Көкшетау әуежайының тарихы 1945 жылдың маусым айынан өзек тартады. Шағын әуежай қаланың солтүстігінде, Қопа көлінің іргесінде орналасты. Сол жылғы шілденің орта шенінде әуежайға алғашқы ПО-2 ұшағы келіп қонды. Оны басқарған 4-сыныпты ұшқыш Николай Бондарьды қалалықтар нағыз батыр ретінде құрметпен қарсы алды.
Мереке қарсаңында алғашқы халықаралық рейс ашылды
Кеше мен бүгінге көз жүгіртсек
Көкшетау әуежайының тарихы 1945 жылдың маусым айынан өзек тартады. Шағын әуежай қаланың солтүстігінде, Қопа көлінің іргесінде орналасты. Сол жылғы шілденің орта шенінде әуежайға алғашқы ПО-2 ұшағы келіп қонды. Оны басқарған 4-сыныпты ұшқыш Николай Бондарьды қалалықтар нағыз батыр ретінде құрметпен қарсы алды.
Облыстың Еңбекшілдер, Уәлиханов, Рузаев, Куйбышев секілді шалғай аудандарында қарапайым ұшу-қону алаңдары жабдықталды. Осының нәтижесінде, 1946 жылы 400 авиажолаушыға қызмет көрсетілді. Ал ұшақ саны 3 бірлікке көбейтілген 1947 жылдан бастап Көкшетау әуежайы жолаушылар тасымалдаумен бірге, санитарлық авиация міндетін атқарып, халық шаруашылығы жүктерін жеткізумен, егістік алқаптар мен орман алаптарын өңдеу жұмыстарымен айналыса бастады.
Көкшетау тарихындағы ерекше оқиға ретінде, 1972 жылы қаланың шығыс беткейінде жаңа әуежайдың ашылуын айтуға болады. Бұл іске сол кездегі обкомның бірінші хатшысы, белгілі қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің айрықша үлес қосқанын құрметпен еске алғанымыз жөн. Салтанат шараларына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов қатысып, жергілікті ұшқыштардың бойына жігер қосты.
Одан кейінгі біршама жылдардың табыстарын айтпағанда, тоқсаныншы жылдардың қоғамды түбегейлі өзгерістерге түсірген қиындықтары әуежайдың да қалыпты тіршілігін бұзып, жұмысын тоқтатқаны уақыт шындығы екендігі белгілі. Еңсесін тіктеген еліміздің алға ұмтылыстары бұл тығырықтан да оңтайлы алып шықты. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2012-2013 жылдарға арналған жоспары бекітілді. Әртүрлі жиындарда айтылып жүрген деректер бойынша, жазғы маусымда Ресейден ғана 150-200 мыңдай адам өз көліктерімен ресми және жабайы түрде демалысқа келеді екен. Биыл оның қатары біршама сиреген. Әңгімені жол қатынасына, яғни Бурабайға жету мәселесіне бұрсақ, Көкшетау әуежайының маңыздылығы арта түседі. Өйткені, Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасында бұл нысанға айрықша назар аударылған. Жоба жүзеге асырыла бастаған жылдардан бері оны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 8,3 миллиард теңге жұмсалды. Маңызды істің барысымен танысу мақсатында Республика Премьер-Министрі Серік Ахметов, салалық министрлік басшылары құрылыс алаңында бірнеше рет болды. Мемлекеттік комиссия 30 нысаннан тұратын қайта құру құрылыстарын жоғары талаптар тұрғысында қабылдап алды.
– Заманауи әуежайды арнайы техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету, ұшақтар мен қосалқы буындарға қызмет көрсету мәселесіне ғана 600 миллион теңге бөлініп, толық игерілді, – дейді Көкшетау әуежайының директоры Дастан Малиев. Мұндағы түбегейлі қайта құру жұмыстары мерзімінен бұрын әрі жоғары сапада аяқталды. Асфальтты-армобетондық жамылғылы ұшу-қону алаңы шетелдік құрылғыларды орнатумен қатар, 2850 метрге ұзартылды. Сағатына 200 жолаушыны қабылдай алатын аэровокзал екі телескопиялық трап, лифт және эскалаторлармен жабдықталды. Танымастай жаңғыртылған әуежайда жолаушыларға барлық қолайлы жағдайлар жасалумен бірге, тіркеу, шекаралық және кедендік ресімдеу орындары қарастырылған.
Әуекомпания «АИП» әлемдік жинағына әуежайдың ұшып-қону алаңы, апаттан құтқару шаралары, терминалдар, жолаушы және жүк тасымалдау жөніндегі анықтамаларын толық жариялайды. Ақпараттық блок іске қосуға дайын. Сондай-ақ, жылу қазандығы мен тарату жүйелерінің, зертхана ғимаратының, жанар-жағармай орталығы мен трансформатордың қосалқы стансасы сияқты нысандардың жұмыстары аяқталды. Компания күшімен мамандардың біліктілігі көтеріліп, қосымша даярланды. Былайша айтқанда, әуежай азаматтық авиацияның Халықаралық ұйымы (ИКАО) стандарттары талаптарының 1-санатына жауап бере алады. Яғни, ұшып-қону алаңы жалпы салмағы 171 тонналық лайнерлерді, тікұшақтардың барлық түрін қабылдай алады.
Республика Премьер-Министрі С.Ахметовтің облысқа жұмыс сапары барысында Қазақстанның батыс өңірлері мен Ресейге жаңа авиарейстер ашу жөнінде тиісті органдарға тапсырма берілген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар да табысты болды. Қазірдің өзінде ұшақтар «Алматы – Көкшетау – Алматы» бағытында аптасына 4 рет ұшса, «Көкшетау – Шымкент – Көкшетау» рейсі 5 тамыздан бастап жұмасына екі рет қатынауда. «Көкшетау – Өскемен» бағыты бойынша авиатасымалдау бұрыннан бар. Қыруар істің қайтарымынан бір мысал келтірсек, өткен жартыжылдықта «Алматы – Көкшетау – Алматы» бағытында ғана 72 рейс орындалып, 2500 жолаушыға қызмет көрсетілді. Билеттің құны 22 мың теңге. Мұның өзін мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру шараларымен байланыстыру керек.
«Көкшетау авиакомпаниясы» АҚ Көкшетау қаласының негізгі әуе операторы болып табылады. Сонымен қатар, қосымша құрылымдық жүйе де енгізіліп отыр. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «ҚТЖ Экспресс» акционерлік қоғамы мемлекеттік әуе компаниялардың басқарушысы міндетін атқарады. Осы орайда, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «ҚТЖ Экспресс» АҚ бас менеджері Галей Сыртлановты сөзге тартқан едік.
– Көкшетау әуежайы халықаралық мәртебе алды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдық мерекесі қарсаңында Мәскеуден алғашқы халықаралық рейсті күтіп отырмыз, – деді Галей Валеевич. Ендігі жерде Ақтау, Атырау, Ақтөбе бағытында дербес рейстер ашылатын болады. Жуырда ресейлік бірқатар әуекомпаниялардың, Омбы, Барнаул, Тюмень, Новосібір қаласының әуежайлары басшыларымен кездестік. Онда жаз айларында Ресей мен Қазақстан жағынан әуе қатынастарының ұйымдастырылуы жөнінде сөз қозғалды. Мәселен, әлемге танымал «Трансаэро» компаниясы «Мәскеу–Көкшетау» бағытымен аптасына екі рейс жасайтын болады. Сондай-ақ, Қазақстанның туристік фирмаларымен бірге Ресей, Германия және Беларусьтен чартерлік рейстер ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Алдағы кезде Германия, Түркия, Қытай бағытында әуе қатынастарын ашу ниетіндеміз. Бұл ұмтылыстарымыз Бурабайдың ғана емес, Зеренді, Сандықтау аудандарындағы туристік индустрияны дамытуға септік жасайтыны белгілі. Сондықтан, жаңа әуежайдың болашағы зор.
«Трансаэроның» Тәуелсіздік тойына тартуы
Әуежайға 14 желтоқсандағы таңғы бестен аса келген біз таблоға қараймыз. Мәскеуден UN 223/224 рейсін орындайтын күміс қанат «Boeing-тің» келіп қонуына әлі біршама уақыт бар. Дәл осы кезде мәскеулік компанияның Қазақстандағы бас өкілі Владимир Кушниренконың баспасөз мәслихатын өткізетіндігі хабарланып, қуана жүгірістік. Владимир Иванович әлемге әйгілі «Трансаэро» жайында кеңінен тарқатып әңгімеледі.
– Біздің ұжымымыз бауырлас Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдығы қарсаңында халықаралық маңыздағы ерекше миссияны орындағалы тұр. «Трансаэро» Көкшетауға бірінші болып сапар бастаған ресейлік әуе компаниясы. Көп кешікпей осынау көркем қалаға келіп қонатын ұшақ көпұлтты Ресей халқының құттықтауын да ала келмек, – деді ол. – Жаңа әуежай қазіргі заманғы барлық талаптарға сай келеді. Осының өзі Қазақстанның үдемелі даму кезеңінде екендігін көрсетумен қатар, сыртқы достық саясатының беріктігін дәлелдейді. Қазақстан және Ресей Президенттерінің келісімі бойынша біз 1995 жылы алғашқы «Мәскеу–Астана» (ол кезде Ақмола) рейсін орындағанымызды мақтан етеміз. Бұл Қазақстан астанасына жасалған тұңғыш халықаралық әуе байланысы болатын. Енді ынтымақ өрісі кеңейіп, соңғы 20 жылда Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Шымкент, міне, бүгін Көкшетау қалаларын Ресей астанасымен тікелей байланыстырып отырмыз.
