борышын Карелиядағы шекара қызметінде абыроймен өтеп елге оралған соң Куйбышев машина жасау техникумын бітіреді де өз қалауымен қайтадан әскерде қызмет жасауды ұйғарады. Аға прапорщик лауазымында 15 жылдай бірнеше әскери бөлімдерде қызмет атқарады. Саратов қаласындағы заң институтында сырттай оқып, заңгер мамандығын алған.

– Сіз бір сөзіңізде Саратов облысының Энгельс қаласындағы әскери бөлімде қызмет істедім дедіңіз. Сонда Ауған жеріне қалай табаныңыз тиді?

– Арманым ата-бабамыздың туған жеріне оралу еді. Бірақ оның реті келмеді. 1982 жылы мені ойламаған жерден арнаулы мақсаттағы әскер құрамында (спецназ) Ауғанстанға жіберді. Мұнда взвод командирі, рота старшинасы, рота командирі болып, біз үшін түсініксіз соғыстың біраз тауқыметін көрдік қой. Сол бір жылдарды есіме түсіргім де келмейді, – деп үнсіз, ойланып қалды...

Сағынғалидың ауған соғысында екі рет ауыр жараланып о дүниелік бола жаздағанын білдік.

Сағынғалидың бұл соғыста көрсеткен ерлігі де ескерусіз қалмаған. Оның өңіріндегі Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін», «Әскери қызметтегі жетістігі үшін», І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Үздік қызметі үшін» медальдары – соның айғағы.

1988 жылы ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сағынғали оны Кремльде Михаил Горбачевтің өз қолынан алыпты.

С. Сүлейменовке Қазақстанға 1992 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін ғана оралудың сәті түсті. Бұл жаңадан құрылған мемлекет талаптарына сәйкес кеден қызметі жаңадан ашылып жатқан кез еді. Дәл осы шақта ол Батыс Қазақстан облысы бойынша кеден басқармасына қызметке орналасты. Міне, содан бері осы салада еселі еңбек етуде. Қазір кәнігі кеденші «Әуежай – Орал» кеден бекетінде бас маман болып өз міндетін мінсіз атқарып жүр.

– Бір елден бір қиырға есірткі тасымалдап дәніккендер сытылып кету үшін небір қитұрқы әрекеттерге барады. Бірқатар жағдайларда пойызда, әуе, су көліктерінде басқа да қоғамдық орындарда табылып тәркіленген есірткілік заттардың иелерін анықтау қиынға түседі. Мұндай кезде оны заңсыз айналымнан шығарып тастауға тура келеді. Солай істеп те жүрміз, – дейді кеден қызметінің кәсіби тарланы Сағынғали Неғметұлы.

Жаңадан тәй-тәй басқан егемен еліміздің кеден қызметіне қабылданған күннен бері заңсыз есірткі тасымалдаушылардың жолдарын кесуді мақсат тұтқан біліктілігі мен кәсіби деңгейі жоғары сала сақшысы жиырма жыл ішінде 260 келі 47 грамм есірткі заттарын тәркілеген екен. Есірткінің героин, марихуана және гашиш секілді күшті түрлерінің бір миллиграмының өзі қоғамға әжептәуір кесел келтіретінін, саналарды улайтынын ескерсек тек бір ғана С.Сүлейменов тәркілеген есірткі заттары мөлшері қоғамды осындай індеттен арашалап қалуға үлкен септігін тигізгенін көреміз.

Ауған соғысының ардагері, кеден қызметінің майталманы Сағынғали Сүлей­менов – бүгінде әріптестері арасында да, отбасында да үлкен беделге ие. Қызмет бабында өз міндетін абыроймен атқарып, кеден бекетінен заңсыз өткізілген тауарларды анықтау және есірткі саудасының жолын кесуде қырағылық танытып жүр. Сағынғали кәсіби маман иесі ғана емес, сонымен бірге парасат-пайымы зор, адамгершілік бітім-болмысы жоғары, адамдарға қайырымдылық жасауға әзір тұратын жүрегінің жылуы мол азамат.

Ол зайыбы Ырыстының сіңлісі кенеттен өмірден озған кезде оның артында қалған шиеттей бес баласын өздерінің қамқорлығына алып өсірді. Олардың алды бүгінде жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты.

С.Сүлейменов бүгінгі күні де кеден орган­дарының қырағы күзетінде көз ілмей келеді.

Еламан ӘЙПІШЕВ,

журналист,            

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар