Елорда төрінде орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы өз қорында сақтаулы тұрған Қожа Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширазидің парсы тілінде жазылған «Қожа Хафиз Ширазидің ғазалияттары» атты құнды еңбегінің онлайн таныстырылымын жасады.
Әуелі, шығарма авторы Хафиз Ширази жайлы айтар болсақ, ол 1306 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1389 жылы бақилық болған парсы жұртының атақты шайыры. Оның ғазалдары әлем әдебиетінің жауһар туындылары қатарына жатады. Сонымен қатар рубаи, тәржибәнд және сақинама жазған. Құранды жатқа білгендіктен Хафиз атанған.
Оның туындыларын еуропалық әдебиеттің ірі өкілдері – Гете, А.С.Пушкин, А.А.Фет т.б. жоғары бағаласа, қазақтың ұлы ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлы 1858 жылы Семей медресесінде оқып жүрген 13 жасында:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фердауси,
Қожа Хафиз – бу һәммасы
Мәдәт бер яшағири фәрияд, –
деп Хафиз бастатқан шығыс шайырларына жыр арнаса, шәкірт-інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Науай, Сағди, Шәмси, Физули бар,
Сәйхали, Қожа Хафиз, Фердоусилер,
Бәйітші елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар, –
деп жазып, өзі қадір тұтқан парсы ақыны Хафиздің «Көрініске шоқынған», «Кел, аяқшы қымыз құй», «Тұр аяқшы, бер қымыз», «Көңіл жібі қолымнан», «Егер сүйікті ол бала», «Анық ерге жолдас бол», «Мәжілісінде досыңның», «Кешегі басшымыз піріміз» деп басталатын өлеңдерін қазақшаға аударып, 1918 жылы «Абай» журналының үшінші санына бастырған екен.
Жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында айтқан толғамында: «Шәкәрім Хафизді жанына жақын тұтқан. Онымен үнемі сырласып, мұңдасып отырған. Тіпті өмірінің соңғы күндері Хафизді аузынан тастайды. Оны түсінде көргенін айтып, бұл – дәм-тұзым таусылғаны, фәнилік жарықтан бақилық даңққа өтудің белгісі деп білген», деп жазыпты.
Одан кейін ұлы шайырдың 194 ғазалын, бірнеше рубаи, тәржибәндарын және «Сақинаме» дастанын аудармашы Әбдіраш Жәмішев қазақ тілінде сөйлеткен екен.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында тұрған бұл кітап 1900 жылы Санкт-Петербургте басылыпты. Кітапты баспаға дайындап шығарған тұлға ретінде «Абдулмалик ибн Абдуллах» деген адамның есімі жазылыпты. «Мүмкін бұл шынайы емес бүркеншік ат болуы мүмкін», дейді мамандар.