Осы мерзім аралығында компания қызметін төрт миллионнан астам адам пайдаланды. Курортты Көкшетауға ерекше назар аударылып отырғанын айтқым келеді. Мұнда қатынайтын ұшақтарымыз «бизнес-класс» және «эконом-класс» жүйесін қамтамасыз етеді. Жолаушылар билеттерді кәдуілгі кассалармен қоса интернет желісі арқылы да сатып алады, 20 килограмдық қол жүктерін тегін алып жүреді. Сондай-ақ, Көкшетау жолаушыларына Внуково әуежайында транзиттік желілер бойынша қолайлы жағдайлар қарастырылған.
Бас өкіл сонымен бірге, «Трансаэро» компаниясы 2013 жылдың қорытындысымен «Қазақстандағы жыл таңдауы №1» байқауының жеңімпазы атанғанын ризалықпен атап өтті. Жалпы, компания әлемдік қауіпсіздік рейтінгі бойынша 16-шы, Еуропада 6-шы орынды иеленеді. Сондай-ақ, ұжым 2013 жылы Skytrax агенттігінің «Әлемнің прогресшіл әуе компаниясы» алтын жүлдесін, америкалық порталдың «Еуропа, Таяу Шығыс және Африкадағы үздік әуе компаниясы» жүлдесін жеңіп алған ресейлік тұңғыш әуе компаниясы атанып отыр. «Трансаэро» алыс магистральды, кең фюзеляжды, қуатты 102 ұшақтан тұратын әуе флотына ие бірден-бір компания. Ол қысы-жазы әлемнің төрт құбыласын түгел қамтитын 200 бағыт бойынша сенімді сапарларды жүзеге асырады.
Жолаушылардың жылы лебізі
Әуежайдың күту залындағы жиырмадан астам жолаушы мен қонақтарын күтушілердің көңіл күйі көтеріңкі. Ұшу құжаттары мен қол жүктерін тез арада ресімдеп үлгерген. Сәлемімізді жылы қабылдап, алғашқы сапар алдындағы пікірлерімен бөлісіп жатыр.
Еділ Алан – көршілес Петропавл қаласындағы ағылшын тіліне бағытталған классикалық мектеп гимназиясын биыл бітіріп, Торонто университетінің информатикалық технология факультетіне қабылданыпты. Ол елдегі тәртіп бойынша сабақ қыркүйек және қаңтар айларында басталады екен. Оны шығарып салуға әке-шешесі мен 6 жасар қарындасы Дария бірге келіпті. Ағылшын тілінде оқыған Еділ қазақшаға ағып тұр. Алғырлығы да сүйсінтеді. Торонтоға бірінші рет бара жатқанына қарамастан ол елдің таным-талғамдық ұстанымы, табиғаты, Қазақстанмен байланыстары туралы жетік білетіндігін аңғартты. Көкшетау әуежайының халықаралық мәртебе алғанына, Мәскеуге тура рейс ашылғанына қуанатынын айтады. Біз де талантты жасқа табыстар тіледік.
Валентина Лях – Көкшетау қаласының 73 жастағы тұрғыны. Бұл кісі Мәскеудегі госпитальда емделу үшін жолға шыққан екен. Көкшетау әуежайынан соңғы рет 23 жыл бұрын ұшыпты. Одан кейін денсаулығын түзеу, туысқандарын көру мақсатымен теміржол арқылы талай рет жүрген. Туған қаласы арқылы тура әуе жолы ашылып, шаршамай жетіп баратынына қуанышты.
Вера Харченко біздің отбасымыз осы рейстің ашылуын асыға күтті, дейді ардагер ұстаз. Тіпті, Көлік және коммуникация вице-министрі А.Бектұровтың қатысуымен өткізілген жаңа әуежайды ашу салтанатының ішінде болыпты. Мәскеуде екі баласы, апа-сіңлілері тұратын Вера Васильевна 4 жасар немересі Марк екеуі ұшаққа отырғанша асығулы. Әуежайда ыстық шай ұйымдастырылып, немерелеріне сыйлықтар үлестірілгеніне риза. Баршамызды еліміздің ең қымбат мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Міне, алып лайнер экипажының командирі Игорь Мантров басқарған ұшақ та келіп қонды. Жолаушыларды қазақ және орыс ұлттық киімдерін киген қыздар, ресми адамдар гүлшоқтарымен қарсы алды.
– Көкшетау – менің ата-бабаларымның қонысы, – деді жолаушылар атынан сөз алған Санкт-Петербург тұрғыны Наталья Нүркеева. – Қызым екеуміз туысқандарымызбен қауышу үшін, Жаңа жылды бірге қарсы алу үшін келіп тұрмыз. Қазақстанымыздың қарышты қадамдарына қуанамыз. Жолда небәрі 2 сағат қана болдық. Өте жайлы. Бұрын Омбы, Астана арқылы көп уақыт жоғалтатынбыз.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
КӨКШЕТАУ.