2020 жылы экологияға қатысты жаңалықтар аз болған жоқ. Айталық, «Көкжайлау» тау-шаңғы аймағындағы құрылыс жұмыстары қоғамда резонанс тудырып, Мемлекет басшысының пәрменімен ондағы жұмыстар тоқтатылды. Экология мәселесіне келгенде, Президенттің ұстанымы қоғам тарапынан қолдау тауып отырғаны белгілі.
Жылдың басында жаңа Экологиялық кодекске қол қойылды. Бұл құжаттың артықшылығы, онда Waste-to-energy технологиясын енгізу қарастырылған. Яғни қалдықты кәдеге жарату арқылы одан энергияны өндіру тетігі. Сонымен қоса бұрын қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындар айыппұл төлеп, құтылып кететін. Жаңа заңға сәйкес, «Ластаушы төлейді» қағидаты енгізіліп, экологияға нұқсан келтірген компаниялар айыппұл төлеумен бірге келтірген шығынды реттеуге тиіс. Бұл экологтер үшін жағымды жаңалық екені даусыз. Аталған реформаның мазмұны көңілден шығады. Енді оны іс жүзінде орындау – бөлек әңгіме. Кодекстегі нормалардың талапқа сай орындалуын қадағалау үшін Президенттің жіті назары қажет. Сондықтан Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше тоқталуы тегін емес деп ойлаймын. Мысалы, Ақтөбе өңіріндегі мұнай компанияларының қызметі жерасты сулары сапасының нашарлауына себеп болуда. Бұдан бөлек ірі тау-кен кәсіпорындары экологиялық жағдайдың ушығуына әкеліп соқтыруда. Ірі қалаларымызда автокөліктер мен жылу электр орталықтарының кесірінен ауа сапасы нашарлап, зиянды шығарындар көбейіп отыр. Осы мәселелерге үлкен мән берген Президент жауапты органдарға мұны реттеуге байланысты нақты тапсырма жүктеді. Әлбетте, экологиялық қоғамдық ұйым болғандықтан «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына қатысты бастамаларды біз қолдаймыз. Десе де осыған байланысты Мемлекет басшысының саясаткер ретінде қолдауы көрсетуі – құптарлық іс. Оны Қасым-Жомарт Тоқаев іс жүзінде көрсетіп отыр. Экологиядағы бес негізгі проблеманы тізбектесек, оның ішіндегі маңыздысы – тұрмыстық қалдық мәселесі. Тұрмыстық, өндірістік және медициналық қалдықтар табиғатымыздың экожүйесіне нұқсан келтіретіні даусыз. Қайта өңдеу жоғарыдағы қалдық түрлерін санаттарына қарай өңдеп, кейбірін екінші мәрте пайдалануға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған Waste-to-energy технологиясын сәтті енгізілсе, өңделген қалдықтардан энергия мен биогаз өндіруге жол ашылады.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы