• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Қаңтар, 2021

Күрделі операциялар да қолдан келеді

327 рет
көрсетілді

Елордадағы Президенттік клиникада медицина ғылымдарының докторы, урология және андрология орталығының жетекшісі, «Ресей Федерациясының Мемлекеттік ғылыми орталығы – А.И.Бурназян атындағы Федералды медициналық биофизикалық орталық» федералды мемлекеттік бюджеттік мекемесінің урология және андрология кафедрасының профессоры, уролог Павел Кызласовтың үрпі және ермүше хирургиясы бойынша айлық шеберлік сыныбы өтіп жатыр.

Шеберлік сағаты дәрістер серия­сын және микрохирургиялық дағ­ды­ларды талап ететін бірқатар күр­де­лі операцияны жүргізуге және ауыз қуысының шырышты қабығын қол­дану арқылы алмастырғыштарды жа­сауға бағытталған.

Өкінішке қарай, Қазақстанда әр­түрлі патологиялардан зардап ше­ге­тін және күрделі рекон­струкциялық опе­рацияларға мұқтаж пациенттер көп.

– Шын мәнінде, бұл андрология және үрпі мен жыныс мүшесіне жасалатын операциялармен байланысты өте өзекті және маңызды мәселе, – дейді Президенттік клиниканың уролог дәрігері Бақтияр Қасымов. – Айта кету керек, біздің «андрологиялық» ортамызда бұл аспект онша дамымаған. Біз мұндай пациенттерге хирургиялық операциялардың толық арсеналын ұсыну деңгейіне жетпедік.

Нұр-Сұлтанға келгеннен кейін Павел Сергеевич шеберлік сыныбы үшін көптеген жағдайы күрделі па­циенттерді іріктеп алғанын, кейін­нен оқыту нәтижесіне оң әсер еткенін атап өтті.

– Мұндай пациенттер неғұрлым көп болса, дәрігерлердің түрлі әдістеме­лер мен операциялық ара­ласулардың ва­риацияларын көру мүм­кіндігі соғұр­лым жоғары болады, – деді ол.

Осылайша, шеберлік сыныбы барысында бірқатар күрделі операция жүргізілді, оның кейбірі Нұр-Сұлтанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Пациенттердің бірі – несеп шығару жолы тарылған ер адам болды.

– Жақында біз үрпісі шамамен 15 см-ге тарылған пациентке операция жасадық, дейді Павел Сергеевич. – Ер адамның туа біткен үрпі патологиясы болған. Бала кезінде оған операция жасап, сыртқы қабаты түкті ұма терісі пайдаланылған. Кейіннен түктерде тастар пайда болып, олар пациенттің зәр шығаруына кедергі келтірген. Бұл жағдайды түзету және науқастың өмір сүру сапасын жақсарту үшін, біз жіңішке жамбас бұлшықеті мен ауыз қуысының шырышты қабығын қолдана отырып, реконструкция жа­садық.

Дәрігердің айтуынша, бұл әдістер жергілікті тіндер болмаған кезде қан айналымды және үрпі түтігін жет­кі­лікті ету үшін қолданылады. Сон­дай-ақ, Бақтияр Ғалиұлы туа біткен аурудың гипоспадиясынан зардап шеккен пациент туралы әңгімеледі.

– Бұл патология үрпі тесігінің дұ­рыс орналаспауымен сипатталады, – дейді дәрігер. Пациент несеп жолының жыныс мүшесінің басында емес, діңінде орналасқандығынан зардап шеккен.

Пациент бұл операцияны бала ке­зінде жасау керек болғаны, бірақ түрлі себеппен кейінге қалдырыла бергенін еске алды.

– Биыл осы қадамға бел байлап, Бақтияр Ғалиұлына жүгіндім. Маған портал арқылы тегін операция жасады, деді пациент.

Қазіргі уақытта барлық пациенттер қалпына келу сатысынан өтіп жатыр. Олар операциядан кейінгі кезеңде мұқият және жіті бақылауды қажет етеді.

– Қазіргі кезде біздің өз көзімізбен көруге, қандай озық технологиялар пайдаланылып жатқанын білуге және халықаралық ұсыныстарды қолдануға тамаша мүмкіндігіміз бар. Шеберлік сыныптың ұзақ мерзімді перспективасы – Қазақстандағы барлық мұқтаж пациентке қолжетімді және жоғары сапалы медициналық көмек көрсету үшін хирургияның осы бағытын дамыту қажет. Біз осындай аурулардан зардап шегетін науқастарға шетелге бармай, өз елімізде толық көмек көрсетуге қабілетті орталыққа айналғымыз ке­леді, – деп қорытындылады №4 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Еңсебаев.