Бүгінде қазақстандық және әлемдік теннис жұлдыздары Аустралияның ашық біріншілігіне қатысу үшін екі апталық міндетті карантинде жатқаны белгілі. Жылдың алғашқы ірі додасында бақ сынайтын теннисшілер үшін Аустралия билігі чемпионат алдындағы жаттығу іспетті арнайы Grampians Trophy турнирін өткізбек.
Қазақстан теннис федерациясы таратқан ақпарат бойынша бұл жарыста Мельбурнде карантинге байланысты толық оқшауланып, өз қонақүй бөлмелерінен шыға алмаған спортшылар бақ сынайды. Олардың арасында қазақстандықтардан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бар. 2 ақпанда басталатын аталған додаға сондай-ақ канадалық Бьянка Андрееску, швейцариялық Белинда Бенчич, Беларусь өкілі Виктория Азаренко, грекиялық Мария Саккари және тағы басқа танымал теннисшілер қатысады.
Айта кетейік, «Үлкен дулыға» санатына жататын төрт ірі жарыстың бірі – Аустралияның ашық біріншілігі 8-21 ақпан аралығында Мельбурнде өтеді. Айтулы жарыста Қазақстанның алты теннисшісі өнер көрсетеді. Олар – Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Диас, Ярослава Шведова, Александр Бублик және Михаил Кукушкин